snimok

Құлсары қаласында «халал кредит» беріле бастады

Жаңалықтар СарапTime Экономика Қоғам
11 / 100

Atr.kz/17 наурыз, 2020 жыл.  Бүгінде қаржылық қиындықтарға тап болған адам аса көп қапаланбайды. Себебі, бір ғана төлқұжатпен кез келген екінші деңгейлі банктерден немесе басқа да қаржы ұйымдарынан қарызға ақша алу оңай. Көп ойланбастан-ақ онлайн тапсырыс беріп, банкоматтан «түсіруге» де мүмкіндік бар. Десек те…

Көп жағдайда жеңіл келген ақшаның қайтарымы аз болмайтынын жадымыздан шығарып ала беретініміз өкінішті. «Қарыз күліп келіп, жылап қайтатынын» білгенмен, сол қадамды қайта жасайтындар қатары азаймай отыр. Халықтың санасын әбден зерттеп, зерделеген ұйымдар да айылын жияр емес. Шарықтаған пайызы бола тұра, мыңдаған тұтынушы тауып үлгеріп жатыр. Ал, маңдай термен тапқан табысын аты бар да, заты жоқ «пирамидаларға» салып, кейін сан соғып қалып жатқандар қаншама?

Т у р а с ы н а й т қ а н д а , «тиімді несие» десе елең ете қалатын тұтынушылар үшін жылыойлық кәсіпкер жоба ойлап тауыпты. «Халал кредит» деп аталатын ұйымның жарнамасы бүгінде әлеуметтік желілерде белсенді жүргізіле бастады. «Барлығы үшін тиімді!», «Нөл пайызға халал заемдер!», «Мерзімінен кешіктіріп төлегені үшін өсімақы – 0 пайыз», «Төлемдер тоқтаған жағдайда өсімақы – 0 пайыз» деп ұрандатқан ұйымның «өнімдері» туралы толығырақ білу мақсатында мамандарға телефон шалдық.

Біздің сауалдарымызға менеджер қыздар жауап берді. Яғни, мамандардың түсіндіруінше, «Халал кредит» 60 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін 4 айдан бір жылға дейінгі аралықта нөл пайызбен несие береді. Алайда, алдымен кепілдік сома, нақтырақ айтсақ, депозитке ақша салу қажет. Демек, 100 мың теңге қарызға алу үшін 27 500 теңге алдын-ала депозит беру керек.

– Несие беру үшін алдымен тапсырыс берушінің табысы қаралады, кредиттік «тарихы» тексеріледі. Яки, бұған дейін клиенттің басқа банктерде борышы немесе мерзімінен кешіккен төлемақылары болмауы тиіс. «Халал кредит» жобасына қатысып, ақша алу үшін алдымен бізге тапсырыс беріп, кепілдендірілген соманы төлеу қажет. Егер қаражат алуға рұқсат етілген жағдайда депозит қарызды қайтарғанға дейін кепіл болады. Кейін берешекті өтегеннен кейін кепілдендірілген сома кері қайтарылады. Ал, «Халал кредит» қарыз беруден бас тартса, онда бастапқыда төлеген депозитті өзіңізге қайтарып аласыз. Тек қызмет көрсету құны 10 пайыз көлемінде ғана алынады. Өйткені, кредиттік тарихты тексеру үшін де қызметкерлеріміз жұмыстанады. Олардың еңбекақысы бар, басқа да банктік шығындарымыз болғандықтан, 10 пайыз қызмет ақысын алуға тура келеді, – деді әңгімелесушіміз.

Мамандардан тағы бір білгеніміз, жобаның кеңсесі Ж ы л ы о й а у д а н ы н ы ң орталығы Құлсары қаласында орналасқанмен, еліміздің әр түкпірінен онлайн тапсырыс беруге мүмкіндік ашылмақ. Ұйым Әділет органдарында заң жүзінде тіркелген. «Азаматтық» Кодексті негізге алып жұмыс істейді. Сәтін салса, жоба сайты ақпанның 15-інен бастап өтінім қабылдай бастайды. Несие де сол кезден бастап берілмекші. Осы орайда, көптің көкейінде «егер пайызсыз несие берсе, қаржы ұйымы қалай пайда табады?» деген орынды сауал туындайтыны ақиқат. Біз бұл сұрақты жоба жетекшісі Аслан Жолаевқа қойдық.

– Сайт арқылы онлайндүкендер де қызмет көрсетеді. Біз сол арқылы табыс табамыз. Бастапқыда бізді үш адам ғана білсе, бүгінде сайтымызға үш мыңнан астам пайдаланушы тіркеліп үлгерді. Ал, бірінші салынатын депозит кепілдік жарна ретінде қабылданады, – деді тілдесушіміз.

Шыны керек, біздің де назарымызды аудартқаны жобаның атауы болды. Өйткені, дінімізде қарызға п а й ы з б е н а қ ш а а л у құпталмайтыны белгілі. Сонда, несиенің өзі харам саналса, оны халал атауымыз дұрыс па?

– Негізі, араб елдерінде мұндай жүйе бұрыннан бар. Мысалы, екінші деңгейлі банктер бір миллион теңге несие берсе, оны екі есе етіп, яғни 2 миллион теңге көлемінде қайтарып алады. Ал, Біріккен Араб Әмірліктерінде «мурабаха», «мудараба» деген ұғым бар. Мәселен, сіз 1000 долларға көлік алғыңыз келді. Банкке барып, көліктің бағасын, қай жерде сатылатынын көрсетесіз. Сәйкесінше, банк оны өзі сатып алып, кейін сізге 1150 долларға сатуы мүмкін. Мұнда банк немесе қаржы ұйымы табысын, қызмет құнын тұтынушымен келісе отырып ұсынады. Біздің мақсатымыз – қоғамда әділдік орнату, жасырын пайыздардан ада болу. Қайталап айтайын, 10 пайыз қызмет құны арқылы біз қызметкерлерге жалақы төлейміз, салық және басқа да төлемақыларымызды өтейміз, – деді Аслан Жолаев.

«Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының т е о л о г ы М ұ х и д д и н Омаровтың айтуынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуа бөлімі «Халал кредит» жобасын құптамайды. Өйткені, ұйым қойып отырған бастамалар шариғатқа сәйкес келмейді.

– Алдын-ала ақша талап етудің өзіне рұқсат жоқ. Ислам харам пайда табуға, айлакерлікке, өсімқорлыққа, монополияға, әділетсіздікке тыйым салады. Алла Тағала Құранда Мұхаммед Пайғамбарымызға (с.ғ.с) былай деп жеткізген: «…Алла саудаға рұсқат етіп, өсімқорлыққа тыйым салған…» (Құран, 2:275). Сондықтан, бұл ұйымның «өнімі» шариғат талаптарына жанаспайды, -дейді ол.

* * *

Б ұ л м ә с е л е н і зерделеу барысында біз қаржыгерлермен де тілдескен едік. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Атырау қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының басшысы Асланбек Қабесовтың пікірінше, заң бойынша ақша тартудың өзі заңсыз. Ал, несие беруші ұйымдар заңдылыққа сәйкес, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап агенттіктен рұқсат алуы міндетті.

Басқарма басшысы атап айтқандай, бүгінде елімізде қаржы пирамидалары қайта жанданып, белсенділігін арттыра бастаған. Телекоммуникация құралдары дамыған сайын қатысушыларды интернет арқылы «тартатын» қаржы ұйымдарының қатары да көбейетіні белгілі. Бұл шығындарға әкеліп соқтыратыны сөзсіз. Басқарма басшысы салым жасап, тәуекелге барудың алдында мынадай жеті қағиданы естен шығармау керектігін атап өтті.

– Алдымен, компанияның беделін және ол ұсынатын ақпараттың дәйектілігін зерделеңіз. Депозит тартуға құқығы бар барлық қаржы ұйымының ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арқылы қаржы реттеушісінің лицензиясы болуы тиіс. Екіншіден, компанияның иелері мен басшылығы туралы ақпаратты зерделеңіз, сондайақ, оның қайда тіркелгенін біліңіз. Егер басшылық туралы деректер құпия болса, ал, компанияның өзі әлдебір оффшорлық аймақта тіркелсе, онда оған ақшаңызды орналастыру алдында ойланыңыз.

Үшіншіден, инвестициялардың кепілдік берілген жоғары кірістілігіне уәде берсе, одан сақтану керек. Алаяқтар психологияны жақсы біледі, адамның жылдам және оңай байып кету ниетімен «ойнайды». Сондықтан, пирамидалар жылдық 20, 50, 100% кіріс болады деп оңай уәде береді, себебі, оны орындамайды, – деген ол жаңа салымшыларды тарту үшін сыйақы, қарыз шартын ұсынғандар мен әртүрлі жүлделердің, сыйлықтардың, жолдамалардың ұтыс ойынына қатысуға шақыратындарға да бірден сене беруге болмайтынын ескертті.

Сондай-ақ, компанияның а қ ш а н ы қ а л а й қабылдайтынына да назар аударған жөн. Көптеген күмәнді ұйымдар ақшаны қолма-қол қабылдайды немесе өз қызметінде компаниялардың банктердегі арнайы есеп-шоттарын және анық бухгалтерлік есептілікті қолданбай, әртүрлі интернет – төлемдер мен аударымдар жүйесін пайдаланады.

P.S:

Әрине, біреудің кәсібінің жолына кедергі келтіріп, күйе жағудан аулақпыз. Отандық бизнес дамыса, оған қуанамыз. Оның үстіне, демократиялық мемлекетте кім табысын қалай жұмсаса да өз еркі. «Менен пайызға несие немесе қарыз ал» деп күштеп жатқан тағы ешкім жоқ. Бірақ, күн санап көбейіп жатқан «аты бар да, заты жоқ» ұйымдарға сеніп, алданып қалмаса дейміз. Алаяқтардың құрбаны болмаса екен қазағым!

Қаржы пирамидаларының қызметіне тыйым салу Австрияда, Ұлыбританияда, Францияда, Канадада, Италияда, Қытайда, Біріккен Араб Әмірліктері секілді отыздан астам елде бар. Қазақстанда қаржы пирамидасының қызметін құрғаны және басшылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік (ҚР ҚК 212бабы), сондай-ақ, оның қызметін жарнамалағаны үшін әкімшілік жауапкершілік (ӘҚБтК 150-бабы) көзделген.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған