Қызылқоғада қайық тасымалы қолға алынды
Қызылқоға ауданында Ойыл бойында орналасқан округ тұрғындары үшін қайықпен тасымал ұйымдастырылды. Бұл туралы аудан әкімдігі хабарлады.
Тасқын судың келуінен Миялы-Қарабау-Индер облыстық маңызы бар тас жолының Миялы ауылынан 500 метр жердегі бұзылған жердің айналма жолы жырылып, автокөлік қатынасы толықтай тоқтады.
Ойыл бойында орналасқан округ тұрғындары үшін 2 қайықпен тасымал жүруде.
Ойыл өзені өз арнасынан асып ағуда. Судың қазіргі деңгейі — 3,2 метр. Тасқын су Миялы ауылының жырылған жеріне келіп құюда. Ойыл бойымен аққан су «Ералы» су торабы арқылы кетуде. «Ералы» су торабы су өткізу межесі — 2,5 метр. Аққан судың деңгейі — 1,80 м. Қазір Миялы ауылына қауіп жоқ. Жырылған жердегі жиналған су Жарыпшыққан өзені арқылы кетуде. Сонымен қатар қауіп төндірген Сағыз өзені өз арнасымен ағып, су деңгейі түсіп, қауіп сейілді.
Негізгі тасқын су түнделетіп келеді деген болжам бар.
Қызылқоға ауданында жедел желі іске қосылды. Тұрғындарға 2-11-99 телефон нөмірі, +7775 487-30-11 Whatsap әлеуметтік желісі арқылы нақты ақпарат таратылып, көмек көрсетіледі.
Кеше облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 4 судан құтқару жасағы, 25 құтқарушы ауданға көмекке келді. Сонымен қатар, 1 трэкол, 1 вахтовка, 1 уаз техникалары мен 3 маторлы қайық жеткізілді.
Аудан бойынша 35 мың қапшық алынып, қазір 31 мың қапшық барлық ауылдық округке таратылып беріліп, 26 мың қапшық қапталды.
Аудан бойынша жалпы ұзындығы 45,7 шақырым бөгет бар (10 су тасқынынан қорғау — 32 шақырым, 11 лимандық — 13,7 шақырым).
Оның ішінде 2023 жылы көктемгі су тасқыны кезінде жаңадан 16 шақырым бөгет соғылды (Қарабау 6 км Тайсойған 3 км, Ойыл 2,5 км, Көздіғара, 1,5 км, Сағыз 3 км).
6,5 шақырым бөгетке қосымша биіктету жұмыстары жүргізілді (Жангелдин 2 км, Аққора 1 км, Тайсойған 3,5 км).
Былтыр тасқын су салдарынан бүлініп, қайтадан 3 бөгет, 1 өткел қалпына келтірілді. Сағыз ауылдық округінен 3 км бөгет соғылды.
Биыл Миялы ауылының 2,7 шақырым бөгеттері қосымша көтерілді.
Одан бөлек тасқын судың қауіптілігіне байланысты аудан бойынша 26 шақырым 350 метр бөгеттерді көтеру жұмыстары жүргізілді.
Жалпы аудан бойынша 61 арнайы техника жұмыс атқаруда.