Қазақстанда әскери қызметшілерді запасқа шығару алғаш рет тоқтатылды
Аtr.kz/4 мамыр, 2020 жыл. Қазақстанда 2019 жылдың көктемінде әскерге шақырылған мерзімді әскери қызметшілерді запасқа шығару уақытша тоқтатылды.
Бұл туралы ҚР Қарулы күштері Бас штабының ұйымдастыру, жұмылдыру жұмыстары департаментінің басшысы Сәкен Жүсіпов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы ҚР заңына сәйкес Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін қолдау мақсатында ТЖ кезінде 2019 жылдың көктемінде әскерге шақырылған мерзімді әскери қызметшілерді запасқа шығару уақытша тоқтатылды.
Запасқа шығарғанға дейін осы әскери қызметшілерді киім-кешекпен, азық-түлікпен, қаржымен және медициналық тұрғыда қамтамасыз ету тәртібі сақталады. Сонымен қатар, барлық өңірде әскерге шақыру және медициналық комиссиялардың жұмыстары тоқтатылды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру мерзімдерін 2020 жылдың маусымынан тамызына ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойды», — деді Сәкен Жүсіпов ОКҚ-да онлайн-режимде өткен баспасөз мәслихатында.
Жарлыққа сәйкес азаматтарды әскерге шақырудың бұдан бұрын бекітілген мерзімін осы жылдың маусымынан тамызына дейін ұзарту көзделеді. Еске сала кетсек ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілерді запасқа шығару туралы Жарлыққа қол қойған болатын.