Қазақ әдебиетін қалай оқытамыз?
Atr.kz/9 тамыз, 2019 жыл. Бала кезде әуелі мұғалімдікке, кейін дәрігерлікке қызыққаным рас, дегенмен өмір жолы мені басқа салаға әкелді. Соның өзінде тағдырдың өзі мені мектептен алыстатпаған екен, оған да шүкір.
Өйткені нағыз ғылымның ордасы – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аспирантурада ұстазым Ұлттық Ғылым академиясының академигі Серік Смайылұлы Қирабаев болған, ол кісі кандидаттықты қорғатты. Кейін осы мекемеде он төрт жыл қызмет етіп жүргенімде, докторлық ғылыми дәрежесін академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасов қорғатты.
Бұл ұстаздарыммен бірге Алматыда еңбек еткен жылдары біздің институт он томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы», жүз томдық «Бабалар сөзін» қолға алып, жарыққа шығардық. Бұл іргелі ұжымдық зерттеулердің жазылуына менің де еңбегім сіңген еді. Осылайша үлкен ғылымда жүрген себепті мектеп оқулығын жазуға араласамын деген ой болған жоқ. Бірақ тағы да өмірдің өзі жол тауып, мені бала кездегі арман болған мұғалім қызметіне жақындатты, дәлірек айтқанда, мектеп оқулығын жазуыма жол ашты.
Бастапқыда «Оқулық» орталығына ғылым докторы ретінде сарапшы болдым. Кейін «Жазушы» баспасының директоры, көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Есенғали Әбдіжапарұлы Раушанов менің авторлық құрамға еніп, «Қазақ әдебиеті» оқулықтарын дайындауға араласуымды өтінді. Бас тарта алмадым, өйткені, сарапшы болған кезде кейбір авторлардың плагиаттықпен әуестену әрекеттерін байқап, дәлелмен қайтарып отырғанмын. Оқулық жазуда тәжірибем болмаса да, жаңа оқулық ұсыну мақсатында бұл өтініштен бас тарта алмадым.
Еліміздің жастары үшін таза, адал жұмыс жасауға ниет еттім. Ұстазым, академик Сейіт Қасқабасов, Есенғали Раушанов және мен – тұрақты авторлық құрамда еңбек етіп, «Қазақ әдебиетінің» 6 және 8, 9, 10-сыныптар үшін дайындалған оқулықтар, қосымша оқу құралдары Білім және ғылым министрлігінің барлық сараптамаларынан өтіп, еліміздің мектептеріне қолданысқа енді. Тек біздің елде ғана емес, посткеңестік ауқымда білім саласы реформаға көп түскені белгілі. Бірте-бірте әлемдік тәжірибелер жиналуда, оның тиімдісін қабылдау біздің өз еркімізде.
Ал, бүгінде соңғы жаңалықтардың бірі ретінде мұғалімдер үшін Блум таксономиясы түсінікті болды, бұл жаңартылған оқу мазмұны бойынша белгілі және ол оқытудың неғұрлым тұтас кешенін құруға бағытталған. Дегенмен, әр мемлекет, әр автор білім беру саласында көшірме болып қалмай, өз үлестерін қоса алады. Сондықтан, мектеп мұғалімдерімен байланыс орнату қажет-ақ.
Ардақты мұғалімдер ендігі білетін болуы керек, әйтсе де, ата-аналар ескеретін бір жағдай бар, «Қазақ әдебиетін» балама оқулық ретінде төрт баспа ұсынады. Бірақ бәріміз ұстанатын қазық біреу, ол – Білім және ғылым министрлігі бекіткен бағдарлама – одан ауытқуға болмайды. Әр бөлімге, яғни, әр тоқсанға бөлінген сағат саны да нақтыланған. Оқулық авторларының еркіндігі тек оқулықты ұйымдастыру тұрғысынан көрінеді. Сондықтан, қай ақын-жазушыны және оның қай шығармасы оқытылуы керек деген мәселеде оқулыққа өз еркімізбен басқа ақын-жазушыны қосып, оның шығармаларын ұсына алмаймыз.
Дегенмен хрестоматияда сәл еркіндік бар. Оны біз ұтымды пайдаланудамыз. Егер кітап көлемі көтерген жағдайда бағдарламада бар көрнекті ақын-жазушының басқа да шығармаларын таныстыруды ойлап, «Өз қызығушылығымен оқу үшін» деген айдар ашып, бір мүмкіндікті қолданысқа енгіздік. Мәселен, жаратылыстану-математикалық бағыттағы 10-сынып бағдарламасы
бойынша Медеу Сәрсекенің «Қаныш Сәтбаев» роман-эссесі оқытылады.
Блум таксономиясы бойынша салыстыра талдау тапсырмасы болуы керек, сол үшін Әбіш Кекілбайұлының «Шыңырау» повесін оқушылардың қызығушылығын тудыра алатын көркем дүние ретінде хрестоматияға ықшамдап бердік. Екі шығарманың кейіпкерлері екі дәуірдің ерекшелігін суреттейді. Сол себепті олардың халық үшін атқаратын еңбегінің тәсілі де әр басқа, ал, осыны жазушылар қалай жеткізді, көркем бейнелер қалай сомдалды, осылайша оқушыларды қызықтыра түсуді ойладық.
Сонда оқушылардың оқитын көркем шығармалар саны артады және оларды салыстыра талдайды. Әйтпесе, бір автор – бір шығарма деген қағида тарлық жасайтынын білеміз. Дегенмен, мұндай тәсілді көп қолдана берудің де реті келмейді. Оқушылардың салыстыра талдаулары үшін бағдарламада жоқ шығармаларды ұсына берсек, жүктеме артып кетуі мүмкін.
Мұндай болмауы үшін талдау жұмыстарына «Өздерің оқыған, өздерің білетін шығармалармен салыстырыңдар» деген тапсырмалар енгізілді. Сонда бұл тапсырмаларды орындаған оқушы да, мұғалім де өз беттерінше көркем дүниелермен таныс болып жүруді ойлайды. Балалар өздері осы кезге дейін көрген фильмдерінің негізінде де ашық диалогқа түсе алады.
Жаңа мазмұндағы «Қазақ әдебиетінің» басты мақсаты – оқушыларды креативті ойлауға бағыттау, ал, өмірге икемділік ұйымдастырылмаған жерде креатив болмайды. Сондықтан, жас ұрпақты өмірге икемдеу мақсатында «Жазушы» баспасы тапсырмалар қатарына «Оқу сауаттылығы» мен «Оқушы күнделігін» енгізді. Өйткені оқушы оқытылатын шығармадағы сөздің мағынасын түсінбесе, әдебиетті қалай жақсы көреді, әдебиетті қалай сүйсініп оқиды? «Оқу сауаттылығы» тест тәсілімен берілді, осылайша оқушы қисынды ойға маңыз бере отырып, дұрыс нұсқаны таңдай білуге үйренеді.
Сөйтіп, жас жеткіншек ұлттық сөздік қорымыздың байлығын сезінеді және ойлай білуіне де жол ашылады. Ал, «Оқушы күнделігі» оқушылардың ойларын тиянақты әрі жазбаша түрде жеткізе білуге үйретеді. Бұл жазбалар оқушылардың өз өнімдері болғандықтан, қазақ тілі пәнінен алған білімдерін де нақты іс жүзінде ширата түсуге көмек. Тағы бір маңыздылық – үлкен өмірде кездеспей қоймайтын жағдайларда өз ойларын қағазға дәйекті түрде жеткізе білуге дағдыландырады.
«Оқу сауаттылығы» да, «Оқушы күнделігі» де Блум таксономиясынан кейінгі орында берілді. Сондықтан бұлар мұғалімнің уақытты дұрыс пайдалана білуіне байланысты және қосымша тапсырма сұрайтын, жазуға құлшынысы бар оқушылардың талабы да ескеріледі. Авторлық құрам оқулықты ұйымдастыру жағынан ойлағанда, оқушылар меңгеруге тиісті қажетті материалды беруде ықшамдылық және қабылдауға жеңіл тілмен жазуды таңдады.
Оның себебі түсінікті: күрделі тілмен жазылған материалдар оқу сапасына кері әсер етеді, түсіну қиын болған себепті оқуға деген қызығушылық әлсірейді. 9–10-сынып оқушылары үшін әр көркем шығарманың дереккөзін сілтеме арқылы көрсету мақсатты түрде ойластырылды. Өздері оқитын әр туындының қай кітаптан алынғанынан хабардар етумен бірге ғылыми ақпараттарды беру үлгісі де таныс бола бастайды.
Ал, шығармадағы мағынасы түсініксіз сөздерді анықтама арқылы беруде екі түрді де қолдандық. 6 және 8-сынып оқушылары шығармадағы сөздердің мағынасын қолданылу ретіне қарай іздейтіні ескерілген. Ал, 9–10-сыныптар үшін сөздіктер әліпби бойынша берілді, бұл олардың болашақта түрлі салалық сөздіктермен жұмыс жасай білуіне үйретеді. Және адам аттары мен жер-су атаулары сөздіктің өзінде дара тұрады. Мұның бәрі оқушылардың ақпараттарды жүйелеу қажеттігін түйсінуіне ықпал жасайды.
Оқулықтарда теорияны тікелей беруден гөрі өңделген, қабылдауға оңтайлы жолмен жазылды. Сонымен бірге «Әдебиет теориясы» айдарымен берілетін анықтамаларда Ұлттық Ғылым академиясы академиктерінің пікірлерінен шағын үзінділер арнайы берілді. Бұл оқушыларға үлкен ғылымнан хабар беру мақсатын көздеуден туған. Осылайша жалпы білім мен ғылым оңтайлы сабақтастықта санаға қонымды болады.
Оқулық құрылымы жағынан алғанда, негізгі бөлік – бағдарлама бойынша оқытылатын шығарма, ал қалған бөліктер осы туындыны меңгертуге қызмет етуші қосымша құралдар. Осы мақсатта «Артық болмас білгенің», «Ойталқы», «Ғаламтор» айдарлары енгізілді. Бұл қосымшалар ұлттық рухани мұраларымыз музейдегі экспонат сияқты жансыз ақпарат ретінде қабылданбайтындай, яғни қазіргі заманның адамы үшін де маңызды қажеттілік екенін сезінетіндей талаппен ұйымдастырылды.
Ал, ғаламтор айдарымен оқушылардың заманауи жетістіктерді пайдалану қабілетін арттыру мақсатында тапсырмалар бере отырып, олардың бір-бірімен дұрыс қарым-қатынас орната білулеріне дағдыландырады. 9-сынып оқулығынан бастап шартты белгілерді ұлттық нақышқа көшірдік. Жаңартылған мазмұндағы бағдарлама Блум таксономиясы бойынша жасақталған, ал, ол білу, түсіну, қолдану, талдау, жинақтау, бағалау деген алты тармақтан тұрады. Сондықтан, әр тармақты бөлектеу үшін бірден бастап алтыға дейінгі асықтардың санымен белгіледік.
Шебер мұғалім осы асықтармен де сабақты жандандыра алады. Өйткені, біздің оқулықтағы асықтардың саны топтық жұмыстарда немесе сыныпта өзара білім жарыстарыңда ұпай жинауға көмектесіп, оқушылар арасында білім бәсекелестігін дамытуға құрал да болады. Қазақ әдебиеті – ұлттық мұраларымызды дүниежүзілік құндылықтар ауқымында бағалауға ықпал жасайтын рухани тәрбиенің қайнар көзі, білім нәрі. Дегенмен математика, химия, физика сияқты нақты ғылымдармен салыстырғанда, қоғамдық саладағы ғылымның жетістіктерін көру ұзақ жылдарды талап етеді.
Сондықтан, жақсы нәтижеге қол жеткізу мақсатында «Жазушы» баспасының оқулықтарымен дәріс беріп жүрген ардақты ұстаздарды бірлесе жұмыс жасауға шақырамын. Біріншіден, бұл кері байланыс орнату үшін маңызды және қазіргі заман жастары – мектеп оқушыларының көркем әдебиетті қабылдауы қалай, бағдарлама бойынша оқытылатын шығармаларды қаншалықты түсініп, сүйсініп оқиды, біз осыны анықтап отыруымыз керек. Әдебиетті сүйетін, ұлттық тілді құрмет тұтатын жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатында шағын топтар ұйымдастырып, бірлесе жұмыс жасауға да болады.
Риза ӘЛМҰХАНОВА,
филология ғылымдарының докторы