Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Қош бол… ПИК?

Atr.kz/23 шілде, 2019 жыл. Биыл Мәжілісте еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелерін құқықтық тұрғыда реттейтін заңнамаға ішінара түзетулер енгізу жөнінде ұсыныстардың қабылданғаны белгілі.

Заң жобасында қарастырылған ең өзекті мәселенің бірі – көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару нысанын өзгерту. Бұған дейін тұрғындармен тікелей жұмыс жасап келген пәтер иелері кооперативтерін (ПИК) таратып, орнына үй басқармаларын құру мақсат етілген. Яғни, әрбір үйге бір басқарма құрып, көрсетілетін коммуналдық қызмет тарифтерін төмендетіп, шығындарды азайтып, тұрғындармен тығыз байланыс орнату көзделген.

С а р а п ш ы м а м а н д а р д ы ң пайымдауынша, бұл құжат тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық саласын басқару органдарының қызметін реттеудің «бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» қағидатына негізделген жаңа формасын қалыптастыруға, әрбір көп қабатты үйде «меншік иелерінің бірлестігін» құруға бағытталған. Әр бірлестік өзінің ағымдағы және жинақ есепшотын аша алады. Бұл өзгеріс ПИК-тер мен басқарушы компаниялар тарапынан қызмет тарифтерін қайтадан белгілеп, бекітуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, ақшаны жұмсаудың ашықтығы мен тұрғындардың басқару формасын таңдау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Бұдан былай кондоминиум нысаны болып табылатын көппәтерлі тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізудің жаңа механизмі қолданысқа енгізіледі. Осыған байланысты тұрғындар өздері тұратын үйдің ғана жөндеуіне қажетті қаражатты жинақтап, оның мақсатты жұмсалуын қадағалап отырады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мамандарының мәліметінше, жаңадан құрылатын үй басқармаларына күрделі жөндеуге керекті қаржыға жеңілдетілген қарыз алу арқылы қол жеткізу мүмкіндігі туындайды. Оның жылдық сыйақы (қайтарым) мөлшерлемесі 2 % — дан аспайды. Жобаға сондай-ақ, тұрғын үйді басқару құрылымдарының өтінішімен және келісімімен жергілікті атқарушы билік органдары да қатыса алады.

Олар кондоминиум нысанына күрделі жөндеу жүргізу қажеттігі туралы шешім қабылдап, жобалықсметалық құжаттаманы дайындау мен техникалық тексеру жұмыстарын және энергоаудитті ұйымдастырады. Тұрғын үй қорын басқару органдары қызметінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге кепілдік беретін ақпараттық жүйені қалыптастыру да – жоба жаңалықтарының бірі. Яғни, тұрғындар өз үйлерінің жөндеу жұмыстарына қаралған қаржының кіріс шығысын, есеп-қисабын, жіберілген есепшоттардың дұрыстығын бақылап, мониторинг жүргізіп отырады. Оған қоса, заң жобасында тұрғын үйқұрылыс кооперативтерін құру да қарастырылған.

Қазір шаһардағы тұрғын үй қорына кіретін көп қабатты үйлердің саны 1 054 болса, соның 930-ы кондоминиумды басқару органдарымен қамтылып отыр. Ал, 124-і иесіз болып есептеледі. Сондай-ақ, 2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту бағдарламасы шеңберінде қалада 100-ден астам көп қабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізілген. Оған мемлекет қазынасынан 3,1 млрд.теңгеден астам қаражат жұмсалған. Тек өткен жылдың өзінде 631 млн.теңгеге 15 үй күрделі жөндеумен қамтылса, соның төртеуіне терможаңғырту жұмысы тұрғындардан қайтарылған қаржының есебінен жүргізіліпті. Соңғы екі жылда қалада күрделі жөндеуге жататын 90-нан астам көп қабатты тұрғын үй энергетикалық аудитпен қамтылған.

С а р а п ш ы — м а м а н д а р д ы ң түсіндіруінше, әдетте терможаңғырту жұмыстары сол үй тұрғындарының 70 пайызы келісім берген жағдайда ғана жүргізіледі. Кооператив мүшелері болып табылатын пәтер иелерінің кеңесінен кейін күрделі жөндеуден өткізілетін нысанның жобалаусметалық құжаттамасы жасақталып, мердігер ұйым таңдалады. Мұнымен әкімдіктің жанынан құрылған «Қаланың тұрғын үйлеріне коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС айналысады. Сол мекеме арқылы терможаңғыртуға қажетті қаражат бөлініп, орындалған жұмыстардың сапасы бақыланады.

Әрине, бұл салада әлі де шешімін күткен проблемалар аз емес. Бүгінгі таңда Атырау қаласында 35 баспана (оның 27-сі көп қабатты тұрғын үй, 8-і жатақхана) апатты жағдайда тұр. Бірқатар мөлтек аудандарда балалардың ойын алаңы салынбаған. Терможаңғыртудан өткізілген үйлердің өзінде тұрғындардың талап-тілегі ескерілмей, атүсті жасалған тұстар кездеседі.

Қазынадан бөлінген қаражаттың кері қайтарылуында да қиындықтар туындап отыр. Міне, алдағы уақытта құрылатын «Үй басқармасы» осындай проблемалардың түйінін тарқата ала ма?

Дәулетқали АРУЕВ

Қайрат ХАБИЕВ, Атырау қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы:

– Жаңа жоба жүзеге асқанда да жоспарлау, ұйымдастыру жүйесі мен тәсілі, басқаша айтқанда, формасы өзгеруі ықтимал. Өйткені, сол кезде ПИКтердің орнына үй басқармалары келеді. Соған байланысты тұрғын үйлерді басқару, жөндеу жұмыстарына қаралған қаржының жұмсалуын, көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын бақылау, тұтастай алғанда кондоминиум нысанына иелік ету тетіктері түбегейлі өзгереді.

Людмила ШАРОВАТОВА, Атырау қаласы бойынша ПИК-тер қауымдастығы төрағасының орынбасары:

– Қазір қалада 1200-ден астам көп қабатты үйдің біріктіретін 70-тен аса ПИК бар. Әйтсе де, бұлардың бәрі бірдей біздің ұйымның құрамына кірмейді. Соның салдарынан баршамызға ортақ мәселелерді бірлесіп шешу барысында қиындық туындайтыны жасырын емес. Егер тиімділігі болса, тұрғын үй қорын басқарудың жаңа форматта ұйымдастырылуына қарсы емеспіз. Содан соң ол «үй кеңесі» деп те аталуы мүмкін. Ал, ПИК-тер болса, әлі де баламалы түрде жұмыс жасай береді.

Мырзабай ӘЗЕРБАЕВ, қала тұрғыны:

– Біз тұратын көп қабатты үй «Авангард» ПИК-іне қарайды. Кооператив қарамағындағы бірнеше үйдің тұрғындарымен тіл табысып, қызметін талап деңгейінде атқаруда. Жыл сайын жеңіл жөндеу жұмыстарын жүргізіп, сенбіліктер ұйымдастырып отырады. Коммуналдық қызмет ақысын уақытылы төлеуге мүмкіндігі бола бермейтін, әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларына жеңілдік жасайды. Болашақта құрылатын жаңа құрылымның жұмысын осы тұрғыда ұйымдастырып, қордаланған проблемаларды шешуге қауқарлы болғанын, тұрғындарға мінсіз қызмет көрсеткенін қалаймыз.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button