Қазақстанда үй алу үшін зейнетақы жинағынан қаражатты қалай алуға болатыны айтылды
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов зейнетақы жинағын мақсатты пайдалануға қатысты түсінік берді» деп хабарлайды Atr.kz
«Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын іске асыру үшін азаматтар, ең алдымен, өз жинағын тексеріп, «жеткіліктілік шегінен» асатын қажетті соманың бар екеніне көз жеткізуі тиіс. БЖЗҚ Қордың сайты немесе ұялы қосымшасы арқылы үзінді-көшірме алудың қолжетімді және жедел тәсілдерін ұсынады. Зейнетақы шотының жай-күйін egov.kz порталы арқылы да тексеруге болады.
Зейнетақы жинақтарын алу туралы шешім қабылдаған адамдар тұрғын үй сатып алу және емделу мәселелері жөніндегі уәкілетті операторға (Отбасы банк) жүгіне алады. Уәкілетті оператордан хабарлама алғаннан кейін БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын уәкілетті оператордың арнайы шоттарына салу үшін аударуды жүзеге асырады», — деді Ж. Құрманов Орталық коммуникациялар қызметінде.
Сондай-ақ жеке кабинетте өзіңіздің «жеткіліктілік шегіңізді» (шотта қанша қаражат қалуы тиіс, әрбір жас санаты үшін ол әр түрлі) және ЖТС төлемін ескере отырып алуға болатын қаражат сомасын (егер сіз оны бірден төлеу қажет деп есептесеңіз) білуге болады.
Зейнетақы қорының сайтындағы салымшылардың жеке кабинетінде жинақты тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және (немесе) емделуге пайдалануға болатын сома көрсетілген жаңа «терезе» пайда болды.