Құм ортасындағы бақ: Исатайлық шаруагер кәсібін дөңгелетіп отыр

proldzh Жаңалықтар

Топырағы тұзды, табиғаты қаталдау, төскейінде төрт түлігі өрген, қойнауында «қара алтыны» өнген мұнайлы, малды өңір – Нарын құмында соңғы жылдары атакәсіптен бөлек, егіншілікпен шұғылданып, бау-бақша өсірумен айналысу бағытындағы қадамдар байқалады. Жыл санап бау-бақша өсіруге құлықты жекелеген тұрғындар мен шаруашылықтардың саны артып келеді.

Сондай шаруагерлердің санатындағы Тұщықұдық ауылдық округіне қарасты шаруа қожалығының жетекшісі Сүйінғали Дәулетияров көптен бері түйе бағып, шұбат өндіруді кәсіп қылған. Ол кейіннен егіншілікке де бет бұрып, оны қосалқы шаруашылық ретінде дамытып келеді. Нарын каналының бойын жайлаған шаруагер өзі отырған үйінің аумағындағы жерді қоршап, құм ортасынан бақ өсіріпті. Онда бүгінде 40 түп сары өрік, 800 түп жүзім, 20 түп алмұрт отырғызылып, күтімге алынған.

– Осыған дейін Ойсылқара түлігін өсіріп, ауылдастарды соның өнімімен қамтамасыз етіп келсек, соңғы жылдары егіншілікке деген құлшыныс пайда болды. Соның арқасында қиынға соқса да осы шаруаны қолға алдық. Әуелі жерімізді дайындап, жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызып көрдік. Сосын көкөніс өсіруге бел будық. Нақтысын айтқанда, пияз, қызанақ, сәбіз дақылдарын егіп, тәжірибе ретінде осыларды өсіріп қарадық. Жердің тұздылығына қарамай, айналысып жатырмыз, – дейді кәсіпкер жігіт.

aproldzh

Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімнің басшысы Қадыржан Ермұхановтың айтуынша, биыл өңірде барлығы 82 гектар жерге егін егілген. Оның 10 гектарын көкөніс, 6 гектарын бау-бақша, қалған 66 гектарын мал азығы бағытындағы көпжылдық екпелі шөп егістігі қамтиды

– Аудан әкімдігі өз тарапынан егін салу үшін жер телімін бөлуді сұраған тұрғындардың өтінішін қанағаттандырып, жан-жақты қолдау көрсетіп отыр. Мысалы, биылдың өзінде көктемгі дала жұмыстары кезінде 16 шаруашылыққа техникамен көмек көрсетілді, – деді бөлім басшысы.

Дәулетқали АРУЕВ

Исатай ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз