
Жаңалықтар
Құлсарыдан 25 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылды
Жылыой ауданында тасқын судың салдарын жою жұмыстары жалғасуда, — деп хабарлайды облыстың төтенше жағдай жөніндегі жедел штабы.
«Жылыой Тазалық» ЖШС-нің директоры Бауыржан Әбдірахмановтың айтуынша, қазір коммуналдық кәсіпорынның қызметкерлері Құлсарының кезінде су басқан көшелерінен тұрмыстық қалдықты шығаруды жалғастырып жатыр.
— Бұл жұмыстарға кәсіпорынның 50 жұмысшысы, сондай-ақ, 20 арнайы техника (5 жүк тиегіш, 15 өзі төгетін көлік) тартылып отыр. Қазір апаттық үйлерді бұзу және жөндеу мен қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, сондықтан қоқысты шығару жалғасады, — деді Б.Әбдірахманов.
Еске сала кетейік, бүгінде жергілікті 200-ге жуық тұрғын үйді бұзу жұмыстары жүргізілуде.