Жарнама
Жаңалықтар

Қысқа дайындық қамында

Аймақтың қысқа дайындығы қандай? Көп қабатты үйлердегі жеделсаты, жол жөндеуге қатысты мәселелер қашан шешімін табады? Бұл сауалдар облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиевтің төрағалығымен өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысында баяндалды.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиевтің айтуынша, аймақтағы жалпы пайдаланымдағы жолдардың ұзындығы 3047 шақырымды құрайды. Олардың 1120 шақырымы республикалық маңыздағы болса, 838-і – облыстық, 1089-ы – аудандық дәрежеде. Облыс жолдарын күтіп-ұстау мақсатында 2020-2022 жылдарға арналған конкурстық рәсімдер өткізіліп, бұл жұмыстарды атқаратын мердігер мекемелер анықталды. Осыған сәйкес, ұзындығы 330 шақырымды құрайтын Құрманғазы ауданындағы жол аумағына «Құрманғазы жолдары» ЖШС қызмет көрсететін болады. Екі жақты келісім-шарт жасалып, аталған мекеме ауа райының қалыптасқан жағдайларына байланысты жолдарды қардан тазалау жұмыстарын атқармақ. Бұл мақсатта олар автогрейдерлер, тиегіш машина, өзге де техникаларды және 50 тонна жанаржағармай қорын дайындап қойған. Осындай дайындық шаралары аумағынан ұзындығы 244 шақырым жол өтетін Қызылқоға ауданында да жүргізілген. Мұнда тиісті жұмыстармен шұғылданатын «Жаңа арна» ЖШС табиғаттың тосын мінезімен күресетін қажетті техникалармен толық жарақтанған. Ал, Индер, Махамбет, Исатай, Жылыой, Мақат аудандарында облыстық маңызды жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарын «QENES ENGINEERING» ЖШС атқарады. Бұл мекеме де тиісті техникалармен қатар, жолға себетін 500 келі тұз, 40 тонна құм, 35 тонна қиыршықмалтатас әзірлеп қойыпты.

Күре жолдың бойында жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстары туралы мәліметті «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Жаңабай Башаров толықтырды. Жол маманының пікірінше, қазір облыста республикалық маңызы бар Ақтөбе – Атырау – Ресей (Астрахан бағыты) жолының 424 шақырымына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. «КазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалы осы жолдың 699 шақырымын қадағалайды. Көліктердің үздіксіз және қауіпсіз қозғалуы мақсатында мекеме биыл 456 шақырым аумақта жолдың жиегіндегі шөптерді шауып, 21 123 шаршы метрді құраған жол шұңқырларын бітеген. 20-30 шақырым сайын ескертпе белгілер орнатқан, олардың жалпы саны 104 дана. Қала аумағындағы көп қабатты тұрғын үйлердегі жеделсаты (лифт) шаруашылығының жай-күйін тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Жасұлан Мұқашев баяндады. Облыс орталығында қазір 145 тұрғын үйде орналасқан 375 жеделсаты бар.

Оның 340 данасы жолаушы, 35-і жүк тасуға арналған. Осы құрылғылардың үздіксіз жүруіне «Каспий Лифт», «Жайық Лифт», «Атырау Лифт», «Кар Электропром Лифт», «Батыс Лифт», «АГ МЕЛКО Элеватор Казахстан компани» ЖШС-тері, «Лифт-Сервис» ЖК жауапты. Қазір тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында қала ішіндегі 22 тұрғын үйдің мүлдем жұмыс істемейтін 46 жеделсатысының есіктері бітеліп, шахталары темір тор, қаңылтырмен бекітілген. Биыл 14 көп қабатты тұрғын үйдегі 33 жеделсаты жаңадан ауыстырылып, алдағы уақытта «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың 2020- 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында тағы 6 көп қабатты тұрғын үйдің 16 жеделсатысын жаңғырту жоспарлануда. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін құны 188 млн. теңге болатын жобалық-сметалық құжаттама жасақталып отыр. Комиссияда биылғы суға шомылу маусымы кезеңіндегі орын алған жағдайлар сараланды. Облыстық  т ө т е н ш е  ж а ғ д а й д е п а р т а м е н т і өкілдерінің айтуынша, биыл су айдындарында 25 қайғылы оқиға тіркеліп, 28 адам суға кеткен. Қайғылы жағдайдың 18-і шомылу маусымында орын алған.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button