Құлсарыда мұз айдыны ашылды
Құлсары қаласында «Бақытты бала» мұз айдыны мен отбасылық демалыс орны ашылды, деп хабарлайды Жылыой ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Отыз бес балаға арналған мұз айдынын бұған дейін жылыойлықтарға альпі ешкісінің сүт өнімдерін ұсынған кәсіпкер Аманжан Құсайынов ашып отыр.
-Мұз айдыны жыл бойына қызмет көрсетеді. Ондағы синтетикалық мұздың қаттылығы нақты мұзға қарағанда 10-15% жоғары және бұл жаңадан коньки тебуді бастаушылар мен балаларға жаттығуларға, мәнерлеп сырғанау, керлинг немесе хоккей элементтерін жаттықтыруға ыңғайлы. Бұл соңғы озық технология, деді А.Құсайынов.
Мұз айдынында 140 дана италяндық өндіруші конькилерімен жабдықталған. Ал демалыс паркінде балаларға арналған түрлі атракциондар мен батуттар бар. Сондай-ақ, жаз мезгілдерінде Қамыскөлдің әдемі көріністерін аралауға арналған әдемі қайықтар да бар.
Айта кетейік, аталған мұз айдыны Береке- ықшам ауданында Қамыскөл жағажайында орналасқан. Жұмыс уақыты дүйсенбіден жұмаға дейін 14:00-18:00 сағат, ал сенбі-жекенбі күндері сағат 14:00-20:00 аралығында жұмыс істейді.