Қазір Атырау мұнай өңдеу зауыты 2 миллирд доллар несиені төлеуде
Atr.kz/17 маусым, 2019 жыл. Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнайды терең өңдеу кешенінің құрылысы аяқталды. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жұмыс зауытты жаңғыртудың үшінші кезеңі саналады.
Қаражатты үнемдеу мақсатында өндіріске жаңа технологиялар енгізілуде. Өткен жылы байырғы кәсіпорын алғаш рет 5,2 млн. тонна мұнай өңдеді. Бұл – АМӨЗ тарихындағы шикізат өңдеудегі рекордтық көрсеткіш. Жоғары октанды бензин шығаруда бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жетіп, бұрынғыдан 89 пайызға өсті.
Дегенмен, алыптың адымын аштырмай отырған проблемалар бар. Қазір өндіріс орны бар тапқан табысын қайта құрылымдау үшін алынған несиені төлеуге жұмсауда. Қайтарылуы қажет қарыздың көлемі 2 млрд. АҚШ долларын құрайды.
Сапалы өнім еселенбек
Зауыттағы қайта жаңғыртудың екі кезеңі ароматикалық көмірсутектер өндіру және мұнайды тереңдетіп өңдеу кешендері ішкі нарықты сапалы мұнай өнімдерімен қамтамасыз етеді. Олардың ерекшелігі – К4 және К5 экологиялық стандарттарына сәйкес келуінде.
«Атырау МӨЗ» ЖШС-нің бас директоры Шухрат Данбайдың айтуынша, бүгінде өндірісте каталитикалық крекинг, газ тазарту және күкірт өндіру технологиялық қондырғылары іске қосылды. Жоғары октанды бензин өндірісі ұлғайтылды.
– Жүргізілген жаңғырту жұмыстары мұнай өңдеу тереңдігін және зауыттың қуаттылығын жылына 5,5 млн. тоннаға дейін ұлғайтуға, 2,4 млн. тонна шикізатты (мазут, вакуумды газ майы) өңдеуге жол ашады. Сонымен қатар, жоғары октанды бензиннің, авиация және дизель отынының өндірісін ұлғайтуға ықпал етеді, — деді кәсіпорын басшысы.
Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені ашық түсті мұнай өнімдерін 71 пайызға, жақын арада өңдеу тереңдігін 90 пайызға дейін көтеруге жағдай жасады. Атырау МӨЗ өткен жылдың соңынан бастап өнеркәсіптік көлемде параксилол, РТ әуе отыны өнімін шығара бастады. Алдағы уақытта Khazar–32 дизель отынының жаңа түрін өндіруге мүмкіндігі бар. Көлемі жылына 251 мың тонна болатын JET А1 әуе отынын нарыққа жөнелтуді ойластыруда.
Зауыттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, былтырдан бері мұнда дизельдік отынның К4, К5 стандарттары өндіріле бастады. Өндіріс орнының жоғары сапалы әрі жаңа өнімі ерекше сұранысқа ие болып отыр. Жаңа технологияға бағытталған жұмыс еңбек өнімділігін арттырып, алып нысанды бәсекеге қабілетті ете түсуде.
Жаңа кешеннің ерекшелігі
З а у ы т т а ғ ы « U O P » ( А Қ Ш ) компаниясының технологиялық үрдістерінде катализаторлар ауыстырылды. Осының нәтижесінде гидротазалау кезіндегі дизельдік отындағы күкірттің мөлшерін К5 стандарты үшін 2-3 ррм көрсеткішке, ал, К4 стандарты үшін 50 ррм өлшем бірлігіне төмендету мүмкін болды.
Атыраудың алып өндірісі мұндай нәтижеге 12 технологиялық қондырғыдан тұратын мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені арқасында қол жеткізді. Автокөлік жанармайын өндіруді екі есеге арттыруға мүмкіндік берген жаңа технология зауытты жаңғырту кезінде салынған еді. Кешеннің басты қондырғысы – каталитикалық крекинг R2R–Axens компаниясының технологиясы бойынша қолданысқа енгізілді.
Әлем бойынша мұндай қондырғының саны екеу болып шықты. Бірі – Мәскеу мұнай өңдеу зауытында, екіншісі Қытайда екен. R2R-дің ерекшелігі – сұйытылған газ, жанармай және жеңіл газ тәрізді бағалы, жоғары сапалы өнімдер шығаруға мүмкіндік беретін екі регенератордың болуы.
Осылайша, өндірістік күрделі жобаның жүзеге асуы нәтижесінде Атырау мұнай өңдеу зауытының екінші өмірі басталуда. Енді зауыт жыл сайын 1,745 млн. тонна автокөлік бензинін, 244 мың тонна авиакеросин, 1,64 млн. тонна дизель отынын шығаратын болады. Мазут шығару көлемі 193 мың тоннаға дейін қысқарады. Барлық мотор отыны Еуро-5 стандарттарына сәйкес келеді.
Несие көлемі – 2 млрд. доллар
Алайда, Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметінде басты проблема бар. Ол өндірісті жаңғыртуға жұмсалған несиені өтеудің қиындығы болып тұр. Оның көлемі 2 млрд. долларды құрайды. Кәсіпорын жылына шамамен 300 млн. доллар мөлшерінде міндетті төлемді төлеуде. Мұндай жағдай еліміздің басқа мұнай өңдеу зауыттарының бірде бірінде жоқ. Өйткені, Атырау кәсіпорнына жұмсалған инвестицияның көлемі өте үлкен.
– Қазір біз несие төлемін белгіленген кестеге сәйкес төлеп келеміз. Барлық табысымыз осы мақсатта жұмсалуда. Сонымен бірге, ұжымның еңбекақысы, салық, жөндеу жұмысы, тағысын тағы міндетті өтемдер бар. Осының бәрін санай келгенде кәсіпорын ешқандай табыс тауып отырған жоқ деуге болады, — деді «Атырау МӨЗ» ЖШС-нің бас директоры Шухрат Данбай.
Несиенің негізгі төлемі мен проценттік өсімді төлеу 2023 жылдан бастап жеңілдейді екен. Оған дейін серіктестік шикізат өңдеуден түскен пайданы бөліп беруге мәжбүр. Соған қарамастан зауыт өндіріске жаңа технология енгізуге ұмтылуда. Канаданың «RLG International» компаниясымен ынтымақтастыққа ерекше маңыз беріп отыр.
Оның күрделі жөндеуге дайындық және оны жүзеге асыру жүйесі тиімділігін көрсетті. Мәселен, биылғы наурыз айында осы жүйе арқылы жөндеу жұмысын белгіленген мерзімнен бір күн бұрын ерте бітіруге мүмкіндік туды. Бұл – ақшаға шаққанда бірнеше миллион теңге.
Азамат БАЗАРБАЕВ
Былтыр өндірілген мұнай – 5,2 млн. тонна
Бұл – рекордтық көрсеткіш!
Жоғары октанды бензин – 1,1 млн. тонна
Шығарылатын сапалы өнім:
реактивті отын, К5 экологиялық класты ПТФ-25 және қысқы дизель отыны
Өнеркәсіп қуатындағы өсім – 500 мың тонна
Ашық түсті мұнай өнімінің өсімі – 71 пайыз
Жанармай стандарты – Еуро-5