Қош бол, қазақтың қайсар қызы Әлиясы…
Atr.kz/18 тамыз, 2020 жыл. Қоғам қайраткері, кәсіпкерлік саласындағы айтулы тұлға, «Өнерпаз», «Рембыттехника» мекемелерінің бас директоры, «Атамекен» ҰКП Президиумының мүшесі, Атырау облысы бойынша өңірлік кеңестің және іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әлия Бекқожиева 58 жасында дүниеден озды.
Қазақ елі тағы бір Әлиясынан айырылды. Тау тұлғаның өнегелі өмірі де, кіршіксіз көңілі де сол тау суындай тұнық еді…
Ол 1961 жылы дүниеге келген. Жамбыл атындағы технологиялық институттан білім алған ол алғашқы еңбек жолын «Рембыттехника» кәсіпорнында бастаған. Кейін 2002 жылы «Өнерпаз» ЖШС болып құрылды. Қазіргі таңда бұл – тұрмыстық қызмет көрсететін ең ірі кәсіпорындардың бірі.
Әлия Байжанқызы тек Атыраудың ғана емес, бүкіл республика экономикасына өлшеусіз үлес қосты. Оның бастамасымен 1997 жылы тұңғыш рет кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағы құрылды.
Осынау еңбегі үшін де ол көптеген алғыс пен марапатқа ие болды. Атап айтқанда, «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Халықаралық «Үздік адамдар» жинағына есімі енді. «За высокое качество в деловой практике» алтын медаліне ие болды. «Сала үздігі» (Мальта) аталымы бойынша Earthmaker марапатын иеленді. Сондай-ақ, «Атақты әйел-кәсіпкер »(Женева) атанып, халықаралық сертификат алды.
Сонымен бірге, ол облыстық мәслихат депутаты және басқа да лауазымды міндеттерді атқара жүріп, қоғамдық жұмыстар мен қайырымдылық істерге белсене араласты. Ол «Атырау облысының Азаматтық альянсына» да жетекшілік жасады. Осы орайда, оның қарапайым тұрғындармен, соның ішінде, журналистермен ашық пікір алмасып, олардың мұң-мұқтажына үнемі құлақ асып жүретін адамгершілік қасиеттерін де айрықша атап өткен жөн.
Орны толмас қазаға орай, біз де марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Амал нешік… Әлия Байжанқызының жарқын жүзі мәңгілік жүректерде жатталмақ…