Жарнама
Жаңалықтар

Қазақстан металлургиясы жаңа дәуірге қадам басты

Қазақстан мен Қытай арасындағы кешегі келісімдер еліміздің индустриялық дамуы мен жоғары технологиялар трансфері саласында маңызды роль атқарады. «Qarmet» компаниясының әлемдік көшбасшы инженерлік корпорациялармен ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуы – еліміздің металлургиялық өнеркәсібін түбегейлі жаңғыртуға жол ашады.

Бұл келісімдер қарапайым модернизация емес, технологиялық трансформация. Сутекті металлургия, экологиялық таза өндіріс, цифрлық инжиниринг, ресурсты үнемдеу сияқты озық шешімдердің енуі – Қазақстанды жаңа индустриялық кезеңге шығарады.

Оның үстіне, бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтқан тапсырмаларымен толық үйлесетін бастама. Мемлекет басшысы экспортқа бағдарланған, экологиялық стандарттарға сай келетін өндірісті дамытуды міндеттеген болатын. Qarmet жобалары – дәл осы мақсаттарға жауап береді.

Тағы бір маңызды тұсы – жаңа өндіріс орындарының ашылуы мен білікті кадрларға деген сұраныстың артуы. Бұл өңірлік экономиканың дамуына да мультипликативті әсер береді. Мәселен, Жезқазған, Қарағанды секілді индустриялық аймақтар жаңа тыныс алады.

Жалпы, Qarmet-тің бұл қадамы – инвестициялық ахуалды жақсартудың, халықаралық сенімді арттырудың және Қазақстанды жоғары технологиялы металл экспорттаушы елге айналдырудың нақты мысалы.

Тельман ШҮРИЕВ,

тәуелсіз сарапшы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button