Рамазан – сауабы мол ай
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық «Иман-ғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров айлардың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол Рамазан айы туралы кеңінен айтып өтті.
Брифинг соңында бас имамнан оқырмандар тарапынан түсетін сұрақтарға жауап алдық.
– Қоғам арасында пітір садақаға қатысты түрлі пікір қалыптасуда. Одан түскен қаражат қалай және қайда жұмсалады?
– Биылғы пітір садақаның құны – 300 теңге. Халықтың көбі пітір садақаны мешітке алып келеді. Мешітке түскен садақаны жүйелейтін арнайы комиссия бар. Комиссия құрамына мешіт ақсақалдары мен қызметкерлері кіреді. Жинақталған қаражат мұқтаж жандардың өтініші негізінде жетім-жесірлерге, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға үлестіріліп беріледі.
Пітір садақа берудің тағы бір жолы бар. Ол – мұқтаж отбасыға өз қолымен апарып беру. Бұл да қабыл болады.
– Рамазан айында мешітте киіз үй құрылып, ауызашар дастарханы жайылады. Бұл сауапты іс кәсіпкерлердің көмегімен жасалып жүр ме?
– Тек кәсіпкерлер ғана емес, шамасы келген әр адам ораза ұстаған халыққа ауызашар дастарханын жаяды. Үш-төрт адам бірігіп те ұйымдастырады. Кейде мешітке келетін жамағат өз араларынан қаражат жинап, бұл жұмысты атқарып жатады. Бұл – әр адамның өз еркі. Ең бастысы, сауабы мол іс.
– Шариғат бойынша ораза ұстаудан кімдер босатылады?
– Егер адам іссапарда болса, бұл күндерінде ораза ұстамай, ауызды ашуға рұқсат етіледі. Бірақ, кейін сол қарызын өтеуі тиіс. Денсаулығы жарамайтын қарт, науқас адамдар, күні жақындаған жүкті әйелдер, жаңа босанған аналар ораза ұстаудан босатылады. Ал, мүлде ораза ұстамайтын адамдар «пидия» (60 адамды тамақтандыру) төлеуі шарт.
– Ал, ораза тұтқан адам жолға шықса, қанша шақырымнан бастап «сапар» болып есептеледі?
– Негізінен, 93 шақырымнан асуы керек. Бірақ, Рамазанның «сапары» сәл ерекшелеу. Мысалы, ауыз бекіткен адам Атыраудан Құлсарыға жолға шықты делік. Екі қаланың арақашықтығы 200 шақырым болса да, бір аймаққа жатады. Таңертең кетіп, кешке келетіндіктен, ауыз ашпайды. Ал, егер барған жақтағы жұмысы ауыр болып, қинап жіберсе, ауыз ашуына болады.
– «Таңда сәресін ішуге тұрмаған адамның оразасы қабыл болмайды» деген пікір жаңсақ па?
– Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде Рамазан айында сәресіге тұрып, тамақ жеу керектігін айтады. Біріншіден, бұл жерде береке болады. Екіншіден, таңда тұрып, ауыз бекіткен адамға Алланың мейірімі төгіліп, пе-ріштелер ол адамға дұға жасайды екен. Сондықтан, таңда тұрып, су ішіп немесе нан болса да жеу керек.
Мәселен, кей адамдар түнгі сағат 00.00-ге дейін ауыз ашып, ұйықтап, сөйтіп, келесі күні оразасын жалғастыра береді. Шариғат бойынша, ораза бұ-зылған жоқ. Бірақ, ол адам берекеден құр қалады. Ораза осынысымен де ерекше.
– Рамазан айында жасалатын құлшылықтың бірі – тарауих намазы. Бұл бес уақыт намазын оқитын барша мұсылманға міндеттеле ме?
– «Тарауих» деген сөздің мағынасы рахаттану дегенді білдіреді. Мәселен, сағат 21:18-де тамаққа тойып алған адам бір-екі сағаттан соң ұйықтайды. Ал, асқазанға түскен ас қорытылмайды. Сондықтан, тарауих намазында адам 20 рәкәғат оқып, қимылдап, ішкен асын қорытады.
Тарауих намазын оқу – сүннет. Бұл намаз басқа айларда оқылмайды. Адам шаршап, 20 рәкәт оқымаса да, үйде сегіз немесе он рәкәғат оқуы керек. Ал, жамағатпен бірге оқу – бұл еселенген сауап. Рамазан айында біз сауапқа асығуымыз керек.
Айгүл ЕРТІЛЕУ
Суретті түсірген: Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.