Қауіпті учаскелерде жұмыс күшейді
Махамбет ауданында қауіпті учаскелерді бекіту жұмыстары күшейіп, барлығы 52 адам, 7 техника жұмылдырылды. Бұл туралы аудан әкімдігі хабарлады.
Талдыкөл ауылында Жайық өзенінің бойындағы қауіпті учаскелерде судан қорғану дамбысын бекіту іс-әрекеттерінде жергілікті атқарушы органдардан, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен, полиция бөлімінен қызметкерлер мен еріктілер белсенді жұмыс жасауда.
–Талдыкөлде 4000 мың қапқа топырақ қапталып, жағаға қойылды. Дамбы қосымша бекітіп, нығайтылуда. Ауыл жағасын бекітуге резервтен 6 млн. теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу арқылы жеңімпаз болған кәсіпкер арқылы тиісті қызметтер жүргізілуде. Ұзындығы 1,2 шақырымды құрайтын жаға бекіту жұмыстары үздіксіз жалғаса береді, — дейді әкімдіктің ресми өкілдері.
Өз тілшіміз