Жарнама
Жаңалықтар

Қазақстанда жылжымайтын мүлікті сақтандыру құны қанша тұрады?

Қазақстанда үйді өрт, зілзала, ұрлық пен жоғары қабаттағы көршінің су ағызып жіберуінен сақтандыруға болады. Kazinform тілшісі сақтандыру полисін рәсімдеу кезінде бұл қызметтердің құны қанша тұратынын анықтап білді.

Сақтандырудың қыр-сыры

Мүлікті сақтандыруға көп фактор әсер етеді. Қазіргі кезде еліміз бойынша сақтандыру тарифі (бір компанияның әртүрлі аймақтағы бағасы) шамалас болып келеді. Сақтандырушылар жылжымайтын мүліктің нарықтағы бағасының 0,1% — 0,35% аралығындағы бағаны ұсынады. Мәселен пәтер бағасы 30 млн теңге болса, сақтандыру компаниясы қызметі үшін жылына 24-90 мың теңге аралығында ақы сұрайды.

Сақтандыру тарифі аймақтарда кейде әртүрлі болып келеді. Әсіресе айтып келмейтін табиғи жағдайлар көп әсер етеді. Оның ішінде ара-тұра жер сілкісіні тіркелетін Алматыда өзгелерге қарағанда жоғары тариф ұсынылады. Сонымен бірге сақтандыру полисінің тарифі жылжымайтын мүліктің нарықтағы бағасына тікелей тәуелді. Үй неғұрлым қымбат болса, сақтандыру тарифі де жоғары болмақ. Сонымен бірге үйдің қай жылы салынғаны, неден салынғаны, қабаты мен үйдің жалпы жағдайы ескеріледі. Сақтандырушылар мұның бәрін қалт жібермейді.

Географиялық орналасуыда негізгі фактор болып саналады. Зілзаламен қатар су тасқыны да сақтандырушы компания ұсынатын қызмет түріне кіреді. Сақтандыру компаниялар өрт, ұрлық, табиғи апат пен түрлі қауіпті құбылыстардан сақтануға кеңес береді. Тәуекел аймағындағы тариф те сәйкесінше жоғары болады. Сонымен бірге франшизаның да әсері бар. Онда сақтанушы өз еркімен ақша төлеп отырады.

Бұл бағытты бөлек алып қарастырған жөн. Сақтанушы сақтандыру компаниясы шығынының бір бөлігін өзі өтейді. Франшиза көлемі сақтандыру полисінің бағасына байланысты. Франшиза көп болса, сақтандыру құны төмен болады. Мәселен сақтандыру сомасының 0,5% франшиза (20 млн теңгенің пәтері үшін 100 мың теңге) болса, сіз шығыныңыз франшизадан асып кетсе ғана төлем ала аласыз. Оның да өз бұлтарыс тұстары бар.

Франшиза

Франшиза шартсыз және шартты болып бөлінеді. Біріншісінде сақтандыру компаниясы шығын айырмашылығы мен франшизаны төлейді, екіншісінде шығынды толық өтейді. Егер сіздің шығыныңыз 300 мың теңге болса, ал франшиза 100 мың теңге деп бекітілсе, онда компания тек айырмашылықты, 200 мың теңгені төлейді. Ал шартты франшизада шығын толық өтеледі, яғни, 300 мың теңге төлейді. Дегенмен екі жағдайда да 99 мың теңге көлеміндегі шығын өтелмейді.

Сондықтан полисті таңдаған кезде франшиза көп болған сайын сақтандыру құны арзандай түсетінін есте сақтаған жөн. Бірақ франшиза қымбат болса, шығын кезде өтемақы көп болады.

Жоғары франшиза қай кезде тиімді? Біріншіден, егер сіз аз-маз шығынды өзіңіз өтей алатындай (мәселен, шағын тасқын) қауқарлы болсаңыз. Оның ішінде сақтандыру құнын азайтқыңыз келсе, егер пәтеріңіз жаңа, апатқа төзімді болса тиімділігі жоғары деп саналады.

Егер сіздің мүлкіңіз қымбат болса, тіпті кішкентай ғана табиғи апат шығыны қомақты қаржы талап етсе, үйіңіздің құбырлары ескі, зілзала, тасқын кезінде бұзылып қалу қаупі жоғары болса, пәтеріңізді ипотекаға алған болсаңыз, франшизадан бас тартқан абзал.

Жан-жақты ақпарат алу үшін бірнеше сақтандыру компаниясына жүгініп, тариф жайын салыстырған жөн. Сол кезде тиімді тұстарын ақылдаса шешуге болады. Сонымен бірге сақтандыру компаниялары сайт арқылы онлайн-калькулятор қызметін де ұсынады.

Қызмет құны қанша теңге тұрады?

Сақтандыру полисінің тарифін білу үшін алдымен аймақтардағы тұрғын үй құнын анықтап алған жөн. Ол үшін біз krisha.kz сайтына кіріп, 2025 жылы пәтер ауданының орташа шаршы метрі қанша теңге тұратынын анықтап білдік. Үш бөлмелі 80 шаршы метрлік пәтердің құнын негізге алынды. Бұл жерде пәтер құнының 0,2% сақтандыру түрі (барлық тәуекелден сақтау, төмен тариф және франшизасыз)таңдалды.

Қазақстан бойынша Алматы мен Астанада пәтерді сақтандыру құны жоғары. Астанада полис жылына 82 мың теңге (айына 6833 теңге) тұрады. Ал Алматыда біз таңдаған сақтандыру полисі жылына 119,2 мың теңге (айына 9 933 теңге) тұрады. Дегенмен сейсмикалық тұрғыда қауіпті аймақта бұл тариф құны одан да жоғары болуы мүмкін.

Пәтер бағасы жоғары болған соң сақтандыру тарифі Шымкентте (жылына 69,2 мың теңге, айына 5 767 теңге), Атырауда (жылына 64 мың теңге айына 5 767 теңге), Қонаевта және Петропавлда (жылына 61,4 мың теңге, айына 5 117 теңге), Өскеменде (жылына 61,2 мың теңге, айына 5 100 теңге) деп есептелген.

Қостанайда полис құны жылына 60,4 мың теңге болса, айына 5 033 теңгеден келеді. Ақтауда (жылына 60,2 мың теңге, айына 5 017 теңге), Қарағандыда (жылына 59,6 мың теңге, айына 4 967 теңге), Павлодарда (жылына 59,2 мың теңге, айына 4 933 теңге), Семейде (жылына 57,6 мың теңге, айына 4 800 теңге) және Жезқазғанда (жылына 56,4 мың теңге, айына 4 700 теңге) болып тұр.

Сақтандыру тарифі арзан өңірді Орал бастап тұр. Мұнда тұрғындар жылына 52,4 мың теңге төлейді, демек айына 4 367 теңге есептеледі. Түркістанда сәл арзан. Мұнда жылына 52 мың теңге есептелген. Айына 4 333 теңгеден келеді. Көкшетауда тұрғындар жылына 50,6 мың теңге төлей алады, айына 4 217 теңгеден шығады. Ал Талдықорғанда пәтердің нарықтағы бағасын есептегенде жылына 49,8 мың теңге шығып тұр. Бұл дегеніміз айына 4 150 теңге.

Үздік үштікке Ақтөбе қаласы ілігіп тұр. Мұнда 80 шаршы метрлі 3 бөлмелі пәтерді сақтандыру құны 48,4 мың теңгені құрайды. Ай сайын есептегенде 4 033 теңге болады. Таразда полис үшін жылына 48 мың теңге төлеу қажет болады. Айына есептегенде 4 мың теңге шығады. Ең арзан сақтандыру полисі Қызылорда қаласында болып тұр. Мұнда жылына 39 мың теңге, айына 3250 теңге шығып тұр.

Еске салсақ, былтыр 10 айда сақтандыру компаниялары 177,1 млрд. теңге пайда тапты.

Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың мүлкін сақтандыру жүйесін одан әрі жетілдіру жолдарын қарастыруды тапсырған еді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button