Қасиетті ҚАРА ШАҢЫРАҚ
Atr.kz/27 қазан, 2020 жыл. Жастығымның 36 жылын үзіп берген, ес кіргізген, есейдірген «Серперімде» 26 жыл бас редактор болсам, оның алдында газет тірлігінің барлық басқыштарынан өттім. Тамаша деп таң қалдырмай-ақ қояйын, таланыма тап келтірген ағаларыммен келісе де, кейде тоң-торыс үнсіздікте жүре оқырманға әлімізше сөз ұсындық.
Екі үй, бірі – редакция, екіншісі – баспахана, екі әлемдей көрініп, кейде мінез ү й л е с п е й ж ат с а д а амал жоқ, тірлігіміз үйлесіп, ортақ мүдде еріксіз тоқайластырады. Редакцияда 40 жыл бас редактордың орынбасары, әрі партком хатшысы болған Қисым Ғұмаров аға жайсаң жанды, қыздай сызылып тұратын, әр сөзіне ұқыппен қарайтын кемел сырбаздықтың иесі еді. Редакторы Тұрекеңнің артындағы жинақшы, орынбасары міндетіне шаң қондырмаған арлы азамат, өз жазу стилі (машығы) қалыптасқан бесаспап журналист.
Құрыш Елемесов аға – облыстағы әріптестері арасынан өзін ерекше даралаған журналист. Газеттің ауыл шаруашылығы бөлімін ұзақ жылдар басқарған, жүктің ауыр басын мойымай көтерген редакцияның «қара нары». Жазып үлгермесе, машинканың алдына отыра қалып, ауызша (диктовка) айтатын. Сонда жазғандары жылмиып, жұлқынып тұратын. Көп сөйлемейтін, жинақы, материалында бірде-бір жаңсақтыққа жол бермейтін өте ұқыпты, өзінің жазу үлгісін қалыптастырған, бір басына ақындығы да жететін журналистиканың үлгісі деуге келетін азамат ретінде өзін көрсетіп кетті.
Сәбит Қасымов аға да – «оқымағанның пәлесі». Бөлім меңгерушісі, жауапты хатшылық жолдардан өтті. Газет тірлігінің барлық құпияларын меңгерді. Үлкен принциптің және кісіліктің мұқалмас шынары ретінде есте қалды. Соның арқасында ауданда алғаш ашылған «Дидар» телехабар тарату орталығын, шағын баспахананы, аудандық баспахананы, аудандық мұрағатты басқарды. Сәкеңнің де жазу түрі тек өзіне ғана тән болып келетін. Қаршадайдан қиындықты көп көріп анасына қанат болып байланған Сәкең өмір жайлы ой-толғамдарды тереңнен суыртпақтап тартатын. Биліктен қорықпай-үрікпей сын садағын созып-созып қоюдан жалыққан емес. Жұбайы Химия Қабдолқызы – осы редакцияның айдамал қызмет істеген бүкіл қаламгерлеріне ана болған адам. Өздерінде үй толы отбасы болуына қарамастан, Сәбит аға баршамызды көзімізден тізіп түстікке апарудан бір жаңылған емес. Құдай пейілдеріне берді, іргесіне ат байланған қара шаңырақ қазақ жұртына танымал болды. Сәрсенбай ініміз бастаған ұлдар бір-бір жұлдызға айналып, ел-жұртқа нұрын тамызып келеді, ұзағынан болғай еді!
А м а н т а й Жа м а л и д д е н о в а ғ а ешқайсымызға ұқсамаған, бәрімізден биік жауапты хатшы болды. Ақындығымен өзін жастай даралады. Радио бөлімін әйдік басқарды. Жазғандары мірдің оғындай, самауырдың қызыл шоғындай от қызулы. Алматы жоғары партия мектебін бітірген соң тағдыры Маңғыстау өңіріне байланды. Ералиев аудандық «Түлеген түбек» газетінде біраз жылдар редактор болды, одан әрі облыстық мәслихатта және басқа лауазымды органдарда жауапты қызметтерде еңбек етіп, елге танылды.
Егер менің бойымда ақындық қасиет бар дегенге келіссеңіз, жәудіркөз балалық шақтан осы ағамның аудандық газетке шыққан өлеңдеріне еліктегенім.
Жұмақай Ғұмаровты да теміржол саласында істеп жүргенінде «Ленин жолына» алып келген – қоймай жазған құштарлығы. Тіреп тұрған аспаны оның да жоқ.
Бұл мен кеңес Армиясынан оралған 1974 жылы-ау деймін, Жұмекең аудандық газетке жұмысқа орналасты. Қаламынан басқа сенері жоқ сабазың бұрқырата жазды.
Оңға-солға қарауға шама жоқ, жазды-жазды, осы газеттің отымен кірді, күлімен шықты. Он жыл шамасы уақыт оның «Ж.Ғұмаров» деген есімі, не «Ж.Мұғалов» деген бүркеншек аты әр нөмір сайын екіден, үштен мақалаларының астында тұрды.
Сәтті суреттеме, сапалы очерктер, мақала, корреспонденцияларың деген төгіліп жатты.
Біздің газеттің серісі де перісі – дауылдатып келіп жүретін фототілші Қыдырсиық Құсайынов. Не десек те, жалғыз фототілші, ойына келгенін істеп, жаһанды жалпағынан басып жүрді. Осындай ұстаздардың қамқорлығын көрген біздің бас.
Қ ы д ы р с и ы қ Қ ұ с а й ы н о в Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында қаламды қамшыға айырбастап, «Коммунизм жолы» кеңшарынан бір отар қой алып, ата кәсіппен айналысып кетті біржола. Қара қойдың арқасында балаларын оқытты-тоқытты, келін түсірді, қыз ұзатты. Қазіргі шақта қамсыз қариялық дәуренді бастан кешіруде. Бір құдадан соң екінші құдасына қонақтайды. Үй тірлігі, немере-жиендер қамы толығымен Галя жеңгейдің тізгінінде.
Корректор – газеттің жаны десе де болды. Ол жылдары бұл міндетті Қисым ағамыздың немере інісі Сәбит Есенғұлов аға мігірсіз атқарып келді. Сирек ашылатын, томаға-тұйық жан еді, жарықтық. Есесіне қате түгілі, үтірден жаза баспайтын. Ертеңнен кешке дейін газет беттерін сан қайталап оқып келіп отыратын. Ойын бұзсаң, ренжігенін қияс мінезімен білдіретін.
Сақыпжамал Сидеғалиева апай т азалықшы, әрі от жағушы, бір жағынан кассир. Ай сайын агробанктен ақшамызды әкелген күні бір үлкен іс тындырғандай мардымсып жүретін өзінше. Таңғы бес-алтыларда жұлдыздар жарығымен келіп төрт пештің күлін алып, от жағады. Еденді жуады. Редактордың графинін суға толдырады. Таңертең автобуспен Нұржаудан ерте келетіннің бірі – мен. Іш жып-жылы, сәл-пәл қалам ұстамай, маужырап отырғаның. Бірақ, сағат 11-лерде пеш әбден қызып бірімізді бозартады, екіншімізді қызартады. Құрыш ағай бастап: «Ай, Сәке, не істегенің бұ құрғырды, аздап жағуға болмай ма?» деп күңкілдей бастайды. Кім не десе де Сақып апайда бір жауап: езуін екі жаққа керген әдемі жымиысы. Ешкімге қарсы келмей, бәрімізді сол әдемі жымиысымен өмір бойы жеңіп өткен екен, ол жарықтық!
Дәулет Дәулекенов деген бас есепшіміз Аллаға шүкір, әлі де аман- саулықта, тоқсанды кеңірдектегелі жүр. Өте қарапайым, жаны ізгілікке толы, жүзі қоңыр, жүрегі ақ, тілегі түзу үлкеніміз. Үлкен де, кіші де оған баладай еркелесе, ол көтеретін. Көз ауруы асқынып, жұмысынан ертерек кеткеніне жағалай өкінсек, қимағанымыз. Орнын жаңадан келгендердің ешқайсысы ауыстыра алмай, ұзақ жылдар үңірейіп тұрды. Кейде көңілін тапқан редактордың өзі оны «Дәукең Дәулекенович» деп еркелетіп қоятын. Өзінің міндетін мүлтіксіз атқарған ол кейінгілерге үлгі болды. Аман жүр, ағеділ. Ол күндер енді қайыра келмес бізге, бір-бірімізге алыстан тілеулестіктен жазбайық.
Бұл шағын естелігімде азын- аулақ мерзім газеттің радио бөлімін басқарған, бала күнгі досым, қазақтың белгілі жазушы-драматургі, дабысы әлемді шарлаған марқұм Рахымжан Отарбаев туралы, немесе Еділ-Жайық бойын түгел шарлаған өмір бойы «Атырау» газетінің меншікті тілшісі болған журналист-жазушы, марқұм Рахмет Иманғалиұлы, күллі қазаққа есімі танымал болған әріптесіміз Мақсот Жолжанов жайында жазбай, оқырмандар олар туралы қажетті деректерін тауып алады ғой деген ниетте, әрі газет мүмкіндігін ескеріп, сырторай кеттім.
Газетте ол жылдары материалдар қолмен жазылып, машинкаға басылатын. Үлкен жиналыстарды, партияның пленумдарын, кеңес сессияларын кезекті нөмірге үлгерту үшін, бірден ауызша (диктовка) айтып отыратынбыз. Сонда Химия Қабдолова апай, Нысан Бекжанова қарындас қалмай ілесіп, әп-сәтте газеттің қос бетін, жиырма беттей материалды бір-ер сағатта дайындап үлгереміз. Машинка басқанда қолдарына-қолдары жұқпайтын оларға да құрметіміз ерекше. Бізге дейін бұл міндетті Шәрипа апай, Бақыт Бекжанова және басқалары мінсіз атқарған деп естимін.
1988 жыл, ұмытпасам. Обкомның ұйғарымына сай, Тұрар ағай орынбасарлыққа ауысып, редактор болып бізден бірер жас үлкендігі бар тәжірибелі журналист Төлеген Берішбаев редактор болып келді. Төкеңмен бірге Балықшы аудандық газеті жабылып, онда азын-аулақ жылдар істеген жерлесіміз Нұрым Ерғалиев те ілесе келді. Бұған дейін университет қабырғасынан осы күнгі ақынжанды азамат Ғаллам Дәнкеновтың зайыбы Гүлмайда Жұбанова келген болатын. Редакция жасара түсті. Шабыт та, басқасы да бірге шалқыды. Төкең- Төлегенмен ағалы-інілідей сыйластық. Газет өміріне өз жаңалығын енгізді. Ақкөңіл, ақжарқын, лап етіп тез тұтанғанымен, жаймашуақ көктем қалыпқа түсуі одан да тез. Бес жылдай сыйластықпен жұмыс жасап, 1993 жылы Атырау телерадио кешеніне төрағалыққа ауысты. Газеттің «Кеңес үнінен» «Серперге» ауысуы Төкеңнің тұсында.
Фототілші Сағынтай Қуанышбаев ініміз ағып тұрған асаба, әнші, жолдастыққа таптырмайтын азамат- т ұ ғ ы н . А ма н т а й Жа ма л и д д е н о в ағамыздың туған інісі, Рахмет Иманғалиевтей жазғыштың туған жиені болса, ол кереметтей фототілші болмағанда, кім болар еді? Әттең, өмірден ерте үзіліп кетті.
Тоқсан жасына толып отырған біздің «Серпер» – қасиетті қара шаңырақ. Мұнда абыз Әбу, Жұмекен, Зейнолла Серікқалиев сынды қазақ әдебиетінің біртуар тұлғалары елге келгенде бас сұғып, үлкен-кішімен шүйіркелесуді өздеріне биік парыз санаған. Меңдекеш Сатыбалдиевтей жұлдызды ақынның жұмыс жасаған, қайталанбас поэзиясының бастауы болған редакция. Әлем алқалаған Рахымжанды әдеби ортаға асықтырған газет.
Газет оқырманымен бақытты болса, облыс, республика көлеміндегі әріптестер көшін бастап, алты мыңнан аса құтты шаңыраққа берер жаңалығымен, айтар ойымен асыға жетуде. «Серпер» Құрманғазы ауданының ар жалауы, өткеннің шежіресі, бүгіннің ұранды үні ретінде бұқарамен біте қайнасып, бірегей міндеттерді бірлесе шешуде ізденісті жолын сеніммен жалғастыра бермек.
Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ,
ақын, ҚР-ның Құрметті журналисі
- «Серпер» Құрманғазы ауданының ар жалауы, өткеннің шежіресі, бүгіннің ұранды үні ретінде бұқарамен біте қайнасып, бірегей міндеттерді бірлесе шешуде ізденісті жолын сеніммен жалғастыра бермек.