Қазақстандықтар Наурызда Өзбекстанға саяхаттай алады
Биыл 20-25 наурыз аралығында үшінші трансшекаралық «Jibek Joly» туристік пойызы жолға шығады. Биылғы ерекше саяхаттың бағытына Тараз қаласы қосылды.
Ашық дереккөздердегі мәліметке сүйенсек, тур бағдарламасы Қазақстан мен Өзбекстанның Алматы – Түркістан – Ташкент – Самарқанд – Тараз – Алматы қалаларын қамтиды. 5 күндік саяхат барысында туристер көне шаһарлардың бай тарихымен танысып, Ұлы Жібек жолының ізімен жүріп өтеді.
Наурыз мейрамының қарсаңында ұйымдастырылған тур қатысушыларға қос мемлекеттегі мерекелік дәстүрлерді тамашалауға мүмкіндік береді. Шығыстың ерекше атмосферасын сезініп, тарихи орындарды аралап, ұлттық тағамдардан дәм тату – осының барлығы «Jibek Joly» пойызының жолаушыларына ұмытылмас әсер сыйлайды.
Айта кету керек, екі елдің арасындағы туризмді дамытып, халықтар арасындағы достықты нығайту мақсатындағы Халықаралық турды ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен «Жолаушылар тасымалы» АҚ, республикалық «Қазақстан туризм индустриясы» қауымдастығы және «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ қолға алып жатыр.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Сурет: rail-news.kz