Жарнама
Жаңалықтар

Рамазан – рухани кемелдену айы

Биыл қасиетті Рамазан айы 11 наурызда басталады. Ал сәуір айының 5-інен 6-сына қараған түн – қасиетті Қадір түні. 10 сәуір – Ораза айт мерекесі. Барша мұсылман қауымы асыға күтетін Рамазан айының ерекшелігі неде? Ораза ұстаудың қандай қасиеті бар, мән-маңызы қандай? Бұл жөнінде бұрын да айтылып келе жатыр. Бірақ оны исі мұсылманның қаперіне салып отырғанның артығы болмас.

Жалпы мұсылман үмбеті өмір салтында қасиетті Құран мен сүннетті басшылыққа алады. Құранда ораза бұрынғы көне қауымдар үшін де міндеттелгені және ондағы мақсат тақуалық, яғни Жаратқанға бір табан жақындай түсу екені аталады. Құран Кәрімде («Бақара» сүресінің 183-аяты): «Ей, иман келтіргендер! Тақуалықтан үміттерің болса, өздеріңнен бұрынғыларға ораза ұстау парыз етілгені сияқты, сендерге де ораза ұстау парыз етілді» деген. Ойшылдар адам өмірге келгенде «Кіммін, не үшін келдім, қайда барамын?» дегендей, сұрақтарға жауап іздеу керектігін айтады. Мұсылман адам үшін өмірге келгеннен кейін Жаратушыны тану, ғаламды, тіршілікті жаратуындағы құдіретін ұғыну, соған тамсана отырып, құлшылығын орындау аса маңызды. Ендеше, саналы мұсылман Абайша айтқанда «Әуелден көптің қамын Тәңірі ойлаған», осы өмірге келмей тұрып тіршілік етуге барлық жағдайды жасап қойған Раббысын тануы тиіс. Мына ғаламды, ондағы құбылыстарды жаратуындағы құдіретін ғылымның әр саласымен зерттеп, зерделеп, соған тәнті болуы тиіс. Міне, осындай таным биігіне жетіп, Жаратушы таныған, пайғамбарына мойынсұнған жан ислам талаптарына бейжай қарамайды. Мұсылман баласы күнделікті бес уақыт намазын қаза етпей, жылына бір келетін Рамазан айында ауыз бекітеді. Бұл ай күнә, қате, кемшіліктерден тазару, руханиятқа көңіл бөліп, жаныңды нұрландыру тұрғысынан аса елеулі мүмкіндік береді.

Қалың бұқара арасында «Оразаны кімдер ұстай алады, кімдер ұстай алмайды?» деген сауал көп қойылады. Ол заңды сұрақ, өйткені кез-келген жанның оған терең бойлай бермейтіні аян. Ораза балиғат жасына толған, сенімі мұсылман, ақыл-есі бүтін баршаға міндетті. Дегенмен, әлеуметтік топтың арасында әртүрлі жағдайдағы адамдар да кездесетіні белгілі. Құран Кәрімде: «Алла сендерге (әр нәрсенің) жеңілдігін қалайды, қиындықпен қинамайды» — делінген («Бақара» сүресі, 185-аят). Осы себепті дінімізде үзір жағдайларда қарастырылатын жеңілдіктер де жоқ емес. Демек белгілі бір себептермен ораза ұстай алмайтындар ол міндеттен босатылады. «Егер сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде төлер. Және сондай ораза күш келетіндер (кәрі не аурулар) бір міскіннің тамағын төлесін. Сонда кім ынтығып артық хайыр қылса, ол өзіне жақсы. Біле-білгенге соның бәрінен ораза ұстаған артық» («Бақара», 184-аят) деген аяттарда ораза ұстай алмайтындардың жағдайлары айтылған. Нақтырақ айтсақ, мына кісілердің ораза ұстамауына рұқсат етіледі:

– білікті мұсылман дәрігердің кеңесімен ауруы асқынуы мүмкін науқасқа (мұндай кісілер мен сапарға шыққан жолаушылар кейіннен жағдай дұрысталған соң ораза ұстайды);

– ағзасын жарақаттау, қатты ұру секілді қысымға тап болғандарға;

– жүкті не бала емізетін әйелдерге;

– өлімге не қатты ауруға себеп болатын қатты шөл, аштыққа тап болғандарға;

– ораза ұстауға дәрмені жетпейтін кәрі кісілерге;

– хайыз және нифас күйіндегі әйел кісілерге (ол кісілер кейіннен қазасын өтейді);

– ауыр жұмыстағыларға;

– басқаның өміріне жауапты әрі зәру қызметтегілер (ұшқыш, дәрігер т.б.) немесе ауыр жұмыстағылар (кенші, металлург, қауіпті ғимаратта істейтін құрылысшы, т.б.) мүмкіндік таппаса, оразасын кейінге қалдыра алады.

img 0195 scaled 1

Жалпы алғанда оразаны бұзатын, бұзбайтын жағдайлар ғылымхал кітаптарында осыған дейін де кеңінен түсіндіріліп келді. Вакцинацияға байланысты Мүфтият арнайы мәлімдеме таратқан болатын, онда сөздің түйіні ретінде былай делінді: «Екпе (вакцина) – бактерия, вирус секілді микроорганизмдерден алынып, адам организміне жұқпалы аурулардан алдын-ала сақтану және олардың иммундық қасиетін арттыру үшін егілетін препарат. Ол қажетті азық немесе организмге қуат беретін дәрумен емес. Сондықтан адам денесіне (тері астына, бұлшық етке, жамбасқа, көк тамырға) инемен екпе егу оразаны бұзбайды». Демек ораза кезінде вакцинация қабылдау керек болған азаматтарға вакцинацияның оразаны бұзбайтынын, оған бола алаңдамау керектігін тағы да ескертеміз. Рас, жыл сайын дәстүрлі дінімізге деген бетбұрыс күшейіп келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. «Ақиқатты ақиқат ретінде қабылдап, сонымен жүруді нәсіп ете гөр» дегенді дұғаларымызда да айтамыз. Әрине, балиғат жасына толғаннан бастап міндеттелетін дін талабын кейіннен түсініп келіп жатқан кісілерге ниет қабыл болсын дейміз. Бұл тұрғыда алғаш ораза ұстаушыларға берер кеңесім – «Пендеге иман өзі ашады жол» деп Абай атамыз айтпақшы, дінді ұстану үшін сабырмен қатар, білім де керек. Ол үшін осы бағыттағы арнаулы діни әдебиеттерді үнемі қарап, өзіне керекті мәліметтерді оқып, көңілге тоқи жүруі керек. Ал діни сауаты жоқ тым жас балалардың ораза ұстаймын деп еліктеушілікке салынбағаны жөн. Оразаның сауабына келсек, бұл – әрине өз алдына бөлек тақырып. Бір хадисте Алла Тағала: «Ораза мен үшін ұсталады, оның сауабын да өзім беремін» деген. Жомарттығы шексіз Алла Тағала, әрине, ораза ұстаған құлдарын жақсы көретіні әрі оған сауапты да молынан берері еш күмәнсіз. Ақыретте де жұмақтың Райян қақпасынан тек ораза ұстағандар шақырылатыны да тегін емес.

Ғалымдар оразаның адамның денсаулығына пайдасын да өз алдына зерттеп, түсіндіріп келеді. Бірақ ең бастысы ораза ұстау Жаратушының бұйрығы болғандығын түсіну бірінші кезекте тұруы тиіс.

Оразаларыңыз қабыл болсын!

Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ,

Атырау облысының Бас имамы, исламтану магистрі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button