Қазақстанда өлім-жітім төмендеді
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда 2022 жылы 133,5 мың адам қайтыс болды. 2021 жылмен салыстырғанда қайтыс болғандар саны 26,9%-ға азайған. Қайтыс болғандардың 62,4% 63 және одан жоғары жастағылар.
Өлім-жітімнің ең жоғары көрсеткіші Солтүстік Қазақстан (1000 адамға шаққанда 11,63), Шығыс Қазақстан (1000 адамға шаққанда 11,58) және Қостанай облыстарында (1000 адамға шаққанда 10,65) байқалды, бұл осы өңірлердегі халықтың жас құрылымымен байланысты.
2022 жылы өлім-жітімнің негізгі себептері қан айналымы жүйесінің аурулары – 22,7%, ісік – 10,4%, тыныс алу органдарының аурулары – 9,8%, жазатайым оқиғалар, улану мен жарақаттар – 8,4% және ас қорыту жүйесінің аурулары – 8% болды.
Былтыр 1 жасқа толмаған 3154 нәресте қайтыс болған, нәресте өлімі 1000 тірі туылғанға шаққанда 7,68 болды. (2021 ж. – 3732 нәресте, коэффициент – 8,44).