Құрбандардың толық тізімі жасақталуы тиіс
Қазақстандағы 1930-50 жылдардағы жүргізілген қуғын-сүргін кезеңінің жарасы әлі де жазылған жоқ.
Осыған дейінгі бекітілген мемлекеттік тапсырмалар негізінде көп іс-шаралар жүргізілді. Ал, бүгінгі күні ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқавтың осы тақырыпты қамтыған арнайы Үндеуімен танысып отырмыз.
Халықтың басынан өткен ауыр күндер, қиын шақтар аз емес. Оған тарих куә. Ал, қуғын-сүргін құрбандары туралы айтар болсақ, тарихи деректерде 100 мыңнан аса адамның қанды шеңгел тырнағына ілінгені айтылады. Ал, әр төртінші адам ату жазасына кесілген. Тарихшы ретінде айтарым, жалпы бұл зобалаңың басы тым әріде, 1918 жылдардан бастау алады. Сондықтан бұған дейінгі зұлмат құрбандарын есепке алар болсақ, жапа шеккендерге қатысты қорқынышты сандардың бұдан да көбейетіні ақиқат.
Бұл сұмдықтың сорақысы сол, солақай саясаттың салқыны зиялы қауымды ғана емес, қарапайым халықты да зар илетіп, зардап шектірді. Осы жерде көп айтыла бермейтін ақиқатты айта кетуім тиіс. Ол – «азаматтарды сайлау құқығынан айыру» ұстанымы. Яғни, большевиктер бұл әрекетті 1918 жылдан бастап жүзеге асырған. Гурьев уезінде де бұл жымысқы әрекет 1924 жылдан қолданылып келген.
Бұл тақырыпқа қатысты облыстық архивте арнайы құжаттар бар. Мен осы бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрмін. Большевиктердің негізгі көздегені – адамдарды тапқа бөліп, бай, кулак, діни адам деген санаттарға жатқызу арқылы «бұлар саяси сенімсіз адамдар, сайлауға жіберуге болмайды» деген үкімге кескен. Жалпы, осы кезеңде Совет үкіметінде адамдарды тапқа бөлудің 7-8 тармағы болса, біздің уездегі «бас ал десе, шаш алатын» шолақ белсенділер бұл санатты 30-ға дейін жеткізген. Бай, феодал, атқамінерлер, алашордашылар, ақсақалдар, молда, азаншылар, хазірт деген секілді тізімді жалғастырып, жапа шегушілер санын арттырған.
Сорақысы сол, бұл тізімге енгізілген адамдардың өзі ғана емес, тұтастай ұрпақтары да зиян шеккен. Сайлау құқығынан айырылғандардың балалары мен отбасы мүшелері оқуға, жұмысқа алынбай, тамақ алатын карточкаға ие болу құқығынан да айырылған.
Орайы келген сәтте айта кетейін, менің терең зерттеп жүрген тақырыбымның тағы бірі – «Прорва» лагері. Көп адам біле бермейді, Гурьев уезінде саяси сенімсіз адамдарға арналған аталмыш лагерь 1932 жылы ашылған. Ол жерде 7-10 мың тұтқын болған.
Бастапқы кезеңде түрме басқармасы Гурьевте орналасып, соғыс басталар шақта Астраханьға ауыстырылған. Кейін Сталинград майданындағы шайқас қызған шақта, түрме басқармасы Гурьевке керіден ауыстырылды. Тәулігіне 14 сағат ауыр жұмысқа жегілген тұтқындардың 12 пайызы ажал құшып отырған. Қазір бұл құпия нысан туралы архивтік мәлімттер Ресей жерінде. 1944 жылы Лагерьдегі 7000-нан астам тұтқын бас -аяғы 5-6 күн ішінде тып-типыл жоқ болған. Себебі белгісіз? Негізгі нұсқаның бірі – тырысқақ ауры болуы мүмкін.
Ендігі міндет – сол ақтаңдақтарды ашып, жалпы зобалаң жылдар зұлматынан зиян көрген облыс көлеміндгі жандардың толық тізімін жасақтау. Бұл тақырыпты 20 жылдан астам уақыт бойы зерттеп жүрген, «Азалы ақ кітаптың» авторы болғандықтан, аталған тізімге облыс мұғалімдеріне қатысты барлық мәліметтерді мен бере аламын. Басқа да тарихшы-ғалымдар жұмылып, толық тізімді жасақтасақ – зор міндетті атқарған боламыз. Одан соң үлкен мемориал тұрғызып, алтын әріппен саяси қуғын-сұргін құрбандарының есімін жазсақ, ұрпақтарының да армандарының орындалуына септесер едік.
Шахман НАҒЫМҰЛЫ,
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры.