«ҚазТрансГазАймақ» атыраулық абоненттерге 65 млн теңгені кері қайтаруда
Аtr.kz/8 маусым, 2020 жыл. Атырау облысында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Атырау өндірістік филиалы 65 млн теңге көлемінде заңсыз пайда тапқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атырау облысының прокуратурасы газ тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалының қызметіне талдау жүргізген.
«Филиал «Табиғи монополиялар туралы» Заңның 24-бабының талаптарын бұзған. Тұтынушылардан газға қосу қызметі үшін заңсыз төлемдерді талап етіп, 2018-2019 жылдары 65 млн теңгені кірістеген. Осы заң бұзушылықтар үшін филиал ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 164-бабы 4-бөлігіне сәйкес (табиғи монополиялар туралы заңнаманы бұзу) әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мемлекет пайдасына 4 млн теңге айыппұл өндірілді. Прокуратураның араласуымен облыс тұрғандарына газға қосу қызметтері тегін жүргізілетін болды. Заңсыз тәжірибе тоқтатылды», — деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ, прокурорлық қадағалау актісі негізінде 21 млн теңге көлемінде заңсыз алынған төлемдер кәсіпкерлердің жеке шоттарына кері қайтарылған. Ал, жеке тұлғаларға 44 млн теңге қайтарылуда.