
Қытаймен әріптестік жаңа деңгейде
Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастың дамуы — бұл кездейсоқ үрдіс емес, ұзақмерзімді стратегиялық әріптестіктің жемісі. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымының 30 млрд. долларға жетуі — өзара сенім мен тиімді сауда механизмдерінің нәтижесі. Бұл жерде Қазақстанның Қытай нарығына 15,8 млрд. доллар көлемінде экспорт жасауы, әсіресе агроөнеркәсіптік кешеннің үлесі ерекше.
Бүгінде Қытай әлемдегі ең ірі тұтынушы нарықтардың бірі, ал Қазақстан — табиғи ресурстар мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің сенімді жеткізушісі. Қос тарап та бұл мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалануға ұмтылып отыр.
Мәселен, бидай өңдеуге арналған 650 млн. долларлық инвестжоба — өндірісті терең қайта өңдеу арқылы жаңа экономикалық белестерге шығудың айқын дәлелі. Бұл тек шикізатты экспорттаумен шектелмей, қосылған құны жоғары өнімдер шығару саясатына сәйкес келеді.
Сонымен қатар осындай жобалар Қазақстандағы өндірістік инфрақұрылымды дамытуға, жұмыс орындарын ашуға және ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға серпін береді. Сауда-экономикалық ынтымақтастық тек тауар айналымымен ғана шектелмей, технологиялық трансферт, логистика, инвестиция және еңбек нарығы салаларын да қамтитын жан-жақты өзара іс-қимылға айналып келеді.
Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық өзара байланыстар — аймақтық тұрақтылықтың, сенімді әріптестіктің және жаһандық экономикалық ықпалдастықтың үлгісі десек, артық айтқандық емес.
Ақмарал ЖАЛҒАСБАЕВА,
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің профессоры, Біліктілікті арттыру мен қосымша білім беру институтының директоры, экономика ғылымдарының кандидаты
Сурет: egemen.kz