Жарнама
ЖаңалықтарСаясатЭкономикаҚоғам

ҚИЯЛ мен ШЫНДЫҚ

Atr.kz/12 сәуір, 2020 жыл. – Бұған дейінгі жасалған нәтижелі жұмыстар қорытындысына байланысты «Ембімұнай» бірлестігінде Теңіз кеніші бойынша арнайы инженерлік-технологиялық топ құрылып, оған жетекшілік етуге мені тағайындады, — деді Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев екеуара шешіле әңгімелескен соңғы жүздесуімізде.

– Бұл топқа жаңа кенішті игеруге қатысты (оның ішінде маман-кадрларды іріктеу, оқыту мен даярлау да бар) барлық жұмысты үйлестіру мен бақылауға басшылық жасау жүктелді. Біздің бастамамыз­бен барлау бұрғылауынан өткен ұңғылар орнына кешенді сынақ полигонындағыдай тәжірибелік- өнеркәсіптік қондырғыларды орнату, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жобалау жөнінде шешім алынды. Мұндай полигонның қажеттігі КСРО- да тап осындай ірі кен орнын жасақтау технологиясы мен құрал-жабдықтары жоқтығынан туындаған еді…

 Айтса айтқандай-ақ, мол қазынаға қол жеткізу – әлі жарты ырыс, оны пайдаға жарату ғана – мол ырыс. Осы тұрғыдан алғанда, Нұрлан Өтепұлының әңгімесінен сол шақтағы жанкешті жұмыс барысын көз алдыма елестет­кендей болдым. Ол айтқан тәжірибелік- өнеркәсіптік қондырғылардың іске қосылуы бұрғылау ұңғылары бойынша зерттеу жұмыстарының кешенді жүруіне жол ашты, оған түрлі ғылыми-зерттеу және жобалау институттарының жетекші мамандары қатысып, металлургия, химия, мұнай химиясы салалары өнімдерінің тәжірибелік үлгілерін сынақтан өткізді. «Міне, осы кезде өз басым «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінің бас директоры Бөлекбай Сағынғалиев пен бас геолог Жолдасқали Досмұхамбетовтың тұзасты түзілімдерінде мұнайдың мол қоры жатқандығына деген фанатикалық сенімдеріне айқын куә болдым» деді Нұрекең.

– Иә, ол жылдар да менің еңбек жолымда ерекше із қалдырды, — деді Нұрекең. – Кейін одақтық министрлікте қызмет істей жүріп, мен кеңестік мем­лекет тәжірибесінде жаңалық болып есептелген өндіріске қажетті озық құрал-жабдықтар таңдау мен сатып алу, шетелдік мердігерлерді тартудың шарттарын жасақтауға қатыстым. Сол кезеңнің мамандары білетін шығар, технологиялық құрал-қондырғыларды жобалау мен жеткізу Лурги-Литвин-Ла­валин консорциумы (1991 жылға дейін жылына 3 млн. тонна мұнай өндірісіне негізделген үш кешенді технологиялық желі сатып алынған) арқылы жүргізіліп, ал, кен орнында құрастыру-жайғастыру жұмыстарымен венгерлік «Ведепсер» компаниясы айналысты…

Жақында жеке мұрағатымды ақтарып отырып, кезінде «Ведепсер» компания- сы жүргізген Теңіз газ өңдеу зауыты құрылысының басшысы Ласло Немет- тен сұхбат алған қойын дәптерімді та- уып алдым. Онда: «Сіздің мамандармен жұмыс жасау біздерге оңайға соқты. Неге дейсіз ғой? Өйткені, бізде ортақ бір ғана мақсат болды: бұл – әлемдегі ең үздік жаңа зауыт тұрғызу. Құрылыс бірден сәтті басталды, өйткені, біз мұнда бес мың адам тұруға арналған шағын вахталық қалашықты шұғыл түрде тұрғызып қойғанбыз. Ол венгерлік құрылысшылар үшін екінші отанда­рына айналды. Мұнда жақсы ахуал қалыптасқан болатын. Енді орталық жинақтау орны мен 1-ші және 2-ші кешенді технологиялық желілердің құрылыстарын бастадық…» делінген екен..

Зауыт пен кәсіпшілік құрылысы қатар жүргізілді. Мұнай кәсіпшілігінің де топ­тастыру және жайғастыру жөніндегі ауқымды жұмыстары қатар жүргізіліп жатты. Теңіз кенішінің аумағы ол кез­де бұрғылау мұнаралары шаншылған жазық дала болатын. Зауыттың алғашқы кезегі қалыпты жұмыс жаса­уы үшін біртұтас тізбекке кем дегенде 25 ұңғыны қосу керек болды. Олар сынақ жағдайына дайын етілді де. Ал, болашақ газ өңдеу зауытының алғашқы қондырғылары қондырыла бастады.

Нұрлан Өтепұлы венгерлік құрылысшылар салған вахталық қалашықтың алғашқы кірпіші қаланған күнді де айрықша мән бере еске түсірді. «Митингті сол кездегі Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асқар Құлыбаев ашты да, КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігі атынан сөз сөйлеу құрметі маған берілді. Ол кезең қайта құру деп ұрандап, қайсы саладан да жаңа бетбұрыстар күткен шақ қой. Біздің сол үмітіміздің ақталғанын та­рих айқын көрсетті» деп тебіреніспен толғады Нұрлан Өтепұлы. Өйткені, оған одан кейін де Теңізден екі елі ажырамай­тын міндеттер жүктеліпті. Сол кездегі одақтық министр Василий Александро­вич Динков министрлікке қарасты бас басқармалардың жұмысын үйлестіру жауапкершілігін Н.Балғымбаевқа міндеттеді. Осы орайда Теңіз кенішін игеру жұмысына басшылық жасауға кейіннен министрдің орынбасары болған Станислав Михайлович Топлов, Юрий Федорович Вячеславцев, Вла­димир Александрович Надеин және басқалары да тікелей қатысқанын атап айтқан жөн.

Міне, Теңіз кеніші іске қосылатын шақ та келді. Бұл тарихи сәт 1991 жылдың 6 сәуіріне белгіленді. Зауыттың технологиялық желілерінің бәрі та­сылып әкелінген мұнайға толтыры­лып, қажетті температураға дейін қыздырылып, шарықтау шегіне жетіп тұрды.

«Бұл процесті суреттеп айтар бол­сам, мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы Каднен Құдабаев пен бас инженер Владимир Михайловтың бақылауымен операторлар Абдолхамит Артығалиев, Ғафур Әубәкіров, Мейрам Молдашев №8 ұңғының өнім шығатын тұтқасын ашты да, төрт сағаттан соң кеніш мұнайы зауыттың технологиялық елілеріне құйыла бастады. Зауыт бас­шылары Махошвили мен Зидиханов операторлар тобымен бірге мұнайдың қабылдануын бақылап тұрды. Осы сәт Теңіз кенішінен мұнай өндірудің баста­луы болып тарихқа енді. Ал, 8 сәуірде ілеспе газ тауарлық түрге келтіріліп, Орта Азия – Орталық магистралды құбыры арқылы жөнелтіле бастады. Мамырдың басында сұйық күкірттің алғашқы партиясы Алғаға жіберілді…» деген Нұрлан Өтепұлы Теңіз кенішінің іске қосылуына елеулі үлес қосқандар қатарында Жылбаев, Еламанов, Кен­жетаев, Панарин, Байзақов, Оңалбаев, Мұқышев, Жәкиев, Олияненко, Салықов, Сейітмағанбетов, Краснов, Сембиев, Кузьмин, Хисметов, Медеуов есімдерін құрметпен атады. Сондай-ақ, шетелдік мамандардан Ханс-Вернер Прайфер, Детлес Пройс, Йозев Горек, Гюнтер Эверс Нұрекеңнің жадында жатталып қалыпты.

Менің де көз алдыма сол тари­хи сәттен өзім тілдескен белді мамандардың жігерлі жүздері тізбектеіп келе берді. Міне, кешенді іске қосуға қатысқан оператор Абдолхамит Артығалиевтың мына бір пікірі де көне қойын дәптерден табылды. «Мен Теңіз кенішіне 1983 жылы әскерден оралысы­мен келдім. Жүргізуші болып жасағым келген, бірақ мені ұңғыларды сынайтын операторға көмекші етіп қабылдады. Өңкей жас жігіттерміз: Борис Васильев, Әнуар Жәкиев, Ғафурын Исламов, Болат Ерниязов, Мәлік Тілегенов, Марат Байбосынов, Нысанбек Молдиев… Жұмысты күндіз-түніне қарамай, ретіне қарай жасай беретінбіз. Ұңғылардың бәрін де біз сынап шықтық..

Зауыт іске қосылғанда мен ұңғыдағы мұнайды зауытқа айдайтын тетікті басу бақытына ие болдым. Бәрі де әдеттегідей болған, бірақ, «зауыт жұмыс жасай бастады» деген хабар келгенде ерек­ше қуандық. Мұның Қазақстандағы ең ірі зауыт екені, оны өзіміздің тұрғызғанымыз және өзіміздің осында жұмыс жасайтынымыз бізді ерекше бір мақтаныш сезіміне бөлейді…» деген екен ол.

Иә, сол 6-шы сәуірден кейін Теңіз кезеңі жаңа есептеуін бастады. Сынақтан өткізу жалғасып жатқанымен, кешен тұрақты жұмыс жасап, тәжірибелік- өнеркәсіптік пайдалану кезеңі өріс алды. Бәрі де ойдағыдай жүріп жатты. 15 мамырда Теңізге одақтың салалық өнеркәсіп министрлерінен бастап жоғары лауазым иелері бар көп қонақ келді. Теңіз газ өңдеу зауыты сол күні химия өнеркәсібі үшін теміржолмен жоғары сапалы кесек күкірттің алғашқы эшелонын жөнелтті. Одан, тіпті, естелік «медаль» да құйылды. Бәрінен бұрын бұл күкірт кешеннің технологиялық схемасының «сағат секілді» жұмыс жа­сап тұрғанын айғақтаған болатын.

Сөйтіп, қиял шындыққа айнал­ды да, өзінің маңызын арттыра түсті. Теңіз шағаласының қанатына ілесіп мынау ұланғайыр даланың биігіне шарықтай өрлеген «Теңіз» деген асқақ ұғым енді өмірімізді ба­тыл да, күрт жаңартқан айқындауыш мәнге айналды. Жаңа мұнай-газ кешені бүкіл әлем назарын өзіне ау­дартты. Ол өзімен қызметтес болғысы келгендердің бәрін де өзіне шақырып, мынау кәрі Каспий жағалауына барлық күш-жігерді топтастырып, есік қаққан жаңа мыңжылдықты жақындата түсті. Мұнайлы Теңіз «ел экономикасын алға тартушы локомотив» деп те ата­ла бастады. Алайда, тап сол кезде бұл локомотивтің жәй ғана алға қарай емес, мүлдем жаңа кезеңге қарай зымырап бара жатқанын көп жұрт әлі білген жоқ еді. Білсе, Нұрлан Өтепұлы сынды сол жаңа өндірістің ыстық-суығына қанық бірлі-жарым тұлғалар ғана ішкі бір түйсікпен пайымдағандай еді…

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,
ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі,
Жылыой ауданының Құрметті азаматы

http://atr.kz/bez-rubriki/saraptama-dүnie-zhүzin-dүrliktirgen-dert-el-ekonomikasyna-қalaj-әser-etpek/

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button