Жарнама
Жаңалықтар

Құлсарыдағы жарылыс: Мәжіліс депутаты заңсыз жұмыс істеген жанармай бекеті туралы мәселе көтерді

Атырау облысы, Құлсары қаласындағы «Ниет» жанармай құю бекетінде болған жойқын жарылыстың салдары елді алаңдатып отыр. Оқиға салдарынан екі адамның қаза тауып, 14 адамның түрлі дәрежеде жарақат алғаны белгілі. Аталған жағдайға байланысты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов республика Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновке депутаттық сауал жолдады. Депутаттық сауалды оқырман назарына қаз-қалпында ұсынуды жөн көрдік.

«Менің депутаттық сауалым Төтенше жағдайлар министрі Әрінов мырзаға жолданады.

Өздеріңізге мәлім, жақында Атырау облысы Құлсары қаласындағы «Ниет» жанармай құю станциясында қуатты жарылыс болып, салдарынан екі адам қаза тауып, 14 адам әртүрлі дәрежедегі жарақат алды. Маған түскен мәлімет бойынша бұл станция тиісті құжаттарсыз жұмыс істеген, яғни заңсыз. Атырау облысы Төтенше жағдай департаментінің ресми мәліметтері бойынша, жарылыс пен одан кейінгі өрт нәтижесінде алты автокөлік, үш бірқабатты тұрғын үй және бір екіқабатты ғимарат зақымданған. Жалпы жану аумағы шамамен 400 шаршы метрді құрады.

Бұл қайғылы оқиға қауіп-қатер деңгейі жоғары нысандарда – әсіресе, жанармай құю станцияларында өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін тағы да өткір қойып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге сүйенсек, мұндай нысандарда өрт қауіпсіздігі саласындағы заңнама талаптарының жиі бұзылатыны байқалады.  Әсіресе эвакуация және апаттық жағдайларды жою жоспарларының болмауы, дабыл беру жүйелерінің, өрт сөндіру құралдарының, қауіпсіздік шаралары мен бейнебақылау жүйелерінің жоқтығы алаңдатады.  Осындай фактілер мемлекеттік бақылаудың әлсіздігін және тексерістердің формалды түрде жүргізілетінін көрсетеді.

Сондықтан осыған байланысты заңды сұрақ туындайды – өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларының сақталуына бақылау қаншалықты тиімді жүргізілуде және осындай апаттардың алдын алу үшін қандай нақты шаралар қабылдануда?

 Бар деректерге сүйенсек, қазіргі таңда еліміздің аумағында шамамен 3400 жанармай құю станциялары жұмыс істейді, соңғы жылдары                         олардың саны да белсенді түрде артып келеді.

Бұл жағдай осындай нысандардың техникалық жағдайы мен қауіпсіздік нормаларының сақталуына ерекше  назар аударуды талап етеді.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес: қалалық жанармай құю станцияларында мұнай өнімдерін сақтау көлемі 100 текше метрден аспауы тиіс, ал қаладан тыс жерлерде – 150 текше метрге дейін  рұқсат етіледі. Жанармай арнайы жер асты резервуарларда сақталуы тиіс, ал резервуарлық парктер найзағайдан қорғау жүйесімен және басқа да қауіпсіздік құралдарымен жабдықталуы қажет.

Бұл талаптар міндетті сипатқа ие, және олардың сақталмауы азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. «Сақтықта қорлық жоқ» – дейді халқымыз. Айта кетерлік тағы бір мәселе – газ баллондарының тұрмыста қолданылуы да үлкен қауіпке ие.

Мәселен, жақында Ақтөбе қаласында көпқабатты тұрғын үйде газ жарылысы салдарынан бір адам көз жұмып, ғимараттың аралық қабат конструкциялары ішінара қирады. Бұл оқиға – оқшау жағдай емес. Айта кету керек, көпқабатты үйлерде газ баллондарын сақтау және пайдалану заңмен тыйым салынған.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Сізден келесі шараларды қабылдауыңызды сұраймын:

1. Еліміздің аумағындағы барлық жанармай құю станцияларында өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына байланысты жоспардан тыс кешенді тексеріс жүргізу.

2. Құлсары қаласындағы «Ниет» жанармай құю станциясында болған жарылыстың себептеріне ресми құқықтық және техникалық баға беру, сондай-ақ алдын ала тергеу нәтижелері бойынша ақпарат ұсыну.

3. Жанармай құю станцияларында қауіпсіздік нормаларының сақталуын бақылауды күшейту шараларын қабылдау.

4. Соңғы үш жылдағы жанармай құю станцияларында анықталған заңбұзушылықтар бойынша өңірлік бөліністе ақпарат беру.

5. Жанармай сақтау және сату нысандарының қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған нормативтік және заңнамалық бастамаларды әзірлеу немесе жоспарлау туралы ақпарат ұсыну.

Аталған қайғылы оқиға жазасыз қалмауы тиіс деп санаймын. Оның салдарынан жасалатын тұжырымдар осындай нысандардағы қауіпсіздік бақылауына қатысты жүйелі өзгерістердің негізіне айналуы қажет деп есептеймін.

Жауапты заңда белгіленген мерзімде беруіңізді сұраймын.

Құрметпен, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Д.Тұрғанов»

Назарбек ҚОСШИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button