Қуаңшылық, қайда апарып соғасың?!
ҚҰЛАЗЫҒАН КЕҢ ДАЛА. ОНЫҢ АПШЫСЫН ҚУЫРА ЖҮЙТКІГЕН ОТАРБА ТЫНЫМ АЛАР ЕМЕС. АУЫҚ-АУЫҚ ЕКІ ИІНІНЕН ДЕМАЛЫП, ЫСЫЛДАЙ КЕЛІП ТІЗГІН ТАРТАДЫ. АЛҒАН БАҒЫТЫМЫЗ – АСҚАР БИІК ШЫҢДАРЫ АСПАНМЕН ТАЛАСҚАН АЛАТАУ БАУРАЙЫНАН ТОПЫРАҒЫ БЕТКЕ ЖАБЫСҚАН МҰНАЙЛЫ ӨЛКЕГЕ ҚАРАЙ. БҰРЫН ДА ЖҮРІП ЖҮРМІЗ. ЖОЛ БОЙЫ ОЙҒА ӘРНЕ КЕЛІП, ЕСІҢЕ ҚАЙДАҒЫ МЕН ЖАЙДАҒЫ ТҮСЕДІ.
Қысқасы, кең дала!.. Жүгіріп келіп құласа, бетіңізге шөп қадалмастай сұпсұр. «Бəлкім, қыстың көзі – қырау…» дегенбіз. Жоқ, олай емес екен. Иен даладан уыс толтырып алатын қар көрмедік. Тек Қазалы мен Қарауылкелдінің арасында ғана тегіс қар, сықырлаған аяз. Одан басқа жол бойы кездескен өзен-су да соқыр көздің жасындай суалып қалған…
Боз дала, бозаң қырат, алаң көңіл!..
Тағы да ой қамайды: «Болашақта ішер судың жай-күйі не болар екен?..»
Шынында да не болмақ?..
Ұзақ жылдар осы сұрақтың жауабын іздеген ғұламалар да күмілжи береді. Желқабаз біреулер жоқ жерде білгішсініп, топырақпен дəрет алып, бұлтты күні құбылаға қарап пал ашып, жағын сауып жүр. Əйтеуір нақтылық жоқ.
Ал, ауылдағы жұрт ауладағы жандығы мен таңдайына татып отырған саулы сиырының аузына тосар шөп пен мейірі қанып ішетін су тауып бере алмай қамығулы. Атырау өңіріндегі Ойыл, Жем, Сағыз тəрізді шағын өзендер əбден суалды. Жайық пен одан таралатын су көздері де тартылып келеді. Қиғаш бойы жұртының да қаталап қалуы жақын. Кəрі Хазар да жыл санап тартылған көндей шағындалып барады. Қысқасы, баяғы Еділді көріп еңсеген, Жайықты көріп жемсеген заман жоқ бүгін!..
* * *
Осыдан бірер уақыт бұрын «кəрі Каспий 2030 жылға таман булыға бұлқынып, тулап тасиды» деген сəуегейлік жасаған білгіштер. Рас-өтірігі белгісіз сол болжамға үміт артып, желіндеп отырысымыз мынау!..
Соған қарап, «біздің ғалымдар Табиғат-Ананың бусануын да ұзақ мерзімді Стратегиялық жоспардай уақытқа теліп қойған ба?!» деп бір ойладық.
Əлбетте, «кісі киімі кірлегіш» демекші, Атырауда таңдай жібітер су жоқ, бары сырттан ағып келеді. Жалғыз ғана Каспийдің кейпі анау, аңқасы кеуіп жатқан…
Арғы жылы бұрыннан айтылып келе жатқан проблеманы ортақ негізде көтеріп, «Ойыл-Қиыл-Жем-Сағыз» деген атаумен аттан салғанда бұған Ойыл бойын қоныс еткен жұрт қосылды. Олар өз белсенділіктерімен, біз қоғамдық-саяси негізде үн қатып мəселеге мəн бердік. Парламент Мəжілісінің депутаттары Дүйсенбай Тұрғанов пен Сəлімжан Нақпаев та бұл тақырыпқа табандылық танытып, республикалық дəрежеде дабыл қақты. Үкімет футбол добындай қақпақылдап еді, Президент Тоқаев «Атырау облысының 2025 жылға дейінгі кешенді даму жоспарының» негізінде шағын өзендердің проблемасы хақында республикалық жоспар жасауға пəрмен берді.
Соған орай Экология министрлігі тыпырлаған болды. Бірақ əлі нақты нəтижесін көрмей тұрмыз.
Егер рас болса, «Соңғы 40 жылда Жетісу өңіріндегі ақ басты Алатаудан құлаған іріліұсақты 20-дан астам өзен құрғап қалыпты» деген деректі естігенде біреу төбемізден мұздай су құйып жібергендей болды. Енді қайттік?!
Тəуелсіздігіміз үшін Тəңірден тəубе тілеп, Аллаға ақсарбас айтып жүрсек те, 30 жыл бойы елдің еңсесі биік болуына жасаған ісіміз аздау болыпты ғой, сірə.
Жуырда əлеужеліден Қазақ КСР Су шаруашылығы министрі, көрнекті мемлекет жəне ғылым қайраткері Нариман Қыпшақбаевтың пікірін тыңдап, ернімізді сылп еткіздік. Ол кісі айтады:
– Су – стратегиялық нысанға жататынын сала мамандары талай мəрте дəлелдеп берді. Бірақ, ол орындалып жатқан жоқ. Сырдария өзені суының жылдық қоры 37 миллиард текше метр, ал Жайықтағы жылдық су қоры 11 миллиард текше метр. Осы 11 миллиард текше метр судың 7 миллиарды Каспий теңізіне құйылуы керек. Бұл теңіз деңгейі сақталып, балықтың қозғалуы үшін қажетті мөлшер. Өкінішке орай, осы 7 миллиард текше метр су келмей қалды. Өйткені, оның 3 миллиардын Ресей алса, 1 миллиард текше метр Батыс Қазақстан облысындағы Көшім су қоймасын толтыруға жұмсалып отыр. Сол себепті Атырау облысына су келмейді. Ал, бастауын Ресейден алатын өзендердің барлығының бастауына бөгет салынған. Ресей жерінен су келмеу себебі сол. Кезінде Еділ өзенінен Жайыққа жыл сайын 4 миллиард текше метр су алу мақсатында «ЕділЖайық» («Волга-Урал») каналының жобасын жасадық. Ол жоба Ресей тарапымен келісілген. Енді соны тым болмаса 2 млрд. текше метр қуатпен болса да алатындай мүмкіндікті жіберіп алмау керек, құрылысқа кіріскен жөн. Ресей ол үшін бас қатырмайтыны бесенеден белгілі. Ал, біздің министрліктегілер жобаның қаншалықты маңызы барын ұғына алмай жүр. Шындап келгенде, Қазақстанның Еділден де, Жайықтан да үлесі бар. Соны тездетіп алу керек, – дейді көрнекті ғалым-гидротехник.
Бұл мəселеге Қыпшақбаевтан басқа жан ауыртып, жүйке жұқартып жатқан тірі пенде байқалмайды. Есесіне Жайықтың суы Қазақстанды айтпағанда, Ресейдің өзінде қасқалдақтың қанындай қат бола бастады. Енді бес жылдан соң Атырауға келген қонаққа «осы жерде Жайық деген өзен болған» деп, арнасындағы топырағын кешіп жүріп естелік айтарымыз айдан анық (оның беті əрмен!?).
Көрші елде башқұрттар аса ден қоймаса да, Орынбордың халқы «ертең-ақ өзеннің орнын сипап қаламыз» деп Құдайдың зарын қылып жүр.
Тіпті, Еділдің өзі Ресей жерінде жіңішкеріп бара жатыр. Бастауын Алтай мен Тарбағатай сілемдерінен алатын Ертіс пен Есіл, Алатаудан ағатын Сыр мен Əму дарияларының жағдайы да арқаны жарға тіреп, жайбарақат отыруға болмайтынын аңғартып қалды. Мұның барлығы да Қазақстан Республикасы үшін аса зор қауіп.
* * *
Біздің Үкімет пен жер-суға жауапты министрлік бұған не қарекет жасап жатыр екен?! «Ас атасы – нан» болғанда, «тіршілік көзі – су» екені ұмытылмағаны жөн. Құны алтынның бəсінен де қымбатсығанда «су жоқ» деп, өтірік санымызды соғып, жалған мүлəйімсігеннің еш жөні жоқ. Тек депутаттар емес, республика Үкіметі барлық құрамымен осыған ден қойғаны жөн. Нағыз стратегиялық маңызы бар мəселе – осы!
* * *
Қуаңшылық, қайда апарып соғасың?!
Назарбек ҚОСШИЕВ