
Құм көшкінін тоқтату жұмыстары жүргізілуде
Сағыз, Қызылқоға, Ойыл ауылдық округі мен Бүйрек елді мекені үнемі құм көшкініне тап болатын ауылдар. Бүгінде мәселені шешу үшін ауылдың жан-жағын қоршай сексеуіл ағашы егіле бастады,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ауданның басым бөлігіндегі жер жазық әрі шөлейтті болғандықтан жиі жел тұрып, нәтижесінде құм көшкіні орын алады. Бұл өз кезегінде ауыл мен елді мекенге зиянын тигізеді.

Қызылқоға ауылдық округінің әкімі Зейнолла Шәліковтың айтуынша, аталған жобаға тапсырыс беруші облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы. Мердігер мекеме – «Еділ-Строй Сервис» ЖШС. Жобаның құны – 647 млн 981 мың 499 теңге. Бүгінде Қарабау ауылының 6 гектар аумағы қоршалған. Енді сексеуіл мен көп жылдық шөптер егілетін болады. Дәл осындай жұмыстар Сағыз, Ойыл ауылдық округтері мен Бүйрек елді мекенінде жүріп жатыр. Жоба жылдың аяғында аяқталады деп күтілуде.