Жарнама
Жаңалықтар

Қазақстанда жаңа институт құрылды

Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы маңызды жаңалықпен толықты. Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының негізінде «Қазақ жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты» құрылды. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 15 қарашада ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің алғашқы форумында берген тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылды. Институт «Ұлттық ғылыми-білім беру орталығының» құрамында жұмыс істейді. Бұл туралы республика Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.

Жаңа институттың басты мақсаты – жылқы шаруашылығын ғылыми негізде дамыту. Мұнда асыл тұқымды жылқылардың сапасын жақсартуға, олардың генетикалық әлеуетін арттыруға және отандық тұқымды халықаралық нарыққа шығаруға бағытталған зерттеулер жүргізілмек. Алдағы бес жылда асыл тұқымды жылқылардың санын 6-7 пайызға арттыру жоспарланып отыр.

Жергілікті тұқымдарды – қостанай, адай, мұғалжар, жәбе және күшім жылқыларын көбейту үшін селекциялық және асылдандыру жұмыстары күшейтіледі. Сонымен қатар, жылқылардың генетикалық деректерін сақтау үшін арнайы деректер қоры мен ұрықтар мен эмбриондар банкі құрылмақ.

–Институт жұмысының негізгі бағыттарының бірі – арнайы зертханалық орталықтар мен пункттер құру. Мәселен, биелерді қолдан ұрықтандыру зертханасы және жылқы ветеринарлық клиникасы іске қосылады. Бұл ветеринарлық қызметтердің сапасын арттырып, жылқы өсіру саласындағы мамандардың кәсіби даярлығын жақсартуға мүмкіндік береді. 2035 жылға дейінгі стратегиялық жоспарларда жылқылардың өнімділігін 20-25%-ға арттыру көзделген. Бұл үшін селекциялық және технологиялық әдістермен отандық жылқы популяциясының генетикалық әлеуеті күшейтіліп, Қазақстанның түрлі аймақтарындағы шаруашылықтарға енгізіледі, — делінген министрліктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Институт әлемдік деңгейдегі зерттеу орталықтарымен, университеттермен және заманауи зертханалармен ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отыр. Бірлескен ғылыми бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы шетелдік тәжірибені енгізіп, жылқы шаруашылығын халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті ету көзделуде.

Қазақстанның жылқы шаруашылығы саласындағы бұл қадам отандық өнімнің сапасын арттырып, әлемдік нарықта танылуына ықпал етпек. Институттың жұмысы ғылыми зерттеулер мен тәжірибені ұштастыру арқылы еліміздегі жылқы шаруашылығының жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button