Жарнама
Жаңалықтар

Қауіп қайдан демеңіз…

РАС, АВТОКӨЛІК АДАМЗАТ ҮШІН ҚОЛАЙЛЫ. ХАЛЫҚТЫҢ БАС-БАСЫНА КӨЛІК МІНІП ЖҮРГЕНІ ДЕ ЖАҚСЫ-АУ… АЛАЙДА, ОНЫҢ ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ НЕМҚҰРАЙЛЫ ҚАРАП, ҚАРАПАЙЫМ ЕРЕЖЕЛЕРДІ САҚТАМАУЫ САЛДАРЫНАН ҚАЙҒЫЛЫ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ ОРЫН АЛЫП ОТЫРҒАНЫ ЖАСЫРЫН ЕМЕС. ЖҮРГІЗУШІЛЕРДІҢ КӨБІ КӨЛІКТЕ ӨРТ СӨНДІРУ ҚҰРАЛДАРЫН АЛЫП ЖҮРМЕЙТІН ДЕ КӨРІНЕДІ. «КӨРІНЕДІ» ДЕЙМІЗ-АУ, ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАСҚАРМАСЫ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН АВТОКӨЛІКТЕГІ ӨРТ ОҚИҒАЛАРЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ МАҚСАТЫНДА ЖҮРГІЗГЕН ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ІС-ШАРА БАРЫСЫНДА ОҒАН КӨЗІМІЗ АНЫҚ ЖЕТТІ.

Рейд барысында журналистердің көзінше тоқтатқан алты автокөліктің үшеуінде өрт сөндіру құралы атымен болмай шықты. Шара кезінде аталған басқарманың инженерлік құрамы жүргізушілер арасында үгіт-насихат парақтарын, жадынамалар таратып, автокөліктердегі өрт қауіпсіздігі ережелері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Бүгінгі таңда адам қозғалысының ажырамас бір бөлігі, əрине көлік. Ол өте күрделі механизм, оны пайдалана білу керек жəне үнемі күтімді қажет етеді. Автокөліктің əртүрлі бөлшектерін жиі тексерістен өткізіп отырудан бөлек, көліктің өрт қауіпсіздігін де əрдайым бақылауда ұстау қажет. Қауіп қайдан демеңіз, көліктің кез-келген түріндегі өрт күтпеген жерден пайда болып, соңы қайғылы салдарға əкелуі əбден мүмкін.

Жасыратыны жоқ, өрт қауіпсіздігі ережесі бойынша əрбір автокөлікте өрт сөндіру құралдарының болуы тиіс екенін көлік иелері техникалық байқаудан өткізетін кезде ғана есіне алады. «Ауруын жасырған өледі» демекші, көлік жүргізушілердің ішінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау мəдениеті төмен жандар жиі кездеседі екен. Көлік жүргізгенімен, одан өрт шыққан кезде дүрбелеңге салынып, көп жағдайларда қандай əрекет жасарын білмей жататын көрінеді.

Мамандардың айтуынша , электр жабдықтарының бұзылуы, жанар-жағармай жүйесінің ақауы, салонда шылым шегу, сайып келгенде көлік иесінің машинадағы өрт қауіпсіздігіне салғырт қарауы көліктегі өрттің басты себебіне айналып отыр. Машинадағы электр жабдықтары, жанар-жағармай мен синтетикалық материалдар тез тұтанып, жылдам жанатыны белгілі. Соның нəтижесінде көлік санаулы минуттың ішінде от — жалынға айналып үлгереді. Өрттің алғашқы кезеңіндегі жүргізушінің əрекеті «темір атын» сақтап қалуға мүмкіндік береді.

– Көбіне өрт электр тогының қысқаша тұйықталуы себебінен шығуы да мүмкін. Көлік бөлшектерінің ысып кетуінен де өрттің пайда болу қаупі жоғары. Көліктегі өртті бірден байқауға болады . Жанармайдың иісі немесе кабинадан күйген резеңкенің иісі, алдыңғы қақпағы бөлігінен түтіннің шығуы – осының барлығы жану мен өрттің туындауының алғашқы белгілері. Əрбір көлік құралы көлемі кемінде 2 кг болатын өрт сөндіргішпен жабдықталуы тиіс. Автокөліктің тораптары мен механизмдерін жарамды күйде ұстау қажет, аккумуляторларды тікелей қайта зарядтауға жол бермеу маңызды. Сонымен қатар, қозғалтқыштарды ашық отпен (от, алау, үрлегіш шамдар) жылыту, жарықтандыру үшін ашық от көздерін пайдалануға мүлдем болмайды, — дейді төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Магомет Ахриев.
Айтпақшы, өрт шыққан жағдайда сабыр сақтау, қауіпсіздік ережелерін ұстанып, от жану көзін дереу жоюға əрекет ету, өрт болу жағдайы туралы дереу «112/101» телефондары арқылы өрт сөндіру бөлімдеріне хабарлау, сонымен қатар өрт сөндіргішті қолдана білу автокөліктің сақталып қалу мүмкіндігін туғызады. Тақырыпқа тұздық болсын, жыл басынан бері өңірде төтенше жағдайлар саны 15,1%-ға азайған. Қаза тапқандар саны да 25%-ға төмендеген.

Жылыту маусымы басталғаннан бері облыс аймағында аумағы 1 860 га құрайтын 5 орман өрті тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылы 28%- ға жоғары болған еді. Ал, автокөліктердегі өртке келсек, осы жылдың он айы ішінде облыста 71 көлік өрт оқиғасы орын алды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға аз. Өткен жылы мұндай 92 жағдай тіркелген болатын. Иə, көлік – тасымал құралы, діттеген жеріңізге жеткізеді. Оның үстіне, таксилетіп күн көріп, отбасын асырап жүргендер қаншама? Ал, қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамай, барынан айырылып бармақ тістегеннен, алдын алған жөн-ау…

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button