Қазақтың даңқты желаяғы Әмин Тұяқов «Атырау облысының Құрметті азаматы» атанды
Бүгін аймақ басшысы Серік Шәпкенов жеңіл атлетикадан Әлем чемпионы, Киев және Париж эстафеталарының әлем рекордсмені, Қазақстанда жеңіл атлетиканың дамуына бас жаттықтырушы ретінде сүбелі үлесін қосқан Әмин Тұяқовты қабылдады.
Жиынға облыстық мәслихат хатшысы, мәслихат депутаттары, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ардагерлері қатысты.
Кездесу барысында Әмин Тұяқовқа өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқаны үшін облыстық мәслихаттың 2022 жылғы 24 қарашадағы №206-VІІ шешімімен «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағы берілді.
— «Қазақтың желаяғы» деген атақ кез келген адамның маңдайына бұйыра бермесі анық. Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» десе, спортта да намыс пен мінез болмаса, жетістікке жету қиын. Бұл қасиет сіздің бойыңыздан табылып, аламан жарыста жеңіс тұғырынан көрініп, өзіңізді дәлелдей білдіңіз. Сіздің «Мен қазаққа ортақпын» деген сөзіңіз жастарды бөліну емес, бірігуге шақырды. Жастарымыз да, спортшыларымыз да сізге қарап бой түзейді, тәрбие алады. Еліңіз сізді қай уақытта да құшағын жайып күтеді, — деді Серік Шәпкенов.