Қызылқоға ауданында 25 орындық жаңа медпункт ашылды
Жамбыл ауылдық округіне қарасты Айдын елді мекенінде медициналық пункт ашылды, деп хабарлайды Қызылқоға ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Салтанатты шараға аудан әкімі Қанат Әзмұханов, ауыл тұрғындары, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері қатысып, жаңа медициналық нысанның ашылуымен құттықтады.
-Бүгін ауылымызда көптен күткен медициналық пункт ашылып, қуанып жатырмыз. Мен осы ауылда туып өстім. Қазір жасым 60-тан асты. Қаракөл ауылымен қатынастың шалғайлығынан бізге ем-дом қабылдау қиындық тудыратын еді. Енді міне ауылымызда медициналық пункт салынып, алысқа бармайтын болдық,- деді елді мекен тұрғыны Айбаршын Көлбаева.
Жаңадан ашылған медициналық пунктте тіркеу, егу, ем қабылдау, дәрі-дәрмекті сақтау, әйелдерді қабылдау кабинеттері бар. Мұнда алдын-ала екпе жүргізу, алғашқы медициналық көмек түрлері жүргізіледі.
Жалпы Қызылқоға ауданының денсаулық сақтау саласында 1 аурухана, 8 дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшерлік-акушерлік және 6 медициналық пунк бар. Ауданның денсаулық сақтау саласында қазіргі уақытта 482 маман, оның ішінде 46 дәрігер мен 302 орта буын қызметкері еңбек етеді.