Құтқарылған шабақтар өзенге жіберілді
Атырау қаласы Алмалы ауылының аумағындағы Сарыөзек каналынан балық шабақтарын құтқару жұмыстарына Жайық-Каспий бассейндік облысаралық су шаруашылығы инспекциясынан, әскери қызметшілерден, табиғат пайдаланушы шаруашылық субъектілерінен, еріктілерден және өзге де қоғам белсенділерінен 100-ге тарта адам 10-нан астам техника жұмылдырылды.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін осы жайдан хабардар еткен Атырау қалалық балық инспекциясы бөлімінің басшысы Асылбек Нұрмұхановтың айтуынша, 24 желтоқсан күні кешкі сағат 22.00 шамасында Сарыөзек каналының Алмалы тұсында шабақтардың үлкен көлемде шоғырлануы байқалған. Ауа температурасының күрт төмендеп, айдын бетіне мұз қатуы себепті оттегінің жетіспеуінен шабақтар бір жерге шектен тыс мөлшерде жинақталып, қырылу қаупі туындаған. Алайда, жедел әрекет етудің арқасында төтенше жағдайдың беті тойтарылған.
– Бекітілген алгоритмге сәйкес, облыстық деңгейде шұғыл әрекет ету штабы құрылды. Оның құрамына жергілікті атқарушы билік органдарынан, Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясынан, «Қазсушар» РМК өңірлік филиалынан, әскери бөлімшелерден, еріктілер мен қоғам белсенділері қатарынан жауапты адамдар кірді. Айта кету керек, тек осы жолы ғана емес, бөлінген су қоймаларынан «су маржандары» шабақтарын құтқару шаралары бұған дейін де жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осылайша, көктемгі су тасқынынан бергі кезеңде облыс бойынша барлығы 90-100 млн. шабақ құтқарылып, табиғи өсу ортасына жіберілген. Мұның өзі балықтардың табиғи жолмен көбейіп, қорының молаюына септігін тигізді, — деді ол.
Әріптесінің әңгімесін жалғастырған аталған мекеменің ихтиолог маманы Райхан Құмарова өз кезегінде құтқарылған шабақтардың саны қалай шығарылатынына тоқталды. Оның түсіндіруінше, әрбір өскіннің салмағы 2-5 грамм шамасын құрайды екен. Ау құралымен сүзілген шабақ шелекке салынып, қанша тартатыны өлшенеді. Құтқарылған шабақтың есебі шығарылып, шелектің санына көбейтіледі. Содан арнайы ыдыстарға салынып, көлікпен өзенге тасымалданады. Қорытындысында, шабақтардың жалпы саны анықталады. Ірілерінің саны 15 граммға жетеді екен. Жалпы алғанда, шабақтарды құтқару жұмыстары белгілі бір науқанмен шектелмейді, жыл бойына жалғасады.
Дәулетқали АРУЕВ,
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ