Жарнама
ЖаңалықтарМәдениетҚоғам

«Қартайсаң да театрдан үйрене бересің»

Atr.kz/1 қараша, 2019 жыл. Кезекті сырлы сұхбат иесі – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино өнері Омар ҚИҚЫМ.

– Өмір мен өнеріңізде нендей жаңалықтар бар? Сізге жаңа рөлдерді сомдау туралы ұсыныс болды ма?

– Бұйырған ұсыныстар түсуде. Сериалдарға шақыртулар да аз емес. Мемлекеттік тапсырмамен «Қазақфильм» студиясы жаңа тарихи жобаның тұсауын кеспек. Көрермен сол фильмнің бір кейіпкері ретінде көре алады. Нұрқанат Жақыпбай да театрда тыңнан түрен салуда. Қобыландыны жаңа сипаттағы қойылыммен танытпақ. Театрдағы бір жаңа спектакльдің жақсы рөлі бұйырмақ.

– Ұсынылған рөлге қаншалықты талғаммен қарап, таңдау жасайсыз?

– Әрине, кез келген образды сомдап шығу – актерге артылатын күрделі де жауапты міндет. Режиссерлер актерге рөл бергенде шама-шарқы мен түр-тұлғасына қарайды ғой. Маған да өзіме сай, жаныма жақын рөлдер ұсынылады. Десек те, сценариймен жақсылап танысып шығып, ұнамайтындай әсер алсам, рөлден бас тартатын кездерім де бар.

– Ең сәтті сомдаған рөліңіз туралы не айтар едіңіз?

– Елге ерекше ұнаған, есімімді де талайға танытқан «Сырғалым» атты телехикаядағы Жантөрені айрықша айтар едім. Образын алып шығуда оң жамбасқа келген рөлім осы болды. Тіпті, көшеде көрген адамдар менімен Жантөре деп амандасып, жақын тартып жатады. Сол сериал кезінде ұлдарына Жантөре есімін бергендердің көбейгені де көңілге қуаныш ұялатады. Актер үшін бұл үлкен мәртебе, бақыт емес пе?! «Құнанбай» фильмін түсіруге Семейдің Абай ауданына барғанымда маған бір ақсақалдар жолығып, немересіне менің атымды бергенін айтты. Қуанып, «Омар деп қойдыңыздар
ма?» десем», «жо-жоқ, Жантөре деп сіздің есіміңізді қойдық» дейді.

– Ал, сәтсіз сомдалған рөліңіз болып па еді?

– Жалпы, актер үшін әрбір ойнаған рөлі өзегін жарып шыққан өз баласындай. Кім баласын жаман десін?! Жеткізіп ойнай алмаған жерлерім болар, бірақ, жек көретіндей рөлім жоқ. Бәрін жақсы көремін, мен үшін бәрі қымбат.

– Актерлердің ағасына айналған шақтасыз. Өзіңіз кімдерді аға тұттыңыз?

– Мен бақытты өнер иесімін. Алдымда арқасүйер аға буынның бірегей өкілдері болды. Кинодан көріп, еліктеген Нұрмұхан Жантөриннің жанында жүріп, бір сахнада өнер көрсету – өмірдің тамаша тартуы. Жалпы, маған қатты әсер еткен «Қыз Жібек» фильмі. Төлеген мен Бекежанның тұлғасы біз үшін қол жетпес биік болатын.

Кейіннен Асанәлідей абыздың ағалығын көріп, арқамнан қаққанда арманымның орындалғаны осы болар дедім. Әйгілі Әнуар Молдабековпен де өнер көшінде қатар жүруім Тәңірдің теңдессіз тартуы іспетті. Аға тұтатын асқарларымның барына мың шүкір. Соларды көшіміздің қара нарына балап, соңына соқпақ салып жүргенім үшін бақыттымын.

– Өміріңізде өкінішті сәттер болды ма?

– Әрине, пенде болғасын өкінген сәттер де болды. Бірақ, мен сол жайлы айтуды құп көрмеймін. Қайта жақсы дүниелерді көбірек айтуды көңілім қош көреді де тұрады. Өнер жолында алып ағалар мен абыз ақсақалдардың жанында жүріп, алтыннан артық айтқан ғибратты сөздерін жазып алмағаным бармақ шайнатады.

– Балалық шақтағы армандарыңыз орындалды ма? – Мен Алатау бауырында, Хан Тәңірі көзбен көрінген Кегеннің ұлымын. Ауылға үнемі гастрольмен көрші Қырғызстанның, өз еліміздің театрлары жиі келетін. Олардың қойылымын көру біз үшін үлкен мереке-тұғын. Сол кезден бастап, жаным сол бір өнерге жақын екенін сездім. Бала күнімде соларға еліктеп, тақылдап тақпақ айттық, сықақ та оқыдық. Бала арманым болашақ белесімнің бастапқы баспалдағы екенін бүгін білгендеймін.

– Егіздің сыңары екенсіз…

– Иә, Омар мен Оспан атты екеу едік…Сыңарым сегіз айдан соң шетінеп кетіпті. Екеудің еншісі болған сүтті жалғыз емгесін, балпанақтай бала болып өсіппін.

– Балаларыңыз жолыңызды қуды ма?

– Екі ұлым бар еді. Тұңғышым – «Заман-ай» фильміндегі басты рөлді сомдаған бала. Жолымды жалғарына сенген құлынымды он бес жасында қара жер қойнына тапсырдым. Ал, екінші ұлым – құқық қорғау саласының қызметкері.

– Қазіргі қазақ киносына көңіліңіз толады ма?

– Өзім сол салада жүргесін, су ішкен құдығыма түкірмеймін ғой. Жаныңды жадыратар жақсы дүниелер бар. Қазақ киносы өсу үстінде. Саны артқасын, сапасы да жақсарады деп ойлаймын. Бірақ, сапасыз он кино түсіргенше, сапалы бір-екі кино түсіру керек. Ең өкініштісі, кинода көшеден келе салғандар жүреді. Мамандар жоқ. Кәсіби актерлер емес, не айтып тұрғанын өзі ұқпайтындар да кездеседі.

Жалпы, кино жай ғана өнер емес, бір ұлттың бейнесін қалыптастыратын бірегей дүние. Көк жәшіктен кәрістердің кішіпейілділігіне, үнділердің адал махаббатына таңданып жүреміз. Ал, қазақта тағылымға толы қасиет жетіп артылады. Киноға салтдәстүріміздің детальдарын енгізсек, қандай керемет! Қазақ киносынан қазақтың иісі шығып тұруы қажет.

– Сіздің жаныңызға жақыны кино ма, театр ма?

– Бөле алмаймын. Екеуі қос қанатымдай. Бірақ, театр – үлкен мектеп. Қартайып қария болсаң да театрдан үйрене бересің. – Өзіңізді сипаттап беріңізші. – Ақылынан аңқаулығы басым, еңбекқорлығынан жалқаулығы басым, біреуге жақсылығы тимесе де, жамандық жасамайтын Жаратқанның бір пендесімін.

Сұхбаттасқан:

Асланбек ШЫҒЫРОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button