Рәмізге құрмет – қастерлі міндет
Әрине, мемлекеттік рәмізде-рімізді қастерлеп, қасиеттеу үшін, алдымен мемлекеттік рәміздер туралы терең түсінік болуға тиісті. Ол – белгілі бір елдің өзіндік өмір салтын, бүкіл болмыс ерекшелігін, айрықша арман-аңсарын, басқалармен байланыс мұратын білдіретін белгі.
«Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті рәміздерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы», – деген Елбасымыздың сөзін Қазақ елінде тұратын және оны өз Отаным деп білетін әрбір азамат жүрегінің терең түкпірінде сақтап, қашан да жадында ұстауы керек.
Мемлекеттік ту – елдің Тәуелсіздігін білдіретін ресми нышан. Мемлекеттік тудың негізгі сипаттамасы Конституция бойынша бекітіліп, тіркеледі. Мемлекеттік тудың негізгі элементі оның түсі екендігі де дау тудырмаса керек. Әр халықтың, әр ұлттың жанына жақын, айрықша қастерлейтін өз бояуы, өз түсі болады. Осыған орай «ұлттық бояу» деген ұғым кең тараған. Оның терең танымдық мәні, қолдану үрдісі және әріден бастау алатын төл тарихы болады. Әдетте, ұлттық бояу ұлттық өнер туындыларында, ою-өрнектерде, киім-кешектерде, тұрмыстық заттарда жиі қолданылады. Ол сол себепті халықтың табиғи болмыс-бітімі мен мінез-құлқынан да хабар беріп тұрады деп есептеледі.
Мысалы, Испания туларындағы өрекпіген қызыл-сары бояулар испан халқының қызуқанды мінезіне үйлесер болса, Финляндия туларындағы ақшыл, көгілдір түс фин халқының бойындағы салқынқандылық пен сабырлылықты сездіретін көрінеді.
Қазақстан туының көк түске боялу себебі неде? Танымдық тұрғыдан алғанда, қызыл-оттың, жылу мен қанның, жасыл-шөптің, өсімдіктің, қара- жердің, суықтың, қараңғылықтың, ақ-судың белгісі болып саналса, көк-зеңгір аспанның, ауа мен құрлықтың белгісіне баланады. Ол – адалдықтың, кіршіксіз тазалық пен бейкүнә пәктіктің нышаны, әрі осы реңдес ту көтерген елдің саясатына ерекше сенім көрсетуге болады деген ойға жетелейді.
Ту көтерген батыр бабалар бейнесі сонау ерте замандарда жартаста сызылған суреттерде айқын бейнеленген. Байрақтың түсіне келер болсақ, «Көк асаба» аталған көне байрақ түсі түркі халықтарының түп атасы кие тұтқан көк аспан әміршісінің белгісіне баланса, түркілердің тағы бір табынары – көк бөрі бейнесі де тудағы таңбаға айналған. Қазақ даласында көтерілген байрақ, тулар да бір тектес болмаған, әрине. Ұзақ уақыт бойы арнайы сөз етіліп, қасиетті жәдігер ретінде құнтталмағандықтан, ел ішінде көбіне Абылайдың ақ туы ғана ауызға алынады.
Туымыздағы нұр шұғылалы алтын күн бейнесі, халқымыздың асыл арманын арқалаған дала қыраны мен рухани болмысымыздың жарқын бір көрінісі болып табылатын ұлттық өрнек – айтары мол астарлы айшықтар. Ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген Туды ұлттық өрнек нақышталған тік жолақ көктеп өтеді.
Өз тіліміздегі «таңба» сөзі Түркі қағанатында дүниеге келген. Білімпаз Махмұд Қашқари өзінің әлемге әйгілі сөздігінде «Таңба – ел билеушілердің ерекше белгілері» деген мағына береді. Бұл сөзді он жетінші ғасырға дейін орыс князьдары да пайдаланған. Түркі халықтарының таңбалары туралы деректер V ғасырдан белгілі екендігі көрсетілген. Қазақ руларының таңбалары осы күнге дейін сақталған.
Қазақстан Елтаңбасындағы шаңырақ бұрын-соңды әлемдік геральдика тарихында болмаған. Қазақтың қасиетті қара шаңырағының бейнесі бүтін Қазақ елінің символы іспеттес. Қара шаңырақ – біздің ұлттың алтын бесігі. Асыл діңгек аман болса, алтын бесік мәңгілік өмір жырымен тербеле береді» деген ұғым бар. Тәуелсіз мемлекетіміздің құшағы бес құрлыққа бірдей ашық, әлемдік өркениет көшіне өз болмыс-бітімімізді сақтай отырып ілеспек ниетіміз бар дегенге меңзейтін бесбұрышты жұлдыз бар.
Ал, бүгінгі Әнұранымыз – композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні. Оның сөзін жазған ақын жерлесіміз Жұмекен Нәжімеденов және Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев болды.
Елімізді, жерімізді, рәміз-дерімізді, Отанымызды құрметтеу және патриоттық сезімімізді нығайта түсу – әрбір азаматтың парызы! «Туған жер» деген киелі ұғымды әрбір қазақстандық бойына дарытып, ұлттық тарихымызды ұмытпауға, мемлекетіміздің рәміздерін құрмет тұтуға, қастерлеуге міндетті екенін естен шығармауы тиіс.
Руслан ХАМЗА,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Атырау қаласы.