
Қазақстандық инженерлер Испанияда оқиды
Инжиниринг – заманауи өндірістің негізі, ал мұнай-химия саласы – Қазақстан экономикасының маңызды драйверлерінің бірі. Испаниядағы Tecnicas Reunidas компаниясында білім алу арқылы біздің жас мамандар халықаралық деңгейде мойындалған, үздік технологиялармен жұмыс істеу тәжірибесін игереді. Бұл оларға тек кәсіби машықтарын жетілдірумен шектелмей, шетелдік әріптестермен бірлесе жұмыс істеуге, жобаларды басқаруға және жаңа шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді. Демек, бұл бағдарлама ұзақ мерзімді перспективада еліміздің өндірістік және технологиялық әлеуетін арттыруға сеп болмақ.
Бағдарлама түлектерінің Tecnicas Reunidas компаниясының халықаралық жобаларына қатысуы – олардың тек білім алып қана қоймай, нақты істермен айналысып, тәжірибеден өтуіне жол ашады. Бұл – әлемдік нарықта сұранысқа ие инженерлер тобын қалыптастырудың тиімді моделі.
Сонымен қатар, жұмысшы кадрлар даярлау бағыты да өте өзекті. Атыраудағы APEC колледжі базасында жүзеге асырылып жатқан бұл бастама – еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің мұнай-химия өндірісінің нақты қажеттіліктеріне бейімделуінің бір көрінісі. Жергілікті жастарды өндірістік жобаларға тарту, оларға заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді үйрету – бұл тек әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, отандық кадр резервін қалыптастыруда үлкен рөл атқарады.
ҚР Энергетика министрлігінің бұл бастамасы адами капиталды дамыту арқылы мұнай-химия саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жүйелі әрі дұрыс шешім деп есептеймін. Мұндай жобалар Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге және отандық мамандардың әлемдік деңгейде мойындалуына жол ашады.
Данагүл ЖАЙЛАУБАЕВА,
“АРЕС PetroTechnic” жоғары колледжі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары