
Қазақстанның ІТ әлеуеті Иордания Короліне таныстырылды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордания Королі ІІ Абдалланың Astana Hub халықаралық ІТ кластеріне сапары – еліміздің цифрлық саласындағы табыстары мен әлеуетін танытатын маңызды оқиға болды.
Бүгінде Astana Hub – Орталық Азиядағы ең ірі инновациялық орталық ретінде халықаралық қауымдастықтың назарын аударып отыр. Мұнда жұмыс істейтін 1700-ден астам ІТ-компанияның, сондай-ақ жасанды интеллект, стартап, білім беру және киберқауіпсіздік бағытындағы жобалардың табысы – Қазақстанның заманауи технологияларды дамытуға басымдық беріп отырғанының айғағы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрлық трансформацияны ұлттық дамудың негізгі бағыты ретінде белгілеуі – нақты нәтиже беріп отыр. 2023 жылы ІТ-салаға тартылған инвестиция көлемі 700 млн доллардан асып, ІТ-қызмет экспорты 650 млн долларға жеткені – осы бағыттағы стратегиялық жұмыстың жемісі.
Сапар аясында ІІ Абдаллаға AlemAI жасанды интеллект орталығының тұжырымдамасы ұсынылуы – Қазақстанның жаһандық технологиялық диалогқа белсенді қатысып жатқанын білдіреді. Бұл бастама екі ел арасындағы ғылыми-инновациялық серіктестікті нығайтуға да жол ашады.
Astana Hub – тек ІТ-кәсіпкерлердің ғана емес, жастардың да даму алаңы. Tech Orda және басқа да бағдарламалар арқылы мыңдаған жас білім алып, заманауи салаларда сұранысқа ие маманға айналуда.
Мұндай бастамалар – Қазақстанның болашағы сандық, инновациялық және білімге негізделген қоғамда екенін көрсетеді. Еліміз тек Таяу Шығыс елдерімен емес, жаһандық технологиялық көшпен тең дәрежеде әріптестік орнатуға дайын екенін дәлелдеп отыр.
Іңкәр ЖӘНІБЕКОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультеті, “Бағдарламалық инженерия” кафедрасының меңгерушісі, магистр