Жарнама
Жаңалықтар

Қазақ атауының қайтарылғанына – 100 жыл

Бүгін қазақ тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі – “қазақ” атауының қайтарылғанына 100 жыл толды.

1925 жылы 15–19 сәуір аралығында Ақмешіт қаласында Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің V Бүкілқазақ съезі өтті. Дәл осы съезде республикаға “қазақ” деген тарихи атау ресми түрде қайтарылды. Бұған дейін Ресей империясының әкімшілік құрылымы қазақ халқын “қырғыз” деп атап келгені белгілі.

Съезде қабылданған шешіммен “Киргиз АКСР” атауы жойылып, орнына “Қазақ АКСР” атауы енгізілді. Бұл — ұлттық рухты жаңғыртуға бағытталған тарихи әрі тағдырлы қадам болды.

Қазақ атауын қайтару жолында ұлт қайраткерлері, әсіресе Сәкен Сейфуллиннің рөлі ерекше болды. Ол өз мақалаларында қазақ халқының тарихи атауын қалпына келтірудің маңызын бірнеше мәрте көтеріп, қоғамдық пікір қалыптастырды.

Сәкен Сейфуллиннің 1923 жылы «Еңбекшіл қазақ» газетінде Манап Шамиль бүркеншік есімімен жарық көрген «Қазақты “қазақ” дейік, қатені түзетейік» атты мақаласы – сол кездегі саяси сана мен тарихи әділеттің жарқын көрінісі болды. Мақалада орыс патшалығы тұсында “қазақ” деген атты қолдануға тыйым салынғаны, “қырғыз” атауының кемсітушілік реңкі бары ашық жазылды. Бұл мақала ұлт зиялыларының арасындағы қолдауға ие болып, нақты өзгерістерге жол ашты.

Соның нәтижесінде 1925 жылдың 19 сәуірінде Ақмешітте өткен тарихи съезде қазақ халқы өзінің тарихи атауын қайтарып алды.

Бүгін сол маңызды оқиғаға — 100 жыл. Бұл дата – тек атаудың өзгеруі ғана емес, тарихи әділеттіліктің салтанат құруының, ұлттық болмыстың қалпына келуінің айғағы.

Қ.ШӘКІРОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button