Қазақстанда қаржы және экономикалық реформаларды бақылайтын орталық құрылды
Atr.kz/6 ақпан, 2020 жыл. Қазақстан Президенті Әкімшілігі жанынан әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау және мониторингтеу орталығы құрылды.
Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз — хатшысы Берік Уәли жазды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Орталықтың құрамына экономика және қаржы саласы бойынша белгілі қазақстандық сарапшылар кіреді, негізгі мақсаты – реформаларды жедел жүзеге асыру үшін нақты ұсыныстар дайындау.
24 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау және мониторингтеу орталығын құру туралы айтқан болатын.
«Орталыққа президент әкімшілігі басшысының әлеуметтік—экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Т.М.Сүлейменов басшылық етеді«, — деп жазды Уәли фейсбукте.
Орталықтың құрамына экономика және қаржы саласы бойынша белгілі қазақстандық сарапшылар кіреді.
Институттың негізгі міндеті – бейтарап сараптама әзірлеу және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жедел жүзеге асыру үшін нақты ұсыныстар дайындау.
Тимур Сүлейменов туралы не білеміз?
Тимур Сүлейменов 1978 жылы 5 сәуірде дүниеге келген. 2000 жылы Павлодар мемлекеттік университетін бітіріп, 2002 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Мэриленд университетінде іскерлік әкімшілендіру магистрі мамандығы бойынша білім алған.
Әр жылдары экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі, экономикалық даму және сауда вице-министрі, ұлттық экономика министрі қызметін атқарды. 2019 жылдың наурызында ұлттық банк төрағасының орынбасары болып тағайындалып, көп ұзамай президенттің көмекшісі болды.