Қарапайым тұрғындар әскери киімді қандай жағдайда кие алады?
Қазақстанның қорғаныс министрлігі әскери салаға қатысы жоқ адамдарға камуфляж киюге қандай жағдайда тыйым салынатынын және форманы заңсыз кигені үшін айыппұл төлемеу үшін нені білу керектігін кеңірек айтып берді.
«Айырым белгілері (шеврон, погон, Қарулы Күштерге, өзге әскерлерге және әскери құрамаларға тиесілі екенін білдіретін басқа да жолақтар) бар әскери киімді оған қатысы жоқ адамдарға киюге тыйым салынады. Айырым белгілері жоқ камуфляж костюмдерінің өзі әскери киім болып саналмайды. Олар базарлар мен дүкендерде сатылады, қарапайым адамдарға киюге тыйым салынбаған», — деп хабарлады Қазақстан қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
«Қазақстан Республикасының Қарулы күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары әскери қызметшілерінің әскери киім нысаны және айырым белгілері туралы» Қазақстан президентінің 2011 жылғы 25 тамыздағы №144 жарлығы бар. Онда әскери форманың анықтамасы нақты көрсетілген: «Әскери киім нысаны – Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген погондары бар нысанды киім (киім-кешек)».
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 675-бабында айырым белгілері және (немесе) әскери форманың нышаны бар киімді заңсыз киіп жүру (пайдалану) жеке тұлғалар үшін бес АЕК – 13 890 теңге (шамамен 32 доллар) мөлшерінде айыппұл салуға, айырым белгілері және (немесе) әскери форманың нышаны бар әскери киімді тәркілеуге әкеп соқтыратыны айтылған.
Қорғаныс министрлігі бұл норманы Атырау облысында ішкі істер органдары мен әскери полиция қызметкерлерінің бірлескен рейдтерінің бірінде әскери полицияның өкілі камуфляж формасын киюге тыйым салынған деп мәлімдеуіне байланысты түсіндірді.