Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeЭкономика

ҚАРЫЗ КҮЛІП КЕЛІП…

Atr.kz/25 тамыз, 2020 жыл. «Қарыз күліп келіп, жылап қайтады» демекші, бүгінгі таңда несие өтеуден бұрын оны алу оңайырақ. Тіпті, қарыз беру шарттарының жеңілдегені соншалық, кейбір банктерге бармай-ақ, ұялы телефон арқылы қажетті сомаңызға қол жеткізе аласыз. Десек те, ақшаны бірнеше пайызбен кері қайтару, яғни өтеу, дәл бұлай жеңіл болмай тұр. Әсіресе, қазіргідей жұмыстан қысқарып қалған немесе тұрақты табыс көзінен айырылған кез жұртшылыққа қиын тиюде. Рас, екінші деңгейлі банктердің басым бөлігі тұрғындардың өтініші бойынша несиесін кейінге шегеріп жатыр. Бірақ, мүлде табыссыз қалғандарға бұл талғажау бола ма? Несиелік амнистия не үшін қажет?

Нарықтық экономиканың тиімді тетігі

Шын мәнінде, саналы адам несиені еріккеннен алмайды. Бірі «темір тұлпарын» жаңартқысы келеді, енді бірі өз пәтеріне қол жеткізуді армандайды, тағы бірі кәсібін кеңейтуді ойлайды. Ал, айлығы шайлығына ғана жететін, бір ғана жалақысына күн көріп отырған отбасылар бірнеше миллион теңгенің көлігін бірден сатып ала алмайтыны белгілі. Сондықтан, көпшілік амалсыздан банкке жүгінеді. Тіпті, несие арқылы жұрт үйін жөндеп, тұрмыстық техникаларына қол жеткізді. Нақтырақ айтсақ, нарықтық экономиканың белгілі бөлігі болып табылатын қызметтің тиімді тұсын ел көрді. Бірнеше жылға алған қарызды қайтаруға да дағдыланды. Алған ақшасын кері қайтара алмай жүрген борышкерлермен коллекторлар жұмыс істейтін болды. Иә, бұрын атынан үркитін несие осылайша тірліктегі қалыпты жағдайға айналды. Елдің де еңсесі біраз көтеріліп қалған еді.

Өкінішке қарай, әлемді жайлаған қауіпті індет біздің мемлекетті де айналып өтпеді. Инфекция таралу қаупін азайту үшін көптеген мекемелер қызметін тоқтатты. Онда өндіріс немесе қызмет көрсету азайғаннан кейін жұмысшылар жұмыстан уақытша босады. Ал, бір қызметкер – тұтастай отбасының асыраушысы, банкте қарызы болса, несиесін өтеуші. Демек, тұрақты түрде қарызын өтеп отырған тұтынушы енді қалай несие төлейді? Міне, қазақстандықтардың басым бөлігі дәл қазір осындай жағдайды бастан кешіріп жүр десек қателеспейміз.

Несиені кейінге шегеру – көпке көмек

Елімізде төтенше жағдай жарияланған кезде екінші деңгейлі бан-ктер жеке тұлғалардың несиесін кейінге шегерді. Бұл науқан ақысыз еңбек дема-лысына кеткендерге, уақытша жұмыссыз қалғандарға қиын шақта айтарлықтай қолдау болды.

– Тұтыну мақсатында алған бір банкте екі несием бар еді. Жұмыс тоқтағаннан кейін бізді де ақысыз демалысқа жіберді. Несін жасырайық, отбасымызбен біраз қиналып қалдық. Әсіресе, несие төлеуді уайымдап жүр едім. Себебі, уақытында төлемесең,банк үстемеақы қосады. Ұзақ уақытқа кешіктірсем, «қара тізімге» қосады. Оған тап болсаңыз, кейін басқа банктерден несие бермей қалады. Сосын сайт арқылы несиені кейінге шегеруге онлайн тапсырыс жібердім. Менің арызым қанағаттандырылды. Екі айда бұл маған кәдімгідей көмек болды. Енді жұмысқа қайта оралдым. Банктегі қарызымды жалғастырып төлеп жатырмын. Қазір несиесіз адам аз шығар. Оны алмасаң тағы болмайды. Бүгінде бір бөлмелі пәтердің құны 8-10 миллион теңгенің шамасында. Үй жалдап жүрсең, мұндай ақшаны жинай алмайсың ғой. Айналып келгенде, ипотекалық несие алуға мәжбүр боласың, — дейді қала тұрғыны Гүлайна Иманәлиева.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Нұрбол Құрманның айтуынша, төтенше жағдай кезінде несиені кейінге шегеру бойынша арыз тек сайт арқылы қабылданған. Яғни, табыссыз қалғандығы расталмаса да, тұрғындардың несиесі кейінге шегерілді. Бұл жұмыс 15маусымда аяқталды.

– Банк өз портфелінің қалыпты болғанын қалайды. Несиеге берілген қаржының пайызымен күн көреді. Сондықтан, қаржы ұйымы да халықтың пікіріне объективті түрде қарауға, түсіністік танытуға ұмтылады. Осы орайда, біздің банк және басқа да кейбір қаржы ұйымдары несие өтеуші клиент жұмыстан қысқарып қалған кезде, табыссыз қалған жағдайда растайтын құжаттар арқылы несиені шегеріп жатырмыз. Қиын кезеңде тұтынушыны сотқа бергеннен гөрі, әзірге осындай көмек көрсетілуде. Жалпы, «банк – ел айнасы» демекші, елде қиындық болса ол бізге де әсер етеді, — деген Нұрбол Оразбайұлы карантин кезінде банк тарапынан несие беру, депозит ашу немесе оны толықтыру азаймағанын жеткізді.

– Мамыр айынан бастап банк клиенттерді қабылдай бастады. Яғни, қаржы ұйымы қалыпты жұмысына көшті. Негізі, қазіргідей жағдайда баспаналы болудың маңыздылығы арта түсуде. Өйткені, бұрынғыдай халықта артық шығын болмағандықтан, жұрт пәтер алуға белсендірек жұмыстанып, көбірек қаражат салып жатыр. Айталық, бірі жаңа үй алуды армандаса, енді бірі бір бөлмелі пәтерін екі немесе үш бөлмеге ауыстырып, кеңейтпекші. Нарықтың 65-70 пайызы бақылауда. Сол себепті, бүгінгі тенденция – баспана болып қала бермек, — дейді әңгімелесушіміз.

Қарыз кешіріле ме?

Бұған дейін тұрақты жұмысы болған жандармен қатар, атаулы әлеуметтік көмекпен немесе жәрдемақымен ғанакүнелтіп отырған осал топтар бар. Жалдамалы жұмысшы болып бірде табыс тауып, келесі күні жұмыссыз отырғандар да аз емес. Олардың да қажеттіліктеріне қарай алған несиесі бар. Оның үстіне, қазіргі қымбатшылыққа байланысты жағдайлары тіптен қиындай түскені анық.

Бұл ретте, өткен жылы ҚР Президентінің азаматтардың борыш жүктемесін азайту туралы Жарлығы шыққан болатын. Осы Жарлық негізінде 500 мыңнан астам азаматтың 300 мың теңгеге дейінгі несиесі кешірілді. Содан соң алдыңғы акция кезінде кейбір азаматтардың құжаттары дерек қорында болмағандықтан, жеңілдікке ілінбей қалғанын айтып, қосымша 57 мыңға жуық адамның несиесі кешірілетіні айтылды. Сөз жоқ, бұл мыңдаған қазақстандықтың әлеуетін түзеуге оң септігін тигізді.

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде несиені кешіру туралы бастама көтерілуде. Бұл жайында халық арасында шындыққа жанаспайтын жалған ақпараттар да тарап жатыр. Алайда, қаржыгерлер қазіргі таңда қазынада артық ақша жоқ болғандықтан, бастаманы жүзеге асыру мүмкін емес дейді. Сондай-ақ, бүгінде бюджет тапшылығы байқала бастады.

Оның үстіне, кейбір қазақстандық аздаған несиесі барларды ғана кешіріп, миллиондаған қарызы барларды «өз күніңді өзің көр» деп қалдыру әділетсіздік болатынын жасырмай айтуда. Медальдің екі жағы болатыны секілді, осы жағын да ескеру керекболып тұр.

Р.S: Жуырда елімізде шектеу шараларының ұзартылуына байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қызметі шектеулі, тыйым салынған немесе карантиндік шараларды енгізу нәтижесінде тоқтатылған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдаудың қосымша шараларын бекітті. Яғни, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін банктік қарыз және микрокредит шарттары бойынша 3 тамыздан 1 қазанға дейін 60 күнге кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі. Кредиттік ұйым шешімді қарыз алушының өтініші негізінде және қарыз алушының қаржылық жай-күйінің нашарлауын растайтын құжаттарды беруін талап етпей қабылдайды.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button