Қытайда өткен қысқы спартакиадада қазақ қызы чемпион атанды
ҚХР Ішкі Моңғол автономиялық өлкесі Ұланчаб қаласында өтіп жатқан XIV кезекті Ұлттық қысқы ойындарында қандасымыз жеңіс тұғырынан көрінді.
«Жэньминь уаң» (people.cn) сайтының хабарлауынша, қандасымыз Баян Жалынқызы шаңғы жарысында бір алтын бір қола медаль жеңіп алды.
Нақтырақ айтсақ, Баян әйелдер арасында Қысқа қашықтықтағы командалық спринт бағдарламасында чемпион атанды. Бұл Шыңжаң командасының 2017 жылдан бері шаңғы спортынан алған алғашқы алтын медалі.
Сондай-ақ, ол осыған дейін 10 км еркін сырғанау бағдарламасында қола жүлде еншілеген еді.
Айта кетерлігі, тағы бір қандасымыз Жәйнат әйелдер арасында сноубордтан кедергілерді қуу бағдарламасында қола медаль жеңіп алды.
Баян Жалынқызы ҚХР Алтай аймағы, Жеменей ауданында дүниеге келген. Ол Шаңғы спорты түрлері бойынша Қытай ұлттық құрамасына қабылданып, Бейжің қысқы Олимпиадасында өнер көрсетті.
Фото: altxw.com
Қазақпарат