ҚҰРБАН АЙТ – ұлық мейрам
Atr.kz/9 тамыз, 2019 жыл. Құрбан айт – барша мұсылман қауымына ортақ ұлық мейрам. Әлемдік деңгейде мәртебесі биік діни мереке саналатын құрбан сөзі араб тілінде «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Яғни, жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Сауабы мен несібесі мол қасиетті мейрам он бірінші тамыз күні басталады. Атырау облысы бойынша Құрбан айт намазының уақыты таңғы сағат 7.00-де басталады.
Мерекенің мәні неде? Мерекенің тарихы сонауғы қос пайғамбар Ибраһим аләйһиссәләм мен баласы Исмайыл пайғамбардан басталады. Нақты айтқанда, Аллаға деген бағыныштылығымен сыналған Ибраһим пайғамбар Жаратушысын разы ету үшін ұлы Исмайылды өзінің берген уәдесіне сай құрбандыққа шалмақшы болады.
Уақыт сәті келгенде Ибраһим пайғамбар Алла алдындағы уәдесін орындауға бел буады. Дегенмен, Алла Тағала пайғамбар етіп жіберген құлының шын тәуекелі мен уәдесіне беріктігіне орай көктен түсірген қошқарды Исмайылдың орнына құрбан етуін бұйырады.
Осындай үлкен сынақты бастан өткерген әкелі-балалы қос пайғамбардың тағылымы бүгінде мұсылман қауым үшін ғибрат өнегесіне айналды. Құрбандық туралы Алла Тағала былай бұйырады: «Раббың үшін намаз оқы, құрбан шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят). Иә, құрбандық шалу шариғатымызда малмүлік арқылы атқарылатын ғибадат түріне жатады. Бұл күндері Алла разылығы үшін құрбандық шалған кісілерге көптеген сауап уәде етілген.
Шынайы ниет маңызды Қарап отырсақ, құрбан шалу жай бір жасай салар күнделікті іс емес. Құлшылықтың бұл түріне жіті көңіл бөле отырып, шынайы ниет қойып, малдың ең таңдаулысын құрбан ету – дүниеміз бен ақыретімізге орасан рухани пайда, сансыз сауап, көңілі қаяу жандарға жұбаныш сыйлайды. Құрбан шалудың қоғамға әкелер бірқатар пайдалары да бар. Атап айтсақ, құрбандық шалу – адам бой
ында бауырластық, өзгеге көмек беру, жанқиярлық және ынтымақтастық сынды жақсы қасиеттердің пайда болуына ықпал етеді.
Сонымен бірге, қоғамда әділеттіліктің күшеюіне өзіндік септігін тигізеді. Әлеуметтік топтар арасындағы белгілі бір алшақтықтың жойылуына, әртүрлі деңгейдегі адамдардың бір-бірінің жағдайын білісіп, тұрмыс-тіршілігін жақыннан тануға, һәм етене араласуына едәуір ықпал етеді. Дегенмен, амал ең алдымен Алланың разылығы үшін ғана жасалуы қажет.
Сондықтан, құрбандық шалудың – жеке бас және қоғамдық пайдаларын бір шетке қойғанда, бірінші кезекте Алланың разылығы көзделіп жасалатын ғибадат. Құран Кәрімде Алла Тағала бұл жайында: «Олардың (шалынған малдардың) еттері мен қандары Аллаға әсте ұласпайды. Бірақ, Оған (Аллаға) сендердің тек тақуалықтарың ғана жетеді» («Хаж» сүресі, 37-аят) деп бұйырады.
Яғни, құрбандық шалудағы көзделген мақсат пен ниеттің маңыздылығын әуелі ақыл таразысына салған жөн болады.
киімдерін киіп, хош иіс сеуіп, айт намазына жөнеледі. Намаз оқылған соң мұсылмандар бірін-бірі құттықтап, жақсы тілектер айтады. Жағдайы төмен кісілерге көмек ретінде садақа беріледі. Айт күндері жеңіл-желпі ойын-сауыққа тыйым салынбайды, бірақ шариғат шеңберінен шыққан дарақылыққа да жол жоқ.
Ораза айт пен құрбан айт арасында кейбір өзгешеліктер бар. Мысалы, Арапа күнінің маңызы Құрбан мерекесінің бірінші күні дүние жүзінің әр тарапынан қасиетті Меккеге қарай ағылған қалың мұсылман жұрты қажылық парыздарын өтеп, Жаратқанға мінәжат етіп, дұға-тілектерін арнайды.
Дінімізде екі айт мерекесі де намаз оқумен басталады. Бұл жөнінде Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен бір хадисте былай делінеді: «Бұл күндерде (яғни, айт күндерінде) ең бірінші атқаратын ісіміз – намаз оқу». Осыған орай ақылесі дұрыс, балиғат жасына толған әрбір мұсылман үшін айт намаздарын оқу уәжіп (міндет) болып табылады. Айт күндері жақындағанда, алдын ала дайындық жүргізіледі, дәмді тағамдар әзірленеді.
Мұсылман қауым мереке күні жуынып-тазаланып, таза және әдемі ораза айтында таңертеңгісін айт намазына құрма секілді жеңіл тағамдардан дәм татып шығу дұрыс боп есептелсе, құрбан айтта нәр татпай шыққан абзалырақ. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сол күнгі асын жаңа сойылған құрбан етімен ашқанды құп санаған. Сондай-ақ, ораза айтта пітір садақасы берілсе, құрбан айтта жай садақа беріледі.
Арапа – құрбан айтқа байланысты күн. Өйткені, қажылар сол күні қажылықтың ең басты шарты болып есептелетін «арафат уақфасын» орындау үшін Арафат тауында белгілі бір уақыт тұрады. Арапа күні таңғы намаздан бастап, құрбан айттың төртінші күнінің асыр намазына дейін әрбір парыз намазынан кейін «ташриқ тәкбірлері», яғни қосымша тәкбірлер айтылады.
Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алтыжеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалған абзал. Тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды. Қой немесе ешкіні бір адам ғана құрбан ретінде шала алады. Ал, сиыр немесе түйені, яғни ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін немесе жеті кісі бірігіп, ортақ шалуларына да болады.
- Есіңізде болсын! Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін, пышақты көз алдында жалақтатып қайрау – әдепсіз амал. Ал, қинамай сою – сүннет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде былай дейді: «Малды бауыздаған уақытта жақсылап бауыздаңдар.
- Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздап малды рахатына қауыштырсын». Құрбан шалғанда «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» деп тәкбір айтылып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» деп бауыздалады.
- Ең абзалы, құрбанды иесінің өзі бауыздағаны дұрыс. Басқаға өкілеттігін тапсырып сойғызуға да болады. Ондайда иесінің құрбан малының жанында тұрғаны жөн. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап, яғни сауап. Бір бөлігі туған туыс, көршілеріне, екінші бөлігі кедей мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі өзінің бала-шағасына, отбасына беріледі.
- Құрбанның терісін илеп пайдалануға болады. Сонымен бірге, теріні сатып, ақшасын мұқтажжетімдерге садақа ретінде беру де сауап. Тағы бір ескере кететін жайт, еліміздің кейбір аймақтарында құрбандық малын арапа күндері шалып жатады. Бұл шариғат тұрғысынан алғанда дұрыс емес. Құрбандық айт намазы оқылып біткеннен кейін іске асуы қажет. Сонда ғана ол құрбандық болып саналады.
Батыржан МАНСҰРОВ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы