Қазақстаннан ҰҚШ әскерилері шығарыла бастады
Қазақстаннан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы әскерилері шығарыла бастады.
«Бүгін, 13 қаңтарда ҰҚШҰ бітімгершілік күштері Қазақстан территориясынан шығарыла бастайды. Әскерилерді шығару мерзімі 10 күнге созылады» деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қазір елімізде Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения және Тәжікстаннан келген 2000-ға жуық әскери қызметкер бар.
Шетелдік контингент стратегиялық нысандарды күзетуді Қазақстанның әскери қызметкерлеріне тапсырды.
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы контингенті Қазақстан аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан жоқ.
Олар Алматыдағы және қалаға іргелес аудандардағы стратегиялық объектілерді күзетуге жұмылдырылды.
Еске сала кетелік, 11 қаңтар күні Мәжілістің пленарлық отырысына қатысқан Президент Қасым — Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ әскерилері Қазақстандағы бітімгершілік миссиясын сәтті аяқтағанын атап өткен еді.
Кеше, яғни, 12 қаңтар күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Бас хатшысы Станислав Засьті қабылдап, террористік акті кезінде Қазақстанға көрсеткен көмек үшін алғыс білдірді.