Құнды жәдігер – көне тарихтың куәсі
Сан ғасырлық тарихы бар мұнайлы өңір көне құндылықтарға бай өлке саналады. Ал, осы өткен күннен сыр шертіп, тарихтың тағылымды тұстарын жаңғыртатын жәдігерлердің мекені – Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі. Жуырда ғасырлар шежіресін зерттеп, дәріптейтін музейдің басшысы Мұхамбетқали КИПИЕВПЕН әңгімелесудің сәті түсті.
–Мұхамбетқали Қуанышқалиұлы, музейдің тарихи құндылықтарды сақтайтын рухани орта екені белгілі. Ендеше, өткен жылдағы жетістіктер мен атқарылған жұмыстарды әңгіме арқауына айналдырсаңыз…
–Иә, ғылым-білімнің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін бірден-бір мекемеміз. Музей қызметінің мәні – өлкенің тарихи-мәдени мұрасын көпшілікке таныту. Осы орайда Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі мен оның құрамындағы Атырау қалалық палеонтология, Құрманғазы, Исатай, Индер аудандық музейлері және Х.Ерғалиев атындағы, Б.Нысанбаев атындағы «Әскери Даңқ», Елтай ауылдық музейлері мен М.Өтемісұлы атындағы әдеби-мемориалдық тарихи қорық-музейі бөлімшелері қатпарлы тарихтың қайта жаңғыруына үлес қосып келеді.
Музейдің ғылыми-экспозициялық және көрме жұмыстары тұрақты ұйымдастырылады. Соның бірін былтырғы қарашада «Абай» орталығында музей қорындағы домбыралардан жасақталған көшпелі көрмені мемлекет басшысы тамашалады.
Келесі бағыттың бірі – ғылыми қормен жұмыс болып табылады. Былтырғы есеппен Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қор саны, филиалдармен қосып есептегенде 100 мың сақтам бірліктен асты.
Сондай-ақ, жыл ішінде 6 сараптамалық қор сатып алу комиссиясының отырысы өткізіліп, оның қорытындысы бойынша музейдің филиалдарымен қосқанда барлығы 684 жәдігер музей қорына қабылданды.
–Демек, музей қорын толықтырудың арнайы ережесі бар. Өзіңіз айтқан осы қордың қатары қандай жәдігерлермен толықты?
– Расында, кез-келген музей төрінде тұрған экспонатымен мақтанады. Осы музей қорын сан ғасырлық тарихы бар бағалы жәдігерлермен толықтыру жұмысы үш бағытта жүргізіледі. Біріншісі, ақылы негізде. Былтыр қорға 46 музейлік зат сатып алынды. Оның 20-сы Х.Доспанованың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған көрмедегі әскери және техникалық бұйымдар.
Сонымен қатар, ХІІІ-XIV ғғ. Алтын орда кезеңінің жауынгерінің реконструкциялық киімдері мен қару-жарақтары (19 с.б.) «Тархан» ЖК мемлекеттік сатып алу негізінде тапсырыспен жасалды. Ал, 2020 жылы Миялы қорғандарынан табылған археологиялық материалдар бойынша «Күміс әшекейлі Миялы ханшайымы» реконструкциясы (7 с.б.) «Тенгри» ЖК мемлекеттік сатып алу негізінде тапсырыспен алынды. Екі жеке кәсіпкерліктің де ғылыми негіздемесі мен авторлық құқығы бар
Екінші бағыт – археологиялық қазбадан табылған заттар. Бұл санатқа 2022 жылы Миялы, Балқұдық, Қырықоба қорғандарына жүргізілген қазба жұмысынан табылған жәдігерлер (106 с.б.) кіреді. Сондай-ақ Атырау облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының Тасқара қорғанынан табылған Балбал тас және ортағасырлық Мақат ауданындағы Таскешу керуен сарайына жүргізілген археологиялық қазбадан табылған (39 с.б.) заттар музей қорына қабылданды.
Музей қоры үшінші бағыт бойынша сыйға қабылданған заттармен толықтырылады. Көбіне тұрғындар ата-бабасы тұтынған тұрмыстық бұйымдарды өз еркімен музейге сыйға береді. Ата-бабасының көзіндей болған бұл жауһар жәдігерлерді сақтау – біздің негізгі міндетіміз. Осыны түсінген тұрғындар былтыр тарихи құндылығы бар 352 палеонтологиялық, этнографиялық бұйым тапсырды.
– Осы тұста халқымыздың тарихын жандандырып отырған музейдегі ғылыми-зерттеу жұмыстарына тоқталсаңыз…
– Әрине, көне құнды жәдігерлерді зерттеп-зерделеп, халық игілігіне ұсынып, ғылыми айналымға енгізу – музей ісінің негізгі жұмысының бірі. Ал, ғылыми-зерттеу жұмыстарының басты бағыты археологиялық зерттеулер болып табылады. Өткен жылы Қызылқоға және Құрманғазы аудандарында қазба жұмыстары жүргізілді. Екеуіне де археологиялық барлау жұмысын жасадық. Кешенді археологиялық зерттеу жұмысының нәтижесінде көршілес Исатай ауданы аумағынан археологиялық нысан анықталды.
Ал, «Өңірдің археологиялық ескерткіштерінің зерттелуіне қатысты архивтік-библиографиялық материалдар жинақтау» шарасы аясында музей қызметкерлері Ресейдің Саратов, Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларына іссапарға барды. Әріптестік сапардан олжалы оралған мамандар музейге архивтік-библиографиялық материалдардың жазбаша және фотокөшірмелерін әкелді.
Музейдің тағы бір жетістігі – Түркістан қаласында «Рухани қазына – 2022» республикалық фестивалінде ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Ерлан Тілекқабылов «Үздік облыстық маңызы бар музей қызметкері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
– Бүгінде халыққа жәдігерлерді көрсету үшін алдыңғы қатарлы технологияларды қолдану айрықша маңызды. Музей ісінде осындай жаңашылдық бар ма?
– Ол рас, қазір бәрі заман талабына сай бейімделуде. Атап айтар болсақ, музейдің техникалық ресурстары заманауи талапқа сай кезең-кезеңімен жабдықталып келеді. Мәселен, көрермендер үшін интерактивті экспозициялық-голографиялық кешені мен «Музейтану» бағдарламалық-интерактивті кешенінің құрылғылары орнатылды.
Интерактивті экспозициялық-голографиялық кешенінде музей қорындағы жәдігерлердің әр тұстан түсірілген 3D суреттері бар 100 жәдігер көрсетіледі. Көрермендер музей қорындағы бірегей экспонаттармен таныса алады. Осы және өзге де бастамалар, жаңа дамыған технологияны пайдалану, цифрландыру жалғасын табады.
– Музей жұмысына қатысты қандай жаңалық күтеміз? Алда қандай жоспарларыңыз бар?
–Атап өткенімдей, музей қызметінің басты бағыты ғылыми-зерттеу болып табылады. Әрине, бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру бағытында музейде кішігірім «өзгерістер» жүргіздік. Мәселен, бұрын болып, жабылып қалған ғалым-хатшы лауазымын қайта аштық.
Сондай-ақ, музейдің қазіргі заман тарихы ғылыми-зерттеу секторын бөлім ретінде қайта құрдық. Музейде аға ғылыми қызметкер лауазымын ашып, оған білікті мамандарды жұмысқа шақырдық. Соның нәтижесінде, қазір кадр құрамы ғылыми және магистр академиялық дәрежесі бар мамандармен толықты.
Осы жылдың наурыз айында Мәдениет және спорт министрлігінен тарих және мәдениет ескерткіштерінде археологиялық жұмыстарды жүргізуге құқық беретін лицензия алған болатынбыз. Осы бағытта мамыр айының аяғында ортағасырлық Таскешу керуен сарайына археологиялық зерттеу жұмысын жүргізуді бастауды жоспарлап отырмыз.
Бұдан басқа М.Мөңкеұлының 180 жылдығына орай облыс аумағында тарихи-этнографиялық экспедиция ұйымдастырылса, М.Өтемісұлының 220 жылдығына арналған көрме ашылады.
Биыл Атырау облысының құрылғанына 85 жыл толады. Осы атаулы датаға және Х.Досмұхамедовтің 140 жылдығына орай арнайы көрме жасақталады. Қыркүйек айына Қ.Сағырбаевтың 200 жылдығына орай «ХІХ-ХХ ғасырлардағы Атырау тарихы мен мәдениеті» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жоспарланып отыр.
– Өткен аптада музей күніне орай «Музей түні» шарасы өтті. Оған тұрғындар да белсенділік танытқанын білеміз…
– Бүгінде «Музей түнін» өткізу игі дәстүрге айналды. Бұл күнге музей қызметкерлері көрермендер үшін арнайы бағдарлама жасақтап, құнды экспонаттармен таныстырып, қолөнершілердің шеберлік сағаттары мен ұлттық спорт ойындарын ұйымдастырды.
Биылғы жаңалық – бірінші рет облыстағы қоғамдық музейлер арасында байқау-көрме өтті. Облыста әрбір ірі мекеменің жанынан құрылған қоғамдық музейлер көп, соның ішінде биыл мектептердің жанынан құрылған музейлер таңдап алынды. Себебі, әсіресе ауылдық жерлердегі көптеген мектептер сол төңіректің тарихын көрсететін музейлік құндылықтардың жинақталған ордасы. Оларда облыстық музейдің қорында жоқ көптеген заттар жинақталған. Осыларды сақтау және насихаттау мақсатында осы іс-шара ұйымдастырылды.
Осы тұста «Atyray» газетін пайдалана отырып, облыс тұрғындарын руханиятқа үлес қосуға үндеймін. Егер үйіңізде «бабамның көзі» деп көнеден қалған ескілікті бұйымдар болса, облыстық музейге тапсыруды сұрар едім. Себебі, қазір ол затты сіз сақтағаныңызбен келер ұрпақ «ескі зат» деп қадірін білмей лақтырып тастауы мүмкін. Осындай «ескілікті» музей қабылдауға әрдайым дайын. Егер өте бағалы деп есептесеңіз сатып алуға да мүмкіндік қарастырылады.
Меніңше, әр адам «кез келген мұра музейде сақталуы керек» деген елдік ұстанымды ұстануы тиіс. Ал, музейге тапсырылған зат ауа, ылғал, шаң-тозаң, күннің көзі, электр жарығы секілді шіруге, бүлінуге, жойылуға ықпал ететін құбылыстардан сақтандырылып, ұрпақтан ұрпаққа жетеді.
–Сұхбатыңызға бек рақмет! Әлі талай табылатын тарихты тірілтіп, оны сақтап, ел арасына насихаттауды мақсат еткен еңбектеріңіз елеулі болғай!
Әңгімелескен Майра ОРАЗҒАЛИЕВА