
Қазақстан автонарығында рекорд жаңарды
Биыл шілде айында Қазақстандағы автокөлік нарығы жыл басынан бергі ең жоғары сатылым көрсеткішіне қол жеткізді. Ресми дилерлер осы айда 20 165 жеңіл және коммерциялық көлік сатқан. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың шілде айымен салыстырғанда 10,6%-ға жоғары, — деп хабарлайды dauletten.kz.
Қазақстан автокөлік одағының мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында елімізде 125 034 жаңа көлік сатылған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 23,4%-ға артық.
Сарапшылардың айтуынша, нарықтағы бұл өсімге отандық автозауыттардың өндіріс көлемін арттыруы, жеңілдетілген автонесие бағдарламалары, тұтынушылар сұранысының тұрақты түрде жоғары болуы секілді бірнеше фактор әсер еткен.
Айта кетейік, шілде айында ең көп сатылған 10 автокөлік үлгісінің 8-і отандық өндірістен шыққан. Бұл – қазақстандық автоөнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігі артып келе жатқанының айқын дәлелі.
Қ.ШӘКІРОВ