
Қызылқоғада тасқынға қарсы техникалар жеткізілді
Қызылқоға ауданы аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстар қолға алынды. Бүгін мұнай барлау жұмыстарын жүргізіп жатқан «ЕмбіМұнайГаз» АҚ компаниясынан арнайы көмек ретінде 1 гидромек, өздігінен аударатын 1 КамАЗ жүк көлігі және адамдарды тасымалдауға арналған 1 «Урал» техникалары жеткізілді.

Аудан әкімдігінің баспасөз хатшысы Жанас Қожырбаевтың айтуынша, аталған техникалардың ішінен 1 гидромек пен 1 КамАЗ ауданға қарасты Көздіғара ауылдық округіне жөнелтiліп, онда бөгеттердің осал тұстарын бекіту жұмыстары жүргізілуде.
– Бұл шаралар су тасқыны қаупін азайтуға және ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар өңірге қарасты Ойыл ауылдық округінің Аққора елдімекеніне аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автокөлік жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің 1 жүк тиегіш техникасы жіберіліп, тасқынның алдын алу жұмыстарын атқаруға жұмылдырылды, – дейді Ж.Қожырбаев.
Айта кету керек, аудан аумағында табиғи апаттардың алдын алу шаралары бірінші кезекте күн тәртібіне қойылды. Төтенше жағдайдың алдын алу шаралары әрі қарай жалғасады.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА