Жарнама
Жаңалықтар

Құрметті колхозшыға лайықты құрмет көрсетілді

Атырау қаласы маңындағы Қызылбалық ауылында өскелең ұрпақ үшін өнегесі мол, тәрбиелік тағылымы зор шара өтті. Саналы ғұмырын өлкенің балық шаруашылығын өркендетіп, экономикасын дамытуға арнаған еңбек ардагері, Құрметті колхозшы, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Тағай Жұмашұлына көше атауының беріліп, ескерткіш тақта орнатылды.

Тағай Жұмашұлы 1911 жылы бұрынғы Гурьев облысы Новобогат ауданы Манаш ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Жұмаш балықшы болды. Өмірден ерте өткесін соңынан ерген қос бауырының (Қадим мен Ығаш) тәрбиесі мен тұрмыс тауқыметі анасы Жәмила мен өзінің мойнына түседі. Осылайша бұғанасы бекіместен еңбекке араласып, ерте есейген Тағай 14 жасында ағайындармен бірге теңізден балық аулауға шығады. Айдын төсінде шынығып, шыңдалады. Жиырмаға жетпей «Қызыл балық» колхозына мүшелікке қабылданады. Кейіннен балықшылар звеносына жетекшік етеді. 1956 жылы теңіз өресіндегі балықшы колхоздары жаппай Жайық бойына көшірілгенде бұлар да елмен бірге осы жаққа келіп қоныстанады. Олардың қатарында «Қызыл балық» колхозы да бар-ды. Тағай балықшылықты кәсіп қылумен бірге жастайынан ағаштан түйін түйген шебер еді. Соның арқасында өзіне баспана сайлап, өзгелерге де керемет етіп үй салып берді. Қандай шаруаны да үйлестіріп, ұршықша иіруге дағдыланған азаматтың еліне еткен еңбегі елеусіз қалмады. Жүктелген өндірістік міндеттемелерін абыроймен, бекітілген балық аулау жоспарын артығымен орындаудың арқасында үздік звено жетекшісі танылған Тағай Жұмашұлы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының «Құрмет Грамотасымен» наградталып, ұжымда алғашқылардың қатарында жоғары мемлекеттік марапат — «Еңбек Қызыл Ту» орденін кеудесіне тақты. Ол 1975 жылы алпысты орталаған шағында дүниеден озды.

«Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, бүгінде Тағай атадан тараған ұрпақтар әр салада еселі еңбектеніп, үлкендер салған соқпақ пен олардың сара жолдарын лайықты жалғастыруда. «Ер есімі — ел есінде» деген қағиданы берік ұстанған Қызыл балық ауылының тұрғындары Тағай Жұмашұлы сынды жақсылығымен жұртының жадында сақталған азаматтың есінде қалдыру мақсатында осындай ұлағатты іске ұйытқы болды. Ел ағалары мұны құптап, қолдау көрсетті.

Дәулетқали АРУЕВ

Суреттер автордікі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button