Қостанайда мерт болған полицейдің артында 4 айлық сәбиі қалды
Atr.kz/20 қаңтар, 2020 жыл. Қызметін атқару кезінде мерт болған қостанайлық полицей Дархан Базарбаевтың артында 4 айлық сәбиі қалды.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады. Дархан Базарбаев полиция қызметіне 2016 жылы келген. Әскерден енді келген жас жігіт кезекші бөлімге жұмысқа тұрып, кейін патруль бөліміне ауысты.
Полицияның кіші сержанты Данияр Баймағамбетовтің айтуынша, Дархан әр уақытта көмекке келуге дайын тұрады.
«Дархан Базарбаевтың қазасы оның отбасы ғана емес, облыстық полицияның орны толмай қайғысы дер едім. Ол кісіге көмектескенді қызметінің басты міндеті деп білетін. Біз жұмысты бірге бастадық. Жақсы маман жақсы досқа айналды. Әлі сене алар емеспін. Кеше ғана тапсырмаларды бірге орындаған әріптесіміз бүгін жоқ. Антқа адал, досқа берік азаматтан айырылдық. Жанға бататыны осы», — дейді Данияр Баймағамбетов.
Дархан Базарбаев 2019 жылғы наурыз айында Мөлдір есімді қызбен отау құрды. 4 ай бұрын олардың шаңырағында Әлисұлтан есімді баласы дүниеге келді.
«Оның қызметтік жолы тағы бір сатыға өсіп, бұған әкелік міндетті атқару қосылды. Онымен отбасы, әке болу туралы ашық әңгімелесетінбіз. Осы жолда аянбай еңбек етіп келе жатты. Спортты сүйді, мансабын жақсы құруға тырысты.
Ең бастысы, Дархан қиындыққа тап болған адамға қол ұшын созу қасиетін биік қойды. Әлі есімде, былтыр қыста жолда тұрып қалған «Камаз» жүргізушісін аман сақтап қалды. Жүргізушінің үсіп кетуіне жол бермеді», — деп еске алды полицей Ербол Дәнкенов.
Еске салайық, Дархан Базарбаев 19 қаңтар күні қызметтік міндетін атқару кезінде отбасын пышақтап өлтірмек болған 28 жастағы қаскөйдің қолынан мерт болды.