Жарнама
Жаңалықтар

Құлсарыны су басу қаупі сейілді ме?

Жылыой ауданында су тасқынының алдын алу мақсатында ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жем өзенін тереңдету, Құрсай арнасын тазарту, бөгеттер мен гидробекеттер салу сынды шаралар жоспар бойынша жүзеге асуда. Бұл туралы облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов су тасқынына дайындық барысына арналған баспасөз туры барысында хабарлады.

img 2102

Былтырғы су тасқынынан кейін Жем өзенін тереңдету және тазарту жұмыстары қолға алынды. Осы мақсатта құрылыс басқармасы «Сапинвест» ЖШС мердігер компаниясымен келісімшарт жасасып, сәуір айынан бастап өзен түбін тереңдету жұмыстары басталды.

– Жалпы ұзындығы 50 км болатын Жем өзені толықтай тереңдетілді. Ақкиізтоғай ауылынан бастап Тұрғызба ауылы арқылы теңізге дейінгі аумақта өзен арнасы кеңейтіліп, 50 метр ені және 2–2,5 метр тереңдігі сақталды, – деді Нұрберген Құсайынов.

Сонымен қатар, 46 км-ге созылатын Құрсай каналының 30 км-ден астам бөлігі тазартылып, тереңдетілді. Қазір қала ішіндегі учаскелерде жұмыстар жалғасуда. Осы себепті Құрсайдың аузы уақытша жабылып, судың тек Жем өзені арқылы ағуына мүмкіндік жасалған.

img 2101

Су тасқынының алдын алу мақсатында бөгет құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Жалпы ұзындығы 100 км болатын бөгеттер мен дамбылардың 65 км-і салынды.

– Бөгеттердің негізі 26 метр енімен салынды, әр 50 см сайын бекітпе құрылғылар қойылған. Қазіргі таңда бөгеттердің 78%-ы аяқталды. Бұл бөгеттер Жем өзенінің арнасынан тасыған суды ұстауға дайын, – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, үш гидробекет орнату жоспарланған. Біріншісі Құрсай өзенінің аузына, екіншісі Құрсай өзенінен өтетін бөгет аумағында, ал үшіншісі Сарқырауық өзегі мен Құржем өзенінің түйіскен тұсында салынады. Бұл гидробекеттер суды реттеумен қатар, ауыл шаруашылығы үшін де маңызы зор болмақ.

Құрылыс жұмыстары ауқымды қаржыны талап етеді. Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, қазіргі таңда мердігер компанияға 10 млрд. теңге аударылған. Ал келісімшарт бойынша жалпы жоба құны 40 млрд. теңгеден асады.

Қауіпті жағдайдың алдын алу үшін аудандық әкімдік пен төтенше жағдай қызметкерлері тәулік бойы бақылау жүргізуде. Су тасқынына қарсы 6 бекет орнатылып, қажетті техникалар жұмылдырылған.

img 2105

Қазір Жем өзеніндегі су деңгейі 2 метрден жоғары көтерілген. Қауіпті деңгей – 3 метр. Дегенмен, мамандардың болжамынша, жақын күндері судың деңгейі төмендей бастайды.

– Ақтөбе облысынан келетін судың көлемі азаюда. Миялы ауданындағы көрсеткіштер төмендеп жатыр. Сондықтан біз судың ең жоғары деңгейін қабылдап болдық деп болжап отырмыз, – деді Нұрберген Құсайынов.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың айтуынша, су тасқынының алдын алу жұмыстарына дайындық өткен жылдың тамыз айында басталған. Жем өзенінің арнасы толығымен тазартылып, Құрсай өзенінің қазіргі бөлігінің 80 пайызы тазарған.

Қазіргі уақытта су тасқынына қарсы жұмыстарға төтенше жағдайлар департаментінің 100 қызметкері, қарулы күштердің 150 сарбазы тартылған. Бұдан бөлек, Маңғыстау облысынан 55 адам, Ақтөбеден 45 адам келіп, көмектесуде. Жұмыс тәулік бойы екі ауысымда жүргізілуде.

– Біздің басты мақсатымыз – Құлсары қаласын судан қорғау. Ақтөбе облысы аумағында су деңгейі төмендей бастағанымен, біздің аймақта әлі тұрақсыз. Негізгі су көлемі осы айдың соңына дейін азаяды деп күтілуде, – деді Қайрат Нұртаев.

Жағдайды тұрақтандыру үшін Жем өзені бойынша алты қауіпті учаске анықталған. Бұл жерлерде қажетті техника мен жанар-жағармай қоры жеткілікті. Сонымен қатар, Тұрғызба аумағында екі техника өзен түбін тереңдету жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Мамандар суды теңізге жіберу және ауыл шаруашылығы жерлеріне тиімді пайдалану жұмыстарын қатар атқаруда. Құлсары қаласының маңында үш деңгейлі бөгет салынған.

img 2103

– Құлсарыны су басып кетпеуі үшін барлық шараларды қолға алдық, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Билік өкілдері тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға және ресми ақпаратқа сенуге шақырады. Қазіргі таңда жағдай қатаң бақылауда ұсталып, су тасқынын болдырмау үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған.

Атырау облысында көктемгі су тасқынына байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, су деңгейін бақылау бекеттері орнатылуда. Өңірдегі ұялы байланыс пен интернеттің тұрақсыздығына қарамастан, мамандар тәулік бойы мониторинг жүргізіп отыр.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың айтуынша, су тасқынын бақылау үшін арнайы бекеттер орналастырылған.
Автоматтандырылған гидробекеттер орнату мәселесі де қолға алынған.

– Былтырдан бастап автоматтандырылған гидробекеттерді орнату тапсырмасы берілген. Бұл жұмыстар параллель түрде жүргізілуде. Ал қазіргі басымдық – судың алдын алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету, – деп атап өтті Қайрат Нұртаев.

Жергілікті атқарушы орган өкілдері мен төтенше жағдайлар қызметі қауіпті аймақтарда жағдайды жіті қадағалап отыр. Барлық шаралар облысты су тасқынынан қорғау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында атқарылуда.

Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button