Қазақстанда тазы мен төбет күні аталып өтіледі
Елімізде тазы және төбет күнін мерекелеу ұсынылды. Бұл туралы «Ашық НҚА» порталында бұйрық жарияланды.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысына толықтыру енгізді. Оған сәйкес, 3 қыркүйек – қазақы ит тұқымдарының күні атап өту ұсынылып отыр.
– Қазақ ит тұқымдары күнін белгілеу қазақ халқының ұлттық мәдени мұрасына, тарихы мен дәстүрлеріне деген қызығушылықты арттыруда маңызды қадам бола алады. Бұл күнге арналған іс-шаралар этнография мен Қазақстан мәдениетіне қызығушылық танытатын туристердің назарын аударар еді. Сонымен қатар, кинология және оған жақын салалардың дамуы жаңа жұмыс орындарын құруға және салық түсімдерін арттыруға мүмкіндік береді, бұл экономикалық өсу мен әлеуметтік тұрақтылыққа ықпал етеді, — делінген бұйрықта.
Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі. Аталған жоба 17 ақпанға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.
Еске сала кетейік, елімізде қазақ тазысы патент алды.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Президенттің Іс Басқармасына жеті қазынаның бірі – қазақы тазы мен төбет тұқымдарын сақтау жұмысын қолға алуды тапсырған еді.
Сондай-ақ былтыр қазақстандық ғалымдар тазының генетикалық құрылымын зерттеп, ерекше тұқым екенін анықтады.